26 қазанда Әлеуметтік қызметтерді қолдау бағдарламасының (ӘҚҚБ) 4-ші гранттық байқауына сұранымдарды қабылдау кезеңі аяқталды. Қазақстанның түгел аймақтарындағы ондаған коммерциялық емес ұйымдар «БОТА» Қорына балалар мен жастардың өмірін жақсарту саласындағы 160 жоба жолдады. Әйнел Қайназарова хабарлайды.
Байқау ағымдағы жылдың 26 қыркүйегінде басталды және 26 телеарна мен 70 газеттің қолдауының арқасында жергілікті және республикалық БАҚ-да жариялануы бойынша ең ауқымды шаралардың біріне айналды. Бұл жайт, әрине, нәтижесіне де ықпалын тигізбей қоймады. Байқауды жариялаған сәттен бастап тура бір айдан кейін ӘҚҚБ мамандары ең соңғы тапсырысты тіркеп, қорытынды шығарды. Соның нәтижесінде көрсеткіштер былтырғы жылдан асып түскені айқындалды: былтыр 122 тапсырыс тіркелген болса, биыл оның саны 160-қа жетті.
Осындай нәтижеге қол жеткізу үшін байқау ұйымдастырушылары тек бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін ғана қолданып қойған жоқ. Әлеуетті қатысушыларды тарту үшін Қор барлық облыстардың ішкі саясат басқармаларымен және КЕҰ аймақтық ресурстық орталықтарымен де серіктестік орнатты. Алдыңғы өткен байқауларға қатысқан ұйымдарға да егжей-тегжейлі ақпарат берілді. Ал Қор ұйымдастырған тегін «Қызыл желі» телефоны байқау қатысушыларына шұғыл кеңестерді уақтылы алып отыруға мүмкіндік берді.
Техникалық талаптарға сәйкестілігі бойынша алдын ала іріктеуден өткен барлық тапсырыстар халықаралық ұйымдар өкілдерінен, яғни білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларында жұмыс істейтін сарапшылардан тұратын Тәуелсіз іріктеу комитетіне жолданатын болады. Бұл сарапшылар ірі гранттарға берілген тапсырыстарды қарастырады, ал шағын гранттарға жасалған тапсырыстарды Қор қызметкерлерінен құралған ішкі іріктеу комитеті қарастырады. Іріктеу комитеттерінің отырыстары қараша айының бірінші жартысында өтеді.