Гарри Поттер және философиялық тас кітабының қазақша аудармасы
Сәлем! Назарларыңызға Гарри Поттер және философиялық тас кітабының қазақша аудармасын ұсынамын. Бұл кітапты 5 жыл бұрын ағылшын тілінен тікелей аударған болатынмын. Басып шығару жайлы сөйлескенмен ештеңе шықпады. Балаларыңызды әлем әдебиетінің ең үздік шығармаларының бірімен қазақ тілінде таныстырғыларыңыз келсе, менің блогыма хош келдіңіздер!
БІРІНШІ БӨЛІМ
АМАН ҚАЛҒАН БАЛА
Привет Драйв көшесіндегі нөмірі төртінші үйде тұратын Дарсли мырза мен оның әйелі Дарсли ханым өздерінің кәдімгідей-ақ қалыпты адамдар екенін әрдайым мақтанышпен жариялап жүрді. Өздері секілді пенделер ешқандай ғажайыптар мен таңқаларлық оқиғаларға ұшырамайды, өйткені ондай далбасаға сеніп көрген емес.
Дарсли мырза Граннингс атты бұрғы шығаратын фирманы басқаратын. Ол толық денелі, мойыны жоққа жақын, есесіне әжептәуір мұртты кісі еді. Ал жіп-жіңішке, аққұба Дарсли ханымның мойыны, керісінше, тым ұзын болатын, мұнысы өзіне де ыңғайлы еді, себебі ол өз уакытының көбін бақшадағы шарбақтан мойынын созып, көршілерді аңдумен өткізетін. Дарслилердің кішкентай ұлы Дадли, олардың ойынша, дүние жүзіндегі ең керемет бала еді.
Құдайға шүкір, Дарслилерде тілегеннің бәрі бар еді, бірақ сонымен бірге олардың бір құпиясы да болатын. Ғұмырларындағы ең бір алаңдататын жәйт - сол құпияны біреу-міреу біліп қояр ма екен деген қорқыныш еді. Әлдекімдер Поттерлер туралы біліп қойса, ондай азапты көтере алуы екіталай еді. Поттер ханым Дарсли ханымның сіңлісі болатын, бірақ олар бірнеше жыл көріспегендіктен Дарсли ханым тіпті сіңлісі жоқтай өмір сүретін, себебі сіңлісі мен оның ештеңеге икемі жоқ күйеуі Дарслилерге мүлдем ұқсамайтын. Дарслилер отбасы Поттерлермен кенеттен ойда жоқта жолыға қалса, көршілер не дер екен деген ойдың өзінен-ақ бойлары түршігетін. Дарслилер Поттерлер отбасының кішкентай ұлдары бар екенін білсе де, оны көрмеген еді. Бұл бала Поттер әулетімен араласпаудың себепшісі болатын, өйткені олар Дадлидің ол секілді баламен ойнауын қаламайтын.
Сол сұрқай да қызықсыз сейсенбіде, яғни біздің оқиға басталған күні, Дарслилер отбасы оянған кезде терезенің ар жағындағы бұлт торлаған аспанға қарап, жақын уақытта бүкіл елде орын алатын таңғажайып, әрі жұмбақ оқиғаларды болжау мүмкін емес еді. Дарсли мырза өлеңдетіп, өзінің ең сұрықсыз галстугін таңдап, киініп, жұмысқа дайындалып жатса, Дарсли ханым, бақырып жылаған Дадлиді биік орындығына отырғызып, уатып жатты.
Олардың ешқайсысы терезенің ар жағында жалп етіп пайда бола кеткен үлкен күрең үкіні аңғармай қалған еді.
Сегіз жарымда Дарсли мырза портфелін алып, Дарсли ханымның бетінен шөлп еткізіп, Дадлиді сүюге бет алып еді, бірақ оның бұл ойы жүзеге аспады, себебі Дадли бұл уақытта шу көтеріп, ботқасын қабырғаға лақтырумен болды. Үйден шығарда Дарсли мырза «Бұзығым-ау!» деп мырс етті. Ол көлігіне отырып, нөмірі тіртінші Привет Драйвтың арт жағымен шықты.
