ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Хан Хикаяты. Серия №6. Біз жеңілгендердің ұрпағымыз...

Хан Хикаяты. Серия №6.

Біз жеңілгендердің ұрпағымыз...

Көп болды көкейімді бір сауал тесіп барады... Мен қазақпын... Бірақ мен «қазақ болу» мен «қазақылықты» толық түсіне алмай келемін... Ата-анам да, ағалар да, ақсақалдар да, ғалымдар да «қазақ болуды»: қазақ тың тілін, дәстүрін, дінін, руын, жеті атасын білу және т.б. жауыр болған дүниелерді айтады... Мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін, дәстүрді бәрін болмаса да көпшілігімен таныспын, руымды да, жеті атамды да білемін. Бірақ қазақылықтың негізгі діңгегі не? Түсініксіз... «Мен Қазақпын!» деп көкірек соғып мақтанатын құқығым, я болмаса себеп бар ма?

Мен күнделікті қазақ газеттерін оқып, теледидар қарап жаңалықтармен хабардар болып тұрамын... Қайда қарасаңда барлық жерде «Ойбай! Қазақ құлдық психологиядан арыла алмай келеді!» деп байбалам салады да жатады. Құлдық біздің қанымызда бар... Қазақ хандығын құрған кімдер? Керей мен Жәнібек - Төрелер, яғни моңғолдар... Билеуші хандарымыз ешқашанда қазақ болмаған.... Ал біздің «ұлтжандыларымыз» барлық бәлені келіп орыс ағайындардан көреді... күлкілі...

Ал енді сұрақ, «Мен Қазақпын!» деп көкірек соғып мақтанатын құқығым, я болмаса себеп бар ма?

Біріншіден, қазақта ешқашан «ұлы империя» болмаған, яғни біз орыс, моңғол немесе қытай секілді тарихымызбен мақтана алмаймыз. Тарихымызға көз салайық, қазақ қазақпен қырқысып жатқанда, қазақ елінің оңтүстігін Қоқан мен Хиуа хандықтары (өзбектер) билеп жатты, ал солтүстікті башқұрттар мен татарлар шауып жатты, солтүстік-батысты орыс империясының Казактары биледі, ал батысты түркімендер шауып жатты, шығысты жоңғар-қалмақтар, кейінірек қытайлар кезек-кезекпен шауып отырды. Қазақ жеңіліс пен қорлықтан көз ашпаған халық. Сонда біз немізбен мақтануымыз керек? «Қорлық көріп, мың өліп, мың тірілгенімізбен» бе?

Айтпақшы ұмытып кетіппін, бір мақтанышымыз бар екен ғой... Біз қалмақтарды жеңдік қой!!! Алайда... егер тарихты дұрыстап оқыған болсаңыз... Қалмақты жеңген қазақ емес Қытай империясы... ал қазақ жай ғана қытай әскерлерінен қашып қазақ жері арқылы шегініп бара жатқан қалмақтың қалдықтарын шапты... Тарихтың осы тұсына тереңірек үңілейік... Қалмақ Хандығының ордасы Шығыс Түркістанда болды (қазіргі Қытай территориясы, Шыңжаң автономиясы). Қытай қалмақ жеріне бұрыннан көз тігіп отырған, алайда күші асқақтап тұрған Қалмақ Хандығынан қаймықты. Бұл кезде Қалмақтың билеушісі Халдан Серен Қонтайшы болды. Қалмақтар үшін бұл Ұлы тұлға, себебі де жоқ емес. Халдан Сереннің кезінде Қалмақ Хандығының құрамына қазіргі Қытайдың Шыңжаң территориясы, бүкіл шығыс Қазақтан, орталық Қазақстанның біршама бөлігі, оңтүсітік-шығыс Қазақтан, оңтүстік Қазақстан толығымен, Қазақ астанасы Түркістан, Қырғызстанның солтүстігі, Ташкент, Самарқанд, жалпы шығыс-солтүстік Өзбекстан толығымен кірді… «Көшпенділер» фильміндегі қазақтардың астанамыз Түркістанды Қалмақтардан аман алып қалуы – жалған. Шын мәнінде Түркістан Қалмақтардың қолына үш-төрт күнде түсті.

