Головкин – Ресейдің емес, Қазақстанның боксшысы
Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы Геннадий Головкинді қаңтар айының үздік боксшысы деп таныпты. Бұл жаңалықты WBA ресми сайтының өзі жариялады. Оқыдық да, қуандық. Бірақ аталмыш сайт жерлесімізді ресейлік боксшы деп жазып жіберіпті.
Қазақстандағы халықты қазақ, орыс немесе қытай деп бөліп жүрген өзіміз ғана, әйтпесе шетелдіктер аспан көк түстес туымызды жамылғандардың барлығын қазақ ретінде қабылдайды деп ойлайтынбыз. Шынымен де солай. Шетелдік спорт сарапшыларының Қазақстанның қай спортшысы болсын «қазақ» деп таныстырып жатқанын талай рет құлағымыз шалған. Алайда Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының мына қателігі шамымызға тиді. Өздерінің ресми сайтында жерлесіміз Геннадий Головкинді қаңтар айының үздік боксшысы деп атай келе, саңлағымызды Ресейдің еншісіне жазып жіберіпті. Әйтпесе жүрегі Қазақстан деп соғатын арда азаматымыздың қай елде болсын қазақтың шапанын жамылып, тіпті қысқа шалбарына дейін көк туымыздағы ұлттық оюымызды қиюластырып шығатынын біз ғана емес, бүкіл әлем біледі. Яғни қанша тырысса да, Головкинді қазақтан ешкім де айыра алмас.
Жә, енді Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының бокссүйер қауымға ұсынған тағы бір жаңалығын жазайық. Қаңтар айынан кейін WBA тұжырымының жаңа рейтингін түзіпті. Екі боксшымыз – өз салмақтарының үздіктері. Атап айтсақ, Геннадий Головкин орта салмақтың (72,58 келі) чемпионы болса, жартылай ауыр салмақта (79,38 келі) Бейбіт Шүменовке тең келер боксшы жоқ. Сондай-ақ Қазақстанда туып, Германияда тұрып жатқан тағы екі боксшымыз үздіктер қатарынан көрінген. Атап айтсақ, шаршы алаңға қос азаматтықпен шығып жүрген Дмитрий Сартисон супер орта салмақтың (76,2 келі) рейтингінде 4-орында болса, Эдуард Гуткнехт жартылай ауыр салмақта – 13-орында.