Дарсли мырза бүгін орын алатын ғажайыптардың алғашқы белгісін, яғни көше картасын оқып отырған мысықты аңғарған уақытта қиылыста тұрған еді. Алғашқы сәтте ол не көргенін түсінбей қалды, кейіннен артына бұрылып тағы қарады. Привет Драйвтың қиылысында сұр ала мысық тұр екен, бірақ ешқандай картаның ізі де жоқ. Басына неше түрлі ойлар кіреді екен ау? Жай ғана сәуленің шағылысқаны болар. Дарсли мырза көзін ашып-жұмып мысыққа тесіле қарады. Ал мысық болса, оған дәл солай көзін қадады. Бұрыштан бұрылып бара жатып жолға түскенше, Дарсли мырзаның айнасында мысық соңынан бақылап отырғаны көрініп тұрды. Енді мысық «Привет Драйв» деп жазылған белгіні оқып тұрды, жоқ, оқыған жоқ, жәй ғана қарап тұрды, себебі мысықтар карта мен белгілерді оқи алмайды ғой. Дарсли мырза өзін күштеп дүр сілкініп алып, мысықты ойынан шығарып тастады. Сондықтан, жол бойы, бүгін алуға үміттенген үлкен бұрғы тапсырысынан басқа, еш нәрсе жайлы ойлаған жоқ.
Дегенмен, қаланың шетіне келгенде, бұрғы туралы ойды басқа бір нәрсе ығыстырып жіберді. Күнделікті жол торабында тұрып, оның еріксіз әр жерде топталған біртүрлі ерсі киінген адамдарды көруіне тура келді. Бұл жадағай киген адамдар еді. Дарсли мырза әдеттегіден тыс киінетін адамдарды жек көретін, әсіресе қазіргі заманда жастар қандай ғана киім кимейді десеңші! Ол бұл есуастарға арналған бір жаңа сән үлгісі деп түйді. Дарсли мырза бармақтарын рөлдің бойымен тырсылдатып отырып, дәл қасында тұрған бір топ ақымаққа назары ауды. Олар бар ынтасымен бір нәрсе жайлы сыбырласып жатты. Дарсли мырза олардың көбісінің жас емес екенін аңғарып таңырқап қалды, мысалы ана біреуі тіпті өзінен де үлкен болу керек, дегенмен үстіне жап-жасыл жадағайды жапсырып алыпты! Не деген ұятсыздық! Бірақ кейін Дарсли мырза бұл адамдарды ақымақ қойылым көрсетіп, бір нәрсеге акша жинап жүр деген ой келді. Иә, дәл солай. Машиналар жылжи бастады, бірер минуттан соң Дарсли мырзаның ойын тек бұрғы жаулап, Граннингс фирмасының тұрағына жетіп қалды.
Өзінің тоғызыншы қабаттағы кеңсесінде Дарсли мырза терезеге теріс қарап отыратын. Егер бүгін де дәл солай әдеттегіндей отырмаса, оған бұрғыға зейін салу қиынға соғар еді. Даладағы адамдармен салыстырғанда, ол күн жарықта әрлі-берлі ұшып жүрген үкілерді байқаған жоқ; өтіп бара жатқан адамдар бастарының үстінен бірінен соң бірі заулап ұшып жүрген үкілерге саусақтарын созып, ауыздарын ашып қарап жатты. Көбісі үкіні күндіз түгілі түнде де көрмеген еді. Ал Дарсли мырза таңертеңгі уақытын әдеттегідей, үкіден аулақ отырып өткізді. Ол бес түрлі кісіге айғай салды, бірнеше маңызды жерге телефон шалып, тағы да біраз бақырып алды. Дарсли мырза аяқтарын жазып, жолдың ар жағынан мейіз қосылған жұмсақ нан сатып алуға ниеттеніп отырған түскі ас уақытындағы үзіліске дейін керемет көңіл күйде болды.
Дарсли мырза жадағай киіп алғандар жайлы, жұмсақ нан сататын дүкеннің жанында солардың бірнешеуін кездестіргенде, олар туралы мүлдем ұмытып кеткенін ойлады. Ол өтіп бара жатып жаңағыларға суық жүзбен қарады. Неге екені белгісіз, оларға қараса, өзін біртүрлі сезінетін. Олар да өздерінше бар ынтасымен сыбырласып жатты, ал Дарсли мырза болса, олардың қолдарынан ақша жинау үшін қолданылатын бірде-бір жез ыдыс көрген жоқ. Ол сөмкесіне үлкен тоқаш салып алып, қайтып бара жатқанда олардың сыбырынан бірнеше сөзді естіп қалды.