Халдан Сереннің мақсаты Ұлы Шыңғыс Ханның Империясын қайта жаңғырту болатын. Қалмақ тек қазақпен соғысқан жоқ, қалмақтар барлық көршілерімен соғысты. Мына жақта Қазақ Хандығын, өзбектерді, қырғыздарды және т.б. қырғынға ұшыратып жатқанда, ар жағында мұздай қаруланған әскерімен Қытай Империясын ойсыратып тонап жатты. Алайда көршілерінің бақытына орай Қонтайшы Халдан Серен қайтыс болып, оның ұлдары арасында таққа талас пайда болып азаматтық соғыс басталды. Осы сәтті жағдайды Қытайлар пайдаланып бір-бірімен қырқысып әбден әлсіреген Қалмақ Хандығына шабуыл жасады. Сөйтіп Қытайдан жеңіліс тапқан қалмақтар жаппай шегіне бастады, яғни қазақ жері арқылы... жол-жөнекей қазақтар шабуылдап жатты, тонап жатты... Бұл енді соғыс болған жоқ... себебі Қалмақ жауынгерлерінің басым бөлігі қытаймен шайқаста жан тәсілім етті... ал қазақ жері арқылы шегінген қалмақтардың басым бөлігін қатын, бала-шаға құрады... Тағы да айтамын, бұл енді соғыс болған жоқ, бұл «қатынқыру» болды. Жеңілістен әбден өштенген қазақтар бас-көз демей бәрін қырды. Қазақ тарихының осы бөлігі үшін мен қатты ұяламын... Иә, қалмақтарда қазақтың қатын, бала-шағасын қырды, күң қылды, құл қылды, алайда олар шайқасты, соғысты жеңіп «трофейлерге» әділетті түрде қол жеткізді. Себебі Ұлы Дала заңы бойынша жеңілгеннің қатыны, мал-мүлкі жеңгеннің қанжығасына кетуі керек болатын... Бірақ қазақ қалмақты толығымен қыра алмады, қалмақ қалдықтары шегіне-шегіне қазіргі Астрахан өңіріне қоныстанды...

Кейін Ұлы Орыс Империясының құлы, боданы болдық... бірінші болып «... найза беріп жауға қой...» дейтін Кіші жүзіміз соғыссыз бас иді... екінші болып соғысып жеңіліп «...қалам беріп дауға қой...» дейтін Орта жүз кірді... үшінші болып жүз жыл арпалысып «...қамшы беріп малға қой...» дейтін Ұлы жүзіміз кірді...

Қазақпен соғыста Орыстар ары кетсе 50-100 адамнан ғана айырып жатса, өзбек пен түркімендермен соғыста мыңнан қырылып жатты... мәселе қазақтың соғыса алмайтынында емес, отқаруда, яғни мылтықта. Ол уақытта өзбекте де, түркіменде де отқару болды. Тек қазақ қана бейшара... найза мен қылыш... осындай бейшара халде бола тұра қазақ бір-бірімен қырқысуды қоймады. «Ауылдың шетін жау жауып жатқанда» қазақ өз бауырын бауыздап жатты... Орыс әскерлері қалаларды алып, мешіттерде қазақтың бір гүлі ашылмаған 12-15 жасар қыздарын зорлап жатты, ал клубтардың сыртында «собакам и кайсахам(казахам) вход воспрещен» деп жазылып тұрды... Алайда қазақ құл болуға әрдайым келісе бермеді. Қазақ «Қожайындарына» қарсылық, көтеріліс жасап тұрды. Осы аталған көтерілістерде қазақты бастаған елеулі деген тұлғалар: Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет, Кеңесары Хан және басқада қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен жандар... Сырым Датұлының күресі алысқа барған жоқ, Патшаның алтынына сатылып күресін доғарды. Исатай мен Махамбет – Ақ Патшаның әскерінен ойсырай жеңілді. Исатай шайқас алаңында өлді. Исатай өлген соң, Махамбеттің артынан ешкім ермей қойды. Кейінірек Махамбетте Патшаның жендеттерінің қолынан қаза болды. Кеңесары Хан – төре, Шыңғыс Ханның ұрпағы... Кеңесары қазақ үшін күрескен жоқ, билік үшін күресті. Себебі Патша Қазақ даласында Хандық билікті жойып жіберді.

