Германиядағы бизнес-форумда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды
Германияның Лейпциг қаласында өткен бизнес-форумда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.
Оған неміс елінің ірі компанияларынан 60-қа жуық өкіл қатысты. Кездесуде энергия көздерін жаңарту саласы бойынша меморандумға қол қойылды.
Германияда машина құрылысы, металлургия, тұрмыстық және химиялық өнімдерімен аты шыққан Саксония кәсіпкерлер кездесетін орынға айналды. Осында өз таныстырылымын жасаған қазақстандықтар елімізде инвесторлар үшін жасалған жағдайдың ерекше тұстарына тоқталып өттті. Мамандардың айтуынша, экономикалық бос кеңістік пен инвесторларға қатысты жаңа заң жобасы одан қалды салықтағы жеңілдіктер кәсіпкерлердің өз бизнесін дамытуға дем береді.
Кайрат Карманов, «Kaznex Invest» АҚ Инвестиция және экспорт ұлттық агенттігі басқарма басшысының орынбасары:
- 2014 жылдан бастап Қазақстанға келген инвесторларға арнайы жағдай жасалған. Мысалға, құны 20 миллион доллардан асатын және бұрын соңды біздің елде жасалмаған жобамен келген кәсіпкерге, жұмысын толық аяқтаған жағдайда жұмсаған қаржысының 30 пайызын қайтарып береміз. Неміс кәсіпкерлері Қазақстанға Америка мен Еуропаның бірнеше ірі копаниясы келіп жұмыс жасағысы келетінін көріп отыр.
Кәсіпкер елге келіп ақша құюы үшін ол елдің Экономикалық өсіміне мән беретіні айтпаса да белгілі. Бұл ретте Қазақстанның биылғы көрсеткіші жаман емес. Doing Business рейтінгісі бойынша еліміздің экономикалық көрсеткіші 12 сатыға көтеріліп, 41-орынға тұрақтаған. Қазақстанның осындай қарқынмен қарыштап дамуы мен тұрақтылығы кез келген кәсіпкерді қызықтырады, – дейді шетелдік кәсіпкерлер.
Гернот С.Вагнер,«EVAGOR» компаниясының бас директоры:
- Біздің инвестициялық консалтинг саласында жүргенімізге 20 жылдан асып барады. Қазақстан кәсіпкерлер үшін өте қолайлы жағдай жасап отыр. Мәселен біздің компания қазақ елімен көп уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Біз жеке кәсіпкерлер үшін жүз мыңдаған доллар құны бар жобалар жасаумен айналысамыз.
Эдуард Кинсбрунер, Шығыстағы неміс экономикасы комитетінің Орталық Азиядағы директоры:
- Германия экономикасы Қазақстанның өндірістік және экономикалық жаңаруына қызығушылық танытып отыр. Әсіресе машина құрастыру мен химимялық кешендегі жаңа технологиялар саласына мән бердік. Қазір жаңа келісімдер жасауға әзірлік жүріп жатыр. Үлкен компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік болады деп үміттенемін.
Бизнес-форумға келгендер сөзден гөрі бірден іске көшкенді қалады. Сөйтіп Павлодар облысының әкімі мен CUBE Engineering GmbHкомпаниялары меморандумға қол қойды. Енді Қазақстанда желден және күн сәулесінен тоқ өндіретін электр стансасына қажет құрылғылар жасалатын болады.
Дүйсенбай Тұрғанов, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары
- Неміс тарабы «Жазық дала желі» атты жаңа жоба ұсынып отыр. Ол біздің елдегі тоқ өндіру саласын жаңартып, дамыта түседі. Қазір Қазақстанда өндірілетін энергияның 50%-ы Павлодарда шығарылады. Оған қоса бізде осы зауыттарды ұйымдастыруға арналған арнайы экономикалық аймақ бар. Осы жағдайлар инвесторлардың назарын аударды деп ойлаймын.
Енді бұл келіссөздердің егежей-тегжейі Қазақстанда жалғасатын болады. Неміс елінің бизнес өкілдері келер жылдың мамырында келісімге келетін нақты ұсыныстар әзірлеп келуге уәде берді.
http://gbpp.org/kz/2015/11/12179