«Поттерлер, нақ солар Поттерлер, мен естігем, иә, солардың ұлдары, Гарри...»
Дарсли мырза мелшиіп тұрып қалды. Оны үрей жаулады. Ол сыбырлаушыларға бетін бұрып бірнәрсе айтқысы келгендей қарап еді, бірақ артынан ойланып қалды, үндемеуді жөн санады. Ол жалма-жан зымырап жолды кесіп өтіп, кеңсесіне асықты, кеңсе бикесіне оны мазаламасын деп бұрқ етті де, телефон тұтқасына шап етіп, өз үйінің нөмірін теруді бітіруге таяп қалғанда, артынан ойланып қалды. Ол трубканы орнына қойып, мұртын сипап отырып ойға шомды...«Жоқ, ол нағыз ақымақтың өзі. Поттер сонша сирек кездесетін есім емес. Әрине Гарри деген баласы бар Поттер деген көп адам бар шығар. Айтпақшы, ол өзінің қайын сіңлісінің баласының аты дәл Гарри екеніне де күмәні бар еді. Ол баланы ешқашан көрген жоқ та. Мүмкін оның аты Харви шығар, немесе Гарольда та болуы мүмкін. Дарсли ханымды уайымдатуға еш себеп жоқ, өйткені сіңлісі жайлы сөз қозғалған кезде оның қатты мазасы кететін. Бірақ ол үшін Дарсли ханымды сөгуге болмайды – оның өзінің осындай қарындасы болса қайтер еді... Не десе де, жадағай киген адамдар ше...»
Қалған жұмыс уақытында бұрғы туралы ойлау қиынға соқты. Тіпті толқығаны сонша, сағат бесте кеңсесінен шығып бара жатып дәл есік артында тұрған біреуді соғып алды.
Кіп-кішкентай шалдың шалынып құлап қала жаздағанын көріп ол «Кешіріңіз» деп бұрқ етті. Тек бірнеше секунд өткеннен кейін ғана Дарсли мырза шалдың күлгін түсті плащ кигенін аңғарды. Шал өзін құлата жаздағанына ешбір көңілі түспеген секілді көрінді. Керісінше, екі езуіне күлкі ұялап, өтіп бара жатқан адамдардың назарын аудартатын шіңкілдеген жіңішке дауыспен былай деді «Кешірім сұрамаңыз, қымбатты мырзам, өйткені бүгінгі күнгі менің бақытымды ештеңе бұза алмас! Сіз де қуаныңыз, себебі, Өзіңіз Білетін Адам көптен күткен жеңіліске ұшырады! Тіпті өзіңіз сияқты қарапайым магглдар да бұл аса бақытты күнді тойлауы тиіс!»
Шал Дарсли мырзаны қарынынан құшақтап алды да әрі қарай бет алды. Дарсли мырза жерге қаққан қазықтай қақиып тұрып қалды. Оны жаңа ғана мүлдем бөтен адам құшақтап алды. Оған қоса оны, бұл не нәрсені білдірсе де, маггл деп атады. Дарсли мырзаны қорқыныш сезімі биледі. Ол өз көлігіне асығып, өмірінде бірінші рет осының бәрі елестеген шығар деп үміттеніп (себебі бұрын ол ешқандай елесті құптамайтын) үйіне қарай бет алды.
Үйіне жақындағанда бірінші көргені – сол таңертең көрген сұр мысық еді, әрине бұл жағдай оның көңіл күйін көтере қойған жоқ. Енді ол мысық шарбақтың үстінде отырған еді. Мысықтың дәл сол мысық екенін бірден аңғарды, себебі көзінің айналасындағы таңбалар дәл сондай болатын. Дарсли мырза дауысын көтеріп:
- Кет! – деді.
Мысық орнынан тырп етпеді, тек қадала қарады. Дарсли мырза мысықтар сөйтуші ме еді деп ойланып қалды. Өз-өзін қолына алып, ол үйге кірді. Дарсли мырза әлі де әйеліне ештеңе айтпау керек деген ойда еді.
