Иіскейін тек қана, тиіспейін
Жақсы адам хош иісті гүл сияқты. Хош иісінен бөліп бере алмаса да, оның біразы сізге де жұғады. Жаныңызда қандай адам жүр? Оны тереңірек білгіңіз келсе, бір реттік жасаған деміңіз жеткілікті. Өзім әтірге аса қызықпасам да, иісі бұрқырап жүретіндерге қызығып, иіссу психологиясын қазбалаған едім. Сонымен...

1. Шығыс иісі. Нәзік те жеңіл иісті шығыс әтірлерін ұнататын әйел өзі таңдаған ер азаматтың өмірін жарқын түстерге толтыруға құштар. Алайда, бұл құштарлық ер адамның тұрақтылығы пен еркіндігін сыйлайтын қаржылық тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейді. Мұндай әйелдер қызба, албырт әрекеттерге бейім. Басқа түскен істі жан-жақты талқылап, жеті рет өлшеп бір рет кесуге дайын тұрып, табан астында келген ашудан күрт өзгеруі ғажап емес. Олардың түйсігі жақсы дамығанмен, ішкі жан дүниесінің не дейтініне құлақ аса бермейді. Мырзасының айтқаны жақпай қалған кезде, ішкі дауысының иірімдерін емін-еркін «қара тізімге» енгізіп жібереді. Бұл арулар жалғыздықты, оқшау қалуды ұнатпайды. Сыр сандығында сақтаған құпияларын сеніп табыстай алатын достарының ортасында өзін сөзсіз бақытты сезінеді.
Шығыс жұпарлары: Belle d'Opium, Yves Saint Laurent; Dior Addict, Dior; Vanille Ambre, Comptoir Sud Pacifique; Shalimar, Guerlain; Amarige, Givenchy.
2. Гүл жұпары. Өне бойынан гүлдің хош иісі аңқып тұратын ханымдар бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді және оны өзіне борыш санайды. Мәселен, қызықсыз болса да, кітаптың соңғы бетіне дейін оқиды және сұрықсыз кино үшін залдан шығып кететіндердің қатарынан емес. Ісінің соңына нүкте қоймайынша ішкі әлемі тыным таппайды.
Гүлді әтірге ынтық қыздардың жаны тым нәзік және уайымшыл. Сондықтан, олар барлығын алдын ала жоспарлағанды ұнатады. Осылайша, өзінің және өзіне жақын жандардың өміріне мүлтіксіз бақылау орнатады.
Гүлді жұпарлар: J'Adore, Dior; Beautiful, Estee Lauder; Bulgari pour Femme, Bulgari; L'Air du Temps, Nina Ricci; Chanel №5, Chanel; Light Blue, Dolce & Gabbana.

3. Балғындық. Балғын жұпарды таңдайтын көріктілердің дені өмірге сеніммен қарайтын жандар, яғни, оптимистер. Олар өз ортасына қуаныш сыйлап жүреді. Дегенмен, балауса иіске айтарлықтай құштар емес болса да, оны себетіндер баршылық. Олар осы парфюм арқылы өз өміріне жетіспейтін оң өзгерістерді алып келуге талпынады. Теңіздің балғын хош исін таңдайтындардың ұйымдастырушылық қарымы жоғары. Олардың арасында он еркектің жүгін өзі арқалай алатын еңбекқорлар жетеді. Сабырлылығы мен ептілігінің арқасында кез келген жанмен тіл табыса алады. Айналасын өзіне үйіріп алатын қасиетке ие.
Балғын жұпарлар: Happy, Clinique; L'Eau d'Issey, Issey Miyake; L'Eau par Kenzo, Kenzo; Cool Water, Davidoff; Women, DKNY.
4. Арша жұпар. Ағаштың ылғалды, аршаның дымқыл иісіне құмарлар менмен, өзімшіл келеді. Көпшілікпен тез сіңісіп кетпейді. Өздерінің паң мінезімен жұрт көзінің жауын алады. Қараған сайын өзіне баурап алатын, магнитше тартатын дарыны бар. Мұндай сұлулардың ішкі әлемі тыныштық пен сенімділікке толы. Сонымен қатар, қатпар–қатпар құпияның қазынасы. Олар болашақ жарын жүрегіне емес, қалтасына қарап таңдауы мүмкін. Алайда, бұл аруды құшқан ер азамат оның ертең не істеп, не қоярын біле алмай дал болумен басы қатады.
Арша жұпарлар: Wood Wood, Comme des Garcons; Dry Woods, Jo Malone; Feminite du Bois, Shiseido; Premier Figuier, L'Artisan Parfumeur; Vetiver, Etro.
5. Жұмсақ иіс. Жібектей есілген жұмсақ иісті жұпарларға әуестердің болмысы нәзік, биязы, ерке де талғампаз. Жұмсақ иісті үнемі пайдаланатын жанды кезіктірсеңіз, оның әдепті әрі епті ару екеніне күмәнданбауға болады. Олар дауыстарын көтермей-ақ, ұрыс керіссіз өз мақсаттарына жетеді. Онымен жақын араласқан сайын, сан қырынан тани түсесіз. Мұндай жандарды толық білемін деп айту тым қиын. Сыр сандығын бірден ақтара салатындардың қатарынан емес. Табиғатының нәзіктігіне қарамай, психологиялық тұрғыдан кез келген жағдайға төтеп бере алады.
Жұмсақ жұпарлар: Love, Chloe; Noa, Cacharel; Iris Poudre, Frederic Malle; Hiris, Hermes; FlowerbyKenzo, Kenzo.

6. Жидекті жұпар. Жидек иісіне ынтызарлар тағдырмен ойнанауға жаны құмар. Ер адамдарға еркелеуге, назданғануға, қылымсуға бейім. Наздану – олардың жаратылысына тән. Мұндай бикештер кез келген ортада, кез келген істе өздерінің нәзік жанды екендерін еске түсіріп отырады. Олар қызба да албырт, барлығын өз қалауымен жасағанда ғана жаны жай табады. Өзіне қатысты емес мәселе туындаса, теріс айналып жүре береді. Бейбақтармен сөйлесуге де ерінеді. Тылсым күшке деген сенімі тым жоғары.
Жидекті жұпарлар: Be Delicious, DKNY; Hippy Fizz, Moschino; Sunset Heat, Escada; Mango Manga, Montale; Mure & Musc Extreme, L'Artisan Parfumeur.

7. Шипр. Шипр әтірлеріне ынтық әйелдер адамгершілікті алғашқы орынға қояды. Бұл типтегі әйелдерге ең күрделі филосфиялық сұрақтарды қойып, тұйыққа тіреу қиын. Тегеурінді жандар таңдайтын шипр әтірлері қандай? Бал мен саз араластырылған ыдыста бергамот, мүк, лавр, даршын өсімдіктерінен алынған жұпарлар теңіз жағалауындағы елде даңқты болған. Сондай-ақ, шипр әтірінің иесі өткен іске өкінбейді, ертеңіне сеніп, бүгініне шүкіршілік етеді. Жүрегінің ең түкпірінде сәттілікке сенеді. Алайда, әуелі өз күшіне иек артады. Олар – жігерлі, табанды жандар. Аса мықтылығы оның айналасындағыларға жеңіл тимейді.
Шипр жұпарлары: Gucci by Gucci; Miss Dior Cherie; Chypre Rouge, Serge Lutens; Eau du Soir, Sisley; Iris Nobile, Acqua di Parma.
