Грузияға саяхат, 2014 жыл.
Фейсбуктағы достарымның сұрауы бойынша Грузиядан фоторепортаж, шілде 2014 жыл. Шығындар есебі көпшіліктің сұрауы бойынша жазылды. Сонымен,
...аз ақ күнде ойланып, кеттік деп басып кеттік. Турфирма қызметін қолданғанымыз жоқ. Суреттегі автобустың сыртында жазылып тұрған сайтпен хабарласып, олар инвойс жіберіп, 2 аптадан соң, 2 аптаға "Боржоми палас" деген отельге 2 адамдық демалыс сатып алдым. Үйдегі келінжеңгелерің қанша тартынғанмен, желкелеп алып шыққандай етіп, "Піссіміллә" деп жолға шықтық.
Ақтаудан ұшақпен шықтық, 50 минутта жеттік.
Ұшу құны 1 адамға, барып-қайту - 80000 тенге.
Келіскендей, қонақ үй шопыры күтіп алды.


Қонақ үй ұнады. Ауасы мен сол маңның аурасы жағымды.
Грузия ақшасы лари, 1 лари - 105 тенге, 100 долларда- 173 лари бар. Қолданыста доллар да бар.
Қонақ үй 1 адамға - күнге 90 доллар.
Интернеті бар, санузлы, душы ішінде, кең 1 бөлме, оның ішіне емдік процедуралары мен врач - консультант, 3 мезгіл ас, шведский стол - сол бағаның ішінде. Бәрі күніне- 90 доллар.
Қызмет көрсетушілер мейірімді. Қызмет көрсету деңгейі жақсы. Үстіңгі бөлігі қонақ үй, асты емхана. Отельден 2 шақырым жерде орталық парк орналасқан. Боржоми суы бұлағының көзі осында. Суы жылы, дәмінде темір бар сияқты, ағзаға пайдалы екен. Дәрігер жиі ішуге кеңес берді.
Паркте ішетін су тегін, кіру ақылы- 1 доллар.


Парк күшті, алаңсыз адамдар, бәрі мейірімді. Расымен, ми демалады. ;)
...жолда үйлерінің терезесінен вино шығарып қояды екен, жарнама. Дүңгіршіктер де көп. Вино көп, кеше піскені бар, дайын болғанына 3 жыл болғаны бар, ассортимент үлкен.
Қолдан жасалған 5 литрлік вино шарабы -100 лари және одан жоғары.

Паркте сан алуан уақыт өткізуге арналған қызметтер бар. Шайтанарба, зуылдақ темір жыланға дейін бар. Портрет салатын суретшілерден бастап, өзіңмен суретке түсетін ұлттық киімдегі жастарды да кездестіруге болады. Рахат, қыдырып жүрген, қолы бос адамдар...;) Қапылыс тірлік атымен жоқ.
Қонақ үй маңындағы спорт алаңында гүржілермен американдық футбол ойнауға болады. Біраз тамашалап қарап отырдым, бірақ сонда да ойын шартын түсінбедім. ;)
Күндердің бір күні....
Вардзия көне қаласына жол тарттық. Қонақ үй экскурсоводы, гид Григори өзіміздің қазекең секілді арасында саясатшыл екен, түрлі тақырыптарға әңгіме айтып 2 сағатты іш пыстырмай апарды. Саакашвилиді бірде мақтаса, бірде жамандады.)))
Вардзия - үлкен тарихы бар, жардағы қала. Өте ескі, қазыр шіркеу, монахтар мекендейді екен. 300-ден астам бөлме қашалып, жасалған. Боржоми қаласынан,
осы қалаға жету 1 адамға - 40 доллар, жол 1 жарым сағат.
Қалаға кіру - 1 адамға 15 доллар

Мынау жанып тұрған шырақтарды көріп, фейсбуктағы танысым, әккі @Satibaldi Kerbabaev үшін бір шоқынып жіберіп, әрі жүрдік.... 
Үңдірден төмен құлдилап келе жатқан Қазақстан туристері. Экскурсияға 20 шақты адам болып бардық. Бір жұп қана алматылықтар болды, қалған барлығымыз - маңғыстаулықтар. ;)

Күндердің бір күні....
Рабат қаласына келдік, қорған. Мұражай қала. Ішінде барлық діндердің басын біріктіретін нысандар қаз-қатар орналасқан.


Қалаға кіре берісте...
Мұсылман мешіті.


Күндердің бір күні....
Сталиннің өскен жеріне жол шықты. Гори қаласы. 30 минуттық жол Боржомиден. Такси құны 1 адамға - 50 доллар. Мұражай билеті - 40 доллар.
...Сосо баланың бүкіл өмірімен таныстық, адам қызығатын жері аз. Мынау үйі. Ол қылшылдаған жиырмасында тығылып су ішетін құдықтан кіріп-шығатын, газет шығаратын машинкасы бар бөлме ұйымдастырғаны таң қалдырды. Қайтпас қайсар болған екен, сотқарың!