Дарсли ханым күнін жап-жақсы өткізіпті. Кешкі аста ол күйеуіне үйдің сол жағында тұратын көршінің қызымен болған дауы жайлы және Дадлидың «жемеймін!» деген жаңа сөзді үйренгенін айтып берді. Дарсли мырза өзін дым болмағандай ұстауға бар күшін жұмсады. Дадлиды ұйқтатқаннан кейін Дарсли мырза қонақ қабылдайтын бөлмеге кіргенде кешкі жаңалықтардың дәл соңына қарай дөп түсті:
- Еліміздің орнитологтарының айтуынша, ағылшын жапалақтары бүгін тым біртүрлі күйде болды. Жапалақ өз қорығын түнде аулауға шығады, ал күндіз көбінесе көрінбейді, ал бүгін таң атқалы жан жаққа ұшып жүрген жүздеген жапалақ байқалды. Ғалымдар болса жапалақтардың күнделікті кестесінде күрт өзгерістің себебін түсіндіре алмай бас қатыруда. – Диктор өзінің сәл жымиуына жол берді. - Өте таңғажайып жағдай. Ал енді Джим МакГаффин сіздерді ауа райы болжауымен таныстырып өтеді. Джим, бүгін түнде жапалақтан жаңбыр жауар ма екен қалай ойлайсың?
- Тед, ол жайлы білмеймін, - деді синоптик. – Бірақ тек жапалақтар ғана біртүрлі болған жоқ. Кент, Йоркшир және Данди секілді бір бірінен алыс жерлерден студияға қоңыраулар түсті. Телефон шалған адамдар менің кешегі болжаған жаңбырымның орнына жұлдыз жаңбырды тамашалапты! Мүмкін кейбіреулер Гай Фокс түнін уақытынан бұрын тойлауға көшкен шығар, бірақ ол тек келесі аптада басталады, мырзалар! Ал бүгін мен жаңбырлы түнді болжаймын.
Дарсли мырза отырған жерінде қақиып қалды. Бүкіл елде болған жұлдыз жаңбыры? Күндіз ұшатын жапалақтар? Капюшон киген жұмбақ адамдар? Және Поттерлер жайлы сыбырлар...
Дарсли ханым бөлмеге екі шыныаяқ шәймен кіріп келді. Масқара! Оған қалай да болса айту керек. Ол ыңғайсыз жөтеліп былай деді «Мм.. Петуния, қымбаттым.. Соңғы уақытта әпкеңнен хабар бар ма?»
Күткеніндей Дарсли ханымның ашуы келе бастады. Өйткені олар әрдайым оның әпкесі жоқ секілді өмір сүретін.
- Жоқ. Оны неге сұрайсың, - деді ол кесіп алғандай.
- Жаңалықтардан бір түрлі нәрселер айтты. Жапалақтар...Жұлдызды жаңбыр...қалада да бір түрлі кісілер толып жүр, - деді Дарсли мырза былжырап.
- Сонымен? – деп Дарсли ханым шаңқ етті.
- Жәй...мен бұны әпкең сияқты адамдармен ...өзің түсінесің ғой.. солармен байланысты екен шығар деп ойладым.
Дарсли ханым шәйін тарс жұмып алған еріндерінің арасынан сораптап ішіп отырды. Дарсли мырза «Поттер» деген атты естідім деп айта алам ба екен деп отырды. Айта алмаспын деп ұйғарды. Оның орнына барынша ештеңе болмағандай былай деді:
- Олардың баласы Дадлимен жасты еді ғой, солай ма?
- Солай шығар, - деді Дарсли ханым суық түрде.
- Оның аты кім еді? Говард па еді?
- Гарри. Меніңше жеркенішті ат.
- Иә иә, келісемін, - деді Дарсли мырза жүрегі суып.
Ол ұйықтайтын бөлмеге көтерілгенде бұл жайлы сөз қозғаған жоқ. Дарсли ханым ваннада болған уақытта Дарсли мырза терезеге ұрланып бақша жаққа төмен қарады. Мысық әлі де сол жерде еді. Ол бір нәрсе күтіп отырғандай Привет Драйвқа қарап тұрды.
