Головкин: «Мюррей — мықты қарсылас»
Орта салмақтағы WBA чемпионы Геннадий Головкин (31-0-0, 28 КО) WBC титулының міндетті үміткері Мартин Мюрреймен (29-1-1, 12 КО) жекпе-жегі өзі үшін үлкен сынақ болатынына сенімді.
Еске салсақ, Головкин мен Мюррейдің айқасы 21 ақпанда Salle des Étoiles, Монте-Карло, Монакода өтеді.
32 жастағы қазақстандықтың Мюррейді сенімді түрде жеңу үшін көп тер төгуіне тура келеді. Бұл жолғы жеңісі боксшының Мигель Котто, Хулио Сезар Чавес немесе Карл Фроч сияқты жұлдызды қарсыластарымен кездесуге жол ашады.
Sports.kz-тің хабарлауынша, Мюррейге де 2014 жылғы сәуірде Серхио Мартинестен чемпион белдігін ала алмаған сәтсіз ойынынан кейін үздіктер тобында қалу үшін бұл жеңіс аса қажет.
«Мюррей — қатал әрі қауіпті қарсылас. Бұл әзілім емес. Алдағы айқас екеуміз үшін де оңайға соқпасы анық. Мюррей таяуда Серхио Мартинес, Феликс Штурмамен екі қатал жекпе-жектен өтті. Мұндай мықты қарсыласпен айқасқа шығу маған нағыз сынақ болары сөзсіз», — деді Головкин.
АСТАНА. ҚазАқпарат