Ленин, Сталиннің үстінен арыз жазған екен. Көсем - көсегені көгертпеді деген осы. Бұл екеуінің де басы бір қазанға симаса керек, кезінде. ;)
Мұражайда Сталинның көзі тірісінде өзі алған сыйлықтарына дейін сақталған жәдігерлер бар. Сталиннің мықтылығы сол әлі күнге дейін гүржі еліне табыс әкеп тұр. Бірақ, Гори қаласының тыныс тіршілігі күйсіз. Мұнда ең көп өндірілетін нәрсе - сыр екен.

Стекең шеккен папирос.

Ал мынау, Гори қаласында орналасқан "Адамзат - барлық уақытта бүкіл тіршілік иесіне үстемдік етеді" деп аталатын ескерткіш екен. Мұның да өз алдына үлкен тарихы бар. Қорған қалаға 2000 жыл бопты-мыс.
Сталиннің мұражайын аралап болып, қайтадан отельге келдік. Демалыс, емдік процедуралар, тағысын тағы...
Қайтадан парк. Бұлақ. Жайбарақатшылық.

Күндердің бір күні....
Батуми қаласына жол түсті. Батуми - туристердің ең көп шоғырланған жері екен. Полисмендер көптігімен ерекшеленеді. Жалпы Батуми қаласы қолжетімді туристік аймақ, сонымен қатар туристер арқылы күн көріп отырғаннан соң, қарым қатынастары жоғары деңгейде.

Батумидің көп ерекшеліктерінің бірі - Дельфинарий. Балықтың тәтті болатынын білетін едік, бірақ бишілігін бірінші рет көрдік. ;)

Дельфиндер биін осыннан көруге болады.
Батуми жағажайынан көріністер. "Махаббат қызық мол жылдар."




Саяси ахуалға байланысты болар, орыс көрмедік. Ортақ дұшпандары екі ұлтты жақындастырғанын байқадық. Орталық мұражайында ресей үкіметінің сол елге жасаған қастандығы бағытында ғана мағлұматтар береді екен.

Түнгі Батуми. Туризм жақсы дамыған. "Малый Дубай" деген ат қойыпты. Қала 24 сағат онлаин. Түнде де алаңсыз, еш үрейсіз жүре беруге болады. Адам көп, полисмендер де. Казиноға кіру, ойнау бірлігі ішінде - 200 доллар.
Батуми қаласының орталық көшесі. Жалпы отель өте көп. Бассейні бар коттедж үйлерді де жалға алуға болады, олар күніне 150 лари.
Және бір байқағаным, жарнамалары тек екі ғана тілде.

Грузин әріптерін айналдырып қоршап қойған нысан. Алфавит деп аталып кеткен. Біздің бәйтерекке ұқсайды.

Батуми - порттағы қала, негізі 1904 жылы салынған. Бамбуктік саябақтан бастап, Пальма талдары, апельсин талдарымен бірге күнге таласып тұр.

Яхта 1 сағатқа жалдау - 20 доллардан жоғары.
Пароходпен 1 сағат қыдыру , 1 адамға 3 доллар.

Қазақстандық "ҚазТрансОйл" АҚ-ы иелік ететін, Батуми порты.

Қара теңіз жағалауында күнді батырып, рахатқа бөлендік. Суы жылы.

Батумиде 1 түн түнеп, келесі күні тағы қыдырыс жалғасын тапты. Бір бөлмелі пәтер жалдау - 40 доллар, әлбетте қонақ үйлерде орын жоқ.

Тас төселген жағалау.
Ал мында таксимен келе жатқан Маңғыстаулық отбасы, 3 баласымен қыдыруға келген тағы бір бақытты жанұя.

"Я, Жаратқан, жатқанға берсең, маған бер" деп, бір құрдасым айтқандай, жатыстың жоспарын орындадық. ;)

Батумиде тағы бір күн тынығып, Уреки қаласына тарттық. Ол да қара теңіз жағалауында орналасқан, магнитті қара топырағы бар жағалау екен. Жағажай ығы- жығы, ырду-дырду. Үстімізге топырақ жағумен арпалыстық. ;)
Урекиге жету үшін таксиге - 80 доллар.


"Бізден сізге жалынды сәлем"
Демалыстан да шаршаңқырап, Урекиден кейін қайта Боржомиге келдік.
Уреки - Боржоми, такси - 80 доллар.

Боржоми. Қайтадан парк, қайтадан бұлақтан су ішу...
1 тамыз 33 жасқа толған туған күнімді Тбилисиде болуға бұйырды. Келіншекке қыздай қарап шыртиып киініп, мейрамханаға бардық. Қаладан "Американдық арманның" желі еседі.
Қайран Тбилиси, талай генецвалені Гамарджоба еткен мекен!!!
Суретте "Тәуелсіздік" алаңы
Парламент үйі

Сол елге танымал, әйгілі Шота Русавели көшесі.

Джордж Буш көшесінде кездескен полисмендер

Дарвин ұрпақтары #selfie

Осымен солай... 15 күн мезетте өте шықты. Демалыс сәтті. Түйгенім:
1. Гүржі халқының табиғаты - мейірімді, көмекке қол ұшын созғысы кеп тұрады.
2. Туристік компанияны қолданбай, өзің аяқтай елді аралау - үнемді.
5. Саяхаттаңыздар, өмірге құштарлық сонда.