Мүмкін оған жәй ғана көзіне көрінген шығар? Мүмкін бұның бәрінің Поттерлерге ешқандай қатысы жоқ шығар? Өйткені егер қатысы бар болса...Егер олардың сол жұпқа қатысы бар екені белгілі болып қалса...Жоқ, ол ондайды көтере алмас.
Дарслилер ұйықтауға кетті. Дарсли ханым лезде ұйықтап қалды, ал Дарсли мырза болса көпке дейін ойланып ұйықтай алған жоқ. Соңғы келген жайландыратын ойы мынадай еді – егер осының бәрі шынымен-ақ Поттерлермен байланысты бола қалса да, Дарсли ханым екеуіне еш қатысы болмас. Поттерлер Петуния екеуінің өздері және өздері секілділер жайлы не ойлайтындарын тым жақсы білетін...Дарсли мырза Петуния екеуінің соңғы оқиғаларға қалайша қатысы бар болуы мүмкін екенін көре алған жоқ. Ол есінеп, бір аунады. Жоқ, олардың бұған еш қатысы жоқ...
Дегенмен ол қатты қателескен еді.
Дарсли мырза қатты ұйқыға беріліп қорылдап жатса, үй сыртындағы мысық ұйқышылдық сыңайын танытқан да жоқ. Ол қаққан қазықтай орнынан тырп етпестен Привет Драйв бұрылысынан көзін алмай қарап тұрды. Мысық көрші көшеде машина есігі тарс жабылса да, басының үстінен екі үкі ұшып өтсе де селк етпеді. Ол тіптен түн жарымға дейін орнынан қозғалған жоқ.
Мысық қарап тұрған бұрыштан кенеттен бір адам пайда болды. Адамның кенет әрі еш шу шығармай пайда болғаны соншалық, тіпті оны жер астынан өсіп шықты деп ойлауға боларлық еді. Мысық көзін ашып-жұмып, құйрығын бұлғаң еткізді.
Привет Драйв бұрын соңды мына адамға ұқсас ешкімді көрмеген еді. Ол өте ұзын бойлы, арық, әрі аппақ шашы мен сақалына қарағанда аса кәрі кісі секілденді. Шашы мен сақалының ұзын болғаны соншалық, тіпті оларды белдігінің артына жинап қойыпты. Ол үстіне ұзын мантия мен етегі жерге жететін күлгін түсті плащ, ал аяғына айылбастары бар ұзын өкшелі етік киген екен. Ашық әрі жарқын көк көздері жарты шеңбер пішінді көзілдірігінің астынан жылтырап тұрды, мұрыны ұзын әрі аз дегенде екі жерден сынғандай қисық еді. Бұл адамның аты Албус Дамблдор еді.
Албус Дамблдор өзінің атынан бастап етігіне дейін адам жақтыртпайтын көшеде пайда болғанын байқамай тұрған секілді еді. Ол плащінің ішінен бір нәрсе іздеумен болды. Бірақ ол артынан біреу бақылап тұрғанын сезді, себебі кенет көшенің арғы бетінде өзіне тесіле қарап тұрған мысыққа көз тастады. Неге екені белгісіз мысықтың түрі оған күлкінішті көрінді. Албус Дамблдор мырс етіп «Әрине, дәл өзі» деп міңгірледі.
Ол ішкі қалтасынан іздеген нәрсесін тауып алды. Сырт көзге күміс шақпақ сияқты көрінді. Албус Дамблдор оны сәл қағып ашып, көкке көтеріп бір шертті. Жақын жердегі көше шамы жәй ғана сытырлап өшіп қалды. Ол тағы бір рет шерт еткізгенде келесі шам да сөніп қалды. Албус Дамблдор көшеде жалғыз жарық көзі - алыстағы екі нүкте, яғни өзін бақылап тұрған мысықтың екі көзі қалғанша Сөндіргішті он екі рет шертті. Егер дәл осы сәтте біреу терезеге қараса, тіпті ол өткір көзді Дарсли ханым болсын, еш нәрсе көре алмас еді. Дамблдор Сөндіргішін плащінің ішіне қойып төртінші үйге қарай бет алып, шарбақ дуалға мысықтың қасына отырды. Ол мысыққа қараған жоқ, дегенмен аз уақыттан соң оған:
- Сізді бұл жерде көрген қызық екен, профессор МакГонагалл. – деді жымия басын бұрып, бірақ мысық ғайып болды. Оның орнына мысықтың бетіндегі дәл таңбасының орнында төртбұрыш көзілдірігі жайғасқан аса қатал реңді әйел отырды. Бұл әйел де плащ киген еді, бірақ күлгін емес, ашық жасыл түсті. Ол шашын қатты буып алған екен. Әйел қатты өкініш сыңайын танытты.
