Головкин Мэйвезермен рингте кездесіп үлгере ме?
Мэйвезер келесі жекпе-жекте аргентиналық Маркос Майданамен кездеседі. Америкалық айтқандай, карьерасының соңына дейін ол үш рет рингке шығады. Соның бірі 13 қыркүйекте болатын Майданаға қарсы кездесуі, деп хабарлады Daily Mail. Бұл кездесулердің арасында орта салмақтағы Әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкинмен жекпе-жекке шығуы екіталай.
«2015 жылы мамыр және қыркүйек айларында екі кездесу өткіземін. Сәйкесінше, спорттағы мансабым бір жылдан соң аяқталады», — деп атап өтті чемпион. Болашақта ол өз промоутерлік Mayweather Promotions компаниясын дамытумен айналыспақ.
Бес салмақ дәрежесіндегі Әлем чемпионы кіші Флойд Мэйвезер әлемдегі табысы жоғары спортшылардың бірі. Ағымдағы жылдың мамырында Маркос Майданаға қарсы шыққан жекпе-жегінде ол кем дегенде 32 миллион доллар, Майдана — 1,5 миллион доллар пайда тапты. Алайда бұл табыстың көлемі де артуы мүмкін. Өткен жылы екі кездесуге қатысқан Мэйвезер кем дегенде 73,5 миллион долларды қалтасына басты.
37 жастағы Мэйвезер 46 мәрте жеңіске жеткен (26-ын нокаутпен). Жеңіліп көрмеген. Ол үшінші рет WBC титулын қорғады. Майдана төрт мәрте жеңіліп, 35 рет жеңіске жеткен (31-ін нокаутпен).

