ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Хәм Наурыз! Әз Наурыз!

Ұлыстың Ұлы күні «көлденеңнен шөпке жан бітіп» қырда саршұнақ інінен қылт етіп, бір көрініп, қайтадан ініне кіріп кетіп, жер беті әбден жылығанда шығады дейді. Бұл сөзде дала мен табиғат арасындағы көзге көріне бермейтін терең мәнді тағылымды үйлесімділік жатыр. Тілімізде осы күнге қатысты – «жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «Ұлыстың ұлы күні», «Ұзақ ұшып келген күн», «Жыл басы – жылқышы торғай келген күн», «Көк құт көзін ашқан күн», «Көк тас еріген күн» деген сөз оралымдары сақталған. «Наурыз» күн мен түн теңеліп, жергегі көкке жан бітіп, жан – жануарлар төлдеп, адамдардың ауызы аққа тиетін, тоң жібіп, Жер – Ана бусанатын, қыстан аман шыққан шаруа адамының арқасы кеңіп, қолынан айыр – күрегін тастамайтын, ерекше күн деп саналған.

Көне заманнан бертін келсек Қазақстанда ресми түрде Наурыз 1988 жылдан бері тойланып келеді. Бұл мерекені біздің мемлекетпен қатар көптеген шығыс елдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Пәкстан да өткізеді. Наурыз бүкілхалықтық болып Қазақстанда 1926 жылдан бастап 1988 жылға дейін тойланбаған. 2001 жылдан бері Наурыз мемлекеттік мейрам ретінде жарияланған.

Қазіргі қоғамда Наурыздың үш маңызды тұсын айту және ұғындырған дұрыс іс сияқты. Олар:

Тепе‑теңдік. Ұлыс тойы күн мен түн, қыс пен жаз тепе‑теңдікке келген сәттен бастап тойланады. Осыған сәйкес наурыз тойы жаратылысты қоршаушы күштердің, алдымен табиғат пен қоғамның, екіншіден, ел мен елдің, үшіншіден, қоғамдағы әлеуметтік топтардың тепе‑теңдігінің сақталуын талап етеді.

Игілік. Наурыз тойы қарсаңында: «Бұлақ көрсең көзін аш», ‑ деп қаумаласқан жігіттер бастаулардың көзін ашып, қариялар: «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын», ‑ деп бұлаққа май құйып, өсімдіктерге ақ бүркеді. Сөйтіп табиғаттың өсіп‑өнуіне жағдай жасалады.

Жаңару. Ұлыс күні аспан денелері бастапқы айналу нүктесіне келеді. Мал төлдеп, жер көктеп, дүние жаңарады. Осыған сәйкес адамдар да шашын алып, сақал‑мұртын күзеп, жуынып‑шайынып, ақ көйлек пен су жаңа киінеді. Тазару үшін Көктебенің басына көтерілген азамат «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген асқаралы түсінік бойынша, өткен жылына есеп беріп, ары алдында арылады.

Ел билеген көсемдер «Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», «Тас атқанға – ас ат» деп ту көтеріп, ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел руларын дастарқан басында табыстырып, татуластырады. Аты аталып, түсі түстелген «Тепе‑теңдік», «Игілік», «Жаңару» ‑ үшеуі қоғамда орын тауып, тоқайласқан сәтте халқымызға құт қонып, ұлтымызға рух ұялап, ел басына бақ қонып, елішінде береке орнайды.

Демек, Наурыз ілімін жаңғырту арқылы, біріншіден, айнала төңірек ағаш отырғызып, гүл егіп, су көздерін тазалап, тәуелсіз еліміздің экологиялық мәселесін шешуге көмектесуге болады. Екіншіден, өнер‑білімнен, кәсіп түрлерінен, сәулет пен мүсіннен, спорттан т.б. жарыстар ұйымдастырып, жас талант көздерін ашу арқылы қоғамымыздың дамуына үлес қосылады. Үшіншіден, республика тұрғындарының арасында шынайы сыйластық, достық қарым‑қатынас орнатуға септігі тиеді.

Жүректер жылыуын таратқан көктемнің бақыт сыйы Наурыз көп ұлтты еліміздің бірлесе тойлайтын - Достық мерекесі!