- Мен екенімді қалай біліп қойдыңыз?
- Мен өмірімде мысықтардың сіз сияқты қаққан қазықтай сілейіп отырғанын көрмеппін.
- Кірпіш қабырғада күн ұзаққа отырсаң, сілейіп қатқатқаннан басқа не қалады?!- деп профессор МакГонагалл бұрқ етті.
- Күн ұзақ? Тойлаудың орнына ма? Мен болсам, осы жаққа келерден бұрын жолда он шақты тойда қонақта болып қайттым.
Профессор МакГонагалл ашу қысып жырқ етті.
- Әрине, бәрі тойлап жатыр екен ғой, керемет, - деді ол ызаланып. - Өздерімізді сәл абайлап ұстауға болушы еді ғой, жоқ тіпті маггладар да бір нәрсе болып жатқанын сезіп қойған сияқты. Олардың жаңалықтарынан айтты. – Ол басымен Дарслилердің қонақ бөлмесінің қараңғы терезелерін нұсқады. – Мен «бір топ жапалақ», «жұлдыз жаңбыр» деген сөздерді естдім. Олар соншалықты ақымақ емес қой. Байқаусызда Кентте жұлдыздардың аққанын бақылапты, бұл Дедалус Дигглдың жұмысы екеніне күмәнім жоқ. Ол ешқашан да байыптылық танытқан емес еді.
- Оларды сөкпей-ақ қойыңыз, - деді Дамблдор жұмсақтық танытып. – соңғы он бір жыл ішінде қуанатын тым аз себеп болып еді ғой.
- Білем, - деді профессор МакГонагалл өкініп. – Бірақ бұл естен шығарлықтай нәрсе емес. Жап-жарықта магглдар киімін де кимей, бір-бірлерімен өсек айтысу деген нағыз ереңсіздік..
Ол Дамблдорға одан бір нәрсе есту үмітімен қадала қарады, бірақ Дамблдор үндеген жоқ, сондықтан ол әрі жалғастырды:
- Егер дәл Өзіңіз Білетін Адам жоғалған күні магглдар біздің бар екенімізді біліп қойса, не істер екенбіз. Дамблдор, ол шынымен-ақ біржола жоғалды ма екен?
- Нақ солай секілді, - деді Дамблдор.- Біз үшін қуанышқа үлкен себеп бар. Лимон мұз кәмпитін жейсіз бе?
- Не?
- Мұз кәмпит. Бұл магглдар жейтін тәтті тағам, мен оны қатты жақсы көрем.
- Жоқ, рахмет, - деді профессор МакГонагалл мұз кәмпит жеудің уақытын тапқансың дегендей суық жүзбен. – Мен айтып кеткендей, Өзіңіз Білетін Адам ғайып болса да...
- Қымбатты профессор, парасатты адам оны сөзсіз атымен айтуға тиіс. «Өзіңіз Білетін Адам» деген әйшейін нәрсе...Мен он бір жыл бойы жұрттың оны шын атымен – Волдеморт деп атауына қол жеткізуге тырысып жүрмін.
Профессор МакГонагалл селк етсе де, екі лимон мұз кәмпитін қағазынан тазартып жатқан Дамблдор бұны байқамаған сыңай танытты.
- Оны әлі де «Өзіңіз Білетін Адам» деп атау - ақымақтық. Мен болсам, ешқашан Волдеморт атын атауға қорқатын еш себеп тапқан емеспін.
- Мен сіздің қорықпайтыныңызды білем, - деді Профессор МакГонагалл жартылай ашумен, жартылай сүйсіне. – Бірақ сіздікі басқа жағдай ғой. Өзіңіз Білетін..жарайт, жарайт Волдеморт тек жалғыз өзіңізден ғана қорыққанын жұрттың бәрі біледі.
