Газет әлде интернет?
Газет, әлде интернет? Расында да ойландыратын сұрақ. Ең әуелі, газет те, интернет те ақпарат тарату құралы. Екеуінің де басты қағидасы - қоғамды соңғы жаңалықтардан хабардар етіп, ақ қарасы ажыратылған дәл әрі шынайы ақпарат тарату, актуалды тақырыптар төңірегінде сөз қозғап, мемлекеттің саяси және мәдени өміріндегі, жалпы әлем келбетіндегі елең еткізер мәліметтерді жеткізіу болып табылады. Айырмашылықтары айтпаса да белгілі: газет оқырманға өз жұмысын басылым беттері арқылы ұсынатын болса, интернет, яғни, ғаламтордың өзгешелігі - ақпаратты дәлме-дәл сол уақытта бере қоятындығы, жаңалықты көркем сөзбен айшықты, ауқымды етпегенмен, негізгі ойды жылдам ұсынатындығы. Бүгінде оқырман көңіліне осы екеуінің қайсысы жақынырақ? Алдымен ескеретін нәрсе - уақыт және қолжетімділік. Интернет жердің кез-келген нүктесінен, кез-келген уақытта ақпарат тарата алады. Оны оқу үшін көп әуре қажет емес. Ұялы телефоннан немесе компьютерден әлеуметтік желілерге жүктелген материалды қарау қолданушы үшін қиынға соқпайды. Алайда, оқу мүмкіндігімен қатар жаңалықты тарату мүмкіндігі де жоғары екенін де ескерген жөн. Кім, қандай ақпар таратып жатса да кедергі жоқ. Саны бар сапасы жоқ бір кем дүние. Оқырманға жеткен сөздер мүмкін шын, мүмкін рас-өтірігі аралас? Анықтау, әсте, қиын. Әрине, ресми сайттар мүлде күмән туғызбайды. Десек те көбіне-көп негізсіз мәліметтерге тұсау жоқ бұл ғаламторда жалған ақпар желдей есіп жүретіні жасырын емес. Уақыт үнемділігі мен қолжетімділігі жақсы бола тұрса да нақтылық жағынан ойландырады. Газетті де уақыт жағынан тиімсіз деу қисынға келмес. Қазіргі таңда аптасына бірнеше рет жаңа басылым парақтарын тұрақты алып отыру мүмкіншілігі қалыптасқан. Қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінетін газет редакциясы үнемі нақты ақпарат таратады десек жансақ емес. Тұтас ұжымның еңбегі мен ізденісі нәтижесінде басылым беттеріне түсетін ақпараттар білікті мамандар тарапынан жасалған жұмыс болғандықтан, еш күмәнсіз нақты әрі шынайы болары анық. Яғни, "Газет уақыт жағынан аса қиындық тудырмайтын нақты ақпарат көзі"-деп сенімді айта аламыз. Оның үстіне әлеуметтік желіден оқыған ақпаратқа қарағанда газет беттерін парақтап отырып оқыған мәліметтер санаға сіңімді болады. Оған дәлел: біздің ағзамыз өзіміз ойлағаннан да ақылды. Егер біз қолға қасық ұстасақ организм қоректік затты күтеді, адамның ішкі мүшелері тамақты тосып, оны қорытуға дайындалады. Дәл солай біз қолымызға газет-журнал немесе кітапты алып, оны парақтай бастағанда-ақ миымыз рефлексті түрде ақпарат алуға, мәліметтерді өңдеуге дайындалады. Яғни газет беттерінен оқу интернеттен оқыған дүниелерге қарағанда сапалы түрде есте сақталады. Жағдайға байланысты газетті де, ғаламторды да пайдалана білу керек. Қалай болғанда да ақпарат алмасу қоғамның үздіксіз әрі маңызды процесі. Газет басылымдары да, интернет желілері де осы процестің ажырамас бөлігі. Бастысы - жаһандану заманында жаңалықтардан құр қалмай, жұртшылық дидарындағы деректерден, әлем келбетіндегі өзгерістерден хабардар болсақ болғаны.