Кеңесарыны тек Кіші жүз бен Ұлы жүздің кішкене бөлшегі ғана қолдады. Кеңесарының тарихына үңілсек, онда орыс империясына қарсы күрестен гөрі, қазақты қанау басым. Кеңесары өзін өзі Ұлы Хан деп жариялады, ал мойындамаған рулар мен тайпаларды қырғынға ұшыратып, малдарын айдап әкетіп тұрды. Сонымен қатар жәй тонаушылық мақсатта да қазақ тайпаларына қарақшылық шабуылдар жасап тұрды. Кеңесарының қанды қолы көбінесе Орта жүздің тайпаларына көп кесірін тигізді. Бірақ Кеңесары Хан басқа күрескерлеріміз секілді Орыс империясының қолынан қаза тапқан жоқ. Қырғыз қолынан қаза тапты. Кеңесары Хан әбден үйренген мәнерінде Қырғыздарға өзін Хан деп мойындап бас июді талап етті. Алайда қырғыздың манаптары бас июден бас тартқандықтан қызуқанды Төре Кеңесары өз кезегінде қырғыздарға соғыс ашты. Алайда шайқас кезінде әскері Кеңесарыға құлақ аспай қашып кетеді. Ал Кеңесарының өзі қырғыздарға тұтқынға түсіп, Пішпек (Бішкек) қаласының орталық алаңында дүйім жұрт алдында қатігез жазаға кесіледі. Оны тірідей қарнын жарып ішегін шығарып тастайды. Кейін денесін бөлшектеп жеңістің символы ретінде қырғыз елінің әр бөлшегіне таратып жібереді. Ал басының терісін сыпырып, суға қайнатып, кептіріп Орыс Империясының Ақ Патшасына 5000 сомға сатып жібереді. Кеңесарының басы әлі күнге дейін Ресейде Эрмитажда бассүйегінде аты күйдіріліп жазылып сақтаулы тұр... Аталған Эрмитажда Кеңесарыдан басқа жүзден астам қазақтың елеулі тұлғаларының бастары сақтаулы...

Кейінгі Кеңес Дәуіріде қазаққа бақыт әкелген жоқ... Ашарлылық, қазақ геноциді, мәңгүрттену... Алайда мүлдем пайдасы болған жоқ деуге де болмас. Кеңес империясы қазақтың басын біріктірді... Бірақ қандай құнмен?! Енді айтыңдаршы, бауырлар, немізбен мақтанамыз?

Біз жеңілгендердің ұрпағымыз...

1991 жыл. Тәуелсіздік... аңсаған Тәуелсіздік... Осы жылдан бастап Нағыз Қазақ Тарихы басталды... Осы жылдан бастап Қазақты Қазақ биледі... Билеушіміз Моңғол Төре ұрпағы емес Нағыз Қазақ болды! Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Әлемнің беделді саяси сарапшылары Қазақстанның болашағына сенбеді. Олар Қазақстан ұлтаралық қақтығыстары ушығып, азаматтық соғысқа белшеден батып бытырап кетеді деп сенді. Ал Орта Азияның көшбасшылығы Өзбекстанға бұйырады деп есептеді. Алайда бәрі мүлдем керісінше болды. Тәуелсіздігімізге небәрі 20 жыл болса да Қазақстан басқа елдер 100-200 жылда жететін жетістіктерге жетті... ал кейбір елдер біздің жеткен жетістіктерді тіпті армандайда алмайды. ОБСЕ-нің төрағасы болдық, Қысқы олимпиада өткізгелі жатырмыз, небәрі 15 жылда жаңа Елордамыз Астананы салып үлгердік... керемет деген алпауыт бай елдер, көршілеріміз түрлі алауыздықтарға тұншығып, қан төгіліп, терракттардан көз ашпауда... алайда Қазақстан емес... бізде Бейбітшілік... Бұған шүкіршілік етуіміз керек, бауырлар... Мұның бәріде Ұлтымыздың Көшбасшысы, яғни Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі екені даусыз ақиқат.

Ащы болса да айтайын, бауырлар... Біздің тәуелсіздікке дейінгі тарихымыз мақтануға тұрарлықтай емес... алайда Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихымыз, яғни жаңа тарихымызбен мақтануға әбден болады! Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақта ешқашан болмаған мемлекеттің, шынайы мемлекеттің негізін қалап қана қоймай, әлемдік аренада Қазақстанның абыройын асқақтатты. Аз ғана уақыт ішінде Қазақстан Орта Азияның Азулы Барысына айналды!

Сөзімнің соңында түйіп айтарым... Достар, өткенімізбен, яғни бірін-бірі қырып, құл болған қаралы тарихымызбен мақтанбай, бүгінгі, яғни жаңа тарихымызбен мақтанайық! Енді мен «Мен Қазақпын!» деп мақтанарлықтай себеп таптым! Ол – Қазақстан! Ол – Нұрсұлтан! Қазақты Қазақ билеуде! Біз Азат Елдің Ұлдарымыз! Ал біздің ұрпағымыз ЖЕҢІМПАЗДАРДЫҢ ұрпағы болады!

Құрметпен, ШYNGYS.

Қазақ Рэпінің Ханы.

13 тамыз, 2010 жыл.

Алматы қаласы.