Қазақстанда трансгенді мәдениетке, демек, генетикалық модификацияланған ағзаға әлі жол берілмейді. Жақында ұлттық биотехнология орталығының директоры Ерлан Раманқұлов Ғаламдық жылынудың салдарынан климаттың ауысуының, құрғақшылықтың себептерін алға тартып, «елімізде ГМО-ның қажеттілігімізге айналуы мүмкін» деп есептейді ғаламтор бетінде жарияланған ақпаратта. Сол себепті құрғақшылыққа төтеп бере алатын ГМО мәдениеті еліміздегі өсімдіктерді сақтап қалуға мүмкіндік тудырады. Жалпы, ГМО бізге нені түсіндіреді және оның бізге керегі бар ма?
Генетикалық модификацияланған организм дегеніміз - гендік инженерия әдісі арқылы ағзаның, генотиптің өзгерісі. Мұндай қызметтер өсімдіктер, жануарлар мен микроорганизмдерге жасалмақ. Генетикалық модификация генотиптің мақсатты өзгерісі болып келеді.
Ал ГМО-ның адамға әсері жайында білер болсақ, ұлттық биотехнология орталығының директоры Ерлан Раманқұловтың пікірінше, бүгінгі күнге дейін ГМО-ның адам денсаулығы үшін кері әсері расталған емес. Алайда бәрін зерттеп, зерделеген дұрыс. Сондай-ақ оның айтуынша, елімізде бүгінгі күнге дейін ресми түрде ГМО-ның бірде-бір түрі тіркелмеген. Бірақ генетикалық түрде өзгерген өнімдер елімізде бар және олардың өсімі жылдан-жылға артуда.
Осы орайда депутат Дариға Назарбаева Астанада ақпан айында өткен гендік-инженерлік қызмет туралы заң жобасын талқылауға арналған "дөңгелек үстел" барысында біздің елге соңғы жылдары құрамында ГМО-сы бар тағам өнімдері мен тамақ шикізаты түсе бастағанын, осы санатты азық-түлік пен жемшөп өнімінің ағыны Қазақстан Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіргеннен кейін одан әрі артатынын айтып, елімізде генетикалық модификацияланған организмдерді (ГМО) қамтитын өнімдер қауіпсіздігіне тәуелсіз сараптама құру қажеттігін жеткізген еді.
Себебі 1996 жылы генетикалық модификацияланған өнімді шығара бастағаннан кейін, көптеген аурулар пайда бола бастаған. Ал Америкада небары 9 жыл ішінде небір күйзелістерге ұшырап, созылмалы ауруларға шалдыққандардың қатары 7 пайыздан 15 пайызға дейін артқан. Азық-түліктен болған аллергия, аутизм, репродуктивті бұзылушылықтар, ас қорыту нашарлығы сияқты аурулар қарқынды түрде өсе бастағанын еске салған болатын Дариға Назарбаева.
Осы пікірді құптап отырған Қазақстан тұтынушылары Ұлттық лигасының президенті Светлана Романовская да елімізде трансгенді өнімдердің баса-көктеуіне қарсы. Сонымен қатар еліміздің қауіпсіздігін ойлайтын болсақ, ГМО-ны қолданып, генетикалық модификацияланған организмдерді қамтитын өнімдерді өсіріп, өндірудің керегі жоқ деп есептейді және де осы шеңберді мемлекетіміз реттеуі қажет екенін айтады. Оған қоса, тұтынушылардың өнімдерді дұрыс таңдауы үшін, өндірушілерге шығаратын өнімдерімен тұтынушыларды ақпараттандыру жауапкершілігін міндеттеу керек екенін атап өтті сарапшы.
Сондай-ақ ГМО-ның қауіпсіздігін анықтау үшін елімізде зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет екендігін айтады. Оның мәлімдеуінше, елімізде трансгенді өнімді анықтайтын жалғыз ғана зертхана бар көрінеді. Ал дәнді дақылдарға қатысты эксперт, Қазақстанның бидайы әлем бойынша жоғары бағаланады, ал оның басты белгісі «тазалығында», сондықтан да ол экспорттық жоғары бағаға ие екендігін еске салады.
Иә, «келісіп пішкен тон келте болмас». Қандайда бір істі қолға алмас бұрын, ертеңгі күні бармағымызды тістеп қалмас үшін, әр нәрсені зерттеп, зерделеп, анық-қанығына жеткен дұрыс шығар.