- Жағымпазданбаңыз, - деді Дамблдор жайбарақат. – Волдеморттың бойындағы қуаттың алапаттығы соншалық, менде ондай күш ешқашан болмайды.
- Өйткені сіз ол күшті қолдануға тым мейірбансыз.
- Қазір қараңғы болғаны қандай жақсы болды. Мен Мадам Помфри менің құлаққабымды мақтағаннан бері осыншама қызармап едім.
Профессор МакГонагалл Дамблдорға қадала қарап былай деді:
- Әр жердегі қаулаған өсекпен салыстырғанда, үкілер түкке тұрмай қалды. Жұрттың не деп жүргенін білесіз бе? Оның неліктен жоғалғаны жайлы? Ақырында оны не тоқтатқанын білесіз бе?
Профессор МакГонагалл әңгіменің ең алаңдататын тұсына, яғни күні бойы суық дуалдың үстінде отырғанының негізгі себебіне келген сияқты болды. Дәл қазіргідей, не мысық, не әйел Дамблдорға соншалықты зейінмен қараған емес. Жұрт не десе о десін, өзін Дамблдор құптамайынша, ештеңеге де сене қоймайтыны анық еді. Дегенмен Дамблдор кезекті кәмпитті жеуге кірісіп, еш жауап қатпады.
- Олар өткен түнде Волдеморт Годрикс Холлоуға қайтып келді дейді, - деді Профессор МакГонагалл қоймай. – Ол Поттерлерді іздеді. Олардың айтуынша Лили мен Джеймс Поттер ... олар ... олар ... қайтыс болыпты.
Дамблдордың басы салбырап кетті. Профессор МакГонагалл алқынып былай деді:
- Лили мен Джеймс...Мен бұған сенбеймін...Сенгім келмейді...Албус...
Дамблдор оны жұбатып иығынан қақты. «Мен білем, білем» - деді қайғыра.
Профессор МакГонагаллдың дауысы қайта сөйлей бастағанда дірілдеп кетті:
- Мен әлі бәрін айтқан жоқпын. Ол Поттерлердің ұлы Гарриді өлтірмек болыпты. Бірақ өлтіре алмапты. Кішкентай сәбиге әлі келмепті. Ешкім бұның қалай, не себепті болғанын білмейді, алайда жұрттың айтуынша Гарри Поттерді өлтіре алмаған уақытта, оның күші не бір себептермен әлсіреп қалыпты, жоғалып кеткені де сондықтан.
Дамблдор түнеріп басын изеді.
- Бұл шын ба? - профессор МакГонагалл сәл мүдіріп қалды. – Қаншама адамды өлтіргеннен кейін...Кіп-кішкентай сәбиді өлтіре алмағаны ма? Бұл шынымен таңқаларлық жағдай...Оны тоқтататын нәрселердің ішінен...Бірақ, құдай үшін айтыңызшы, Гарри қалай ғана аман қалды?
- Біз тек болжай ғана аламыз, - деді Дамблдор. – Бірақ шындығын ешқашан біле алмаймыз.
Профессор МакГонагалл кестелі орамалын алып көзілдірігінің астындағы көздерін сүртіп алды. Дамблдор қалтасынан алтын сағат алып, оны қарастыра мұрнын тартты. Бұл өте жұмбақ сағат болатын. Сағатта он екі тіл бар, бірақ бірде бір сандық белгі жоқ еді. Сандық белгілер орнына шеттерінде кішкентай планеталар қозғалып жүретін. Дегенмен, Дамблбор үшін бәрі түсінікті еді, себебі ол сағатты қайтадан қалтасына салып:
- Хагрид кешігіп жатыр. Айтпақшы, менің осы жерде болатынымды сізге сол айтқан шығар. – деді.
- Иә, - деп жауап қатты профессор МакГонагалл. – Сонымен қатар, мен сіздің дәл осы жерде неге отырғаныңызды түсіндіреді деп үміттенбеймін де.
- Мен Гарриді өзінің тәтесі мен ағасына беру үшін келдім. Бұлар оның өмірде қалған жалғыз туысқандары.
- Сіз бұларға... Сіз осы үйде тұратын адамдарды айтып тұрсыз ба? – деп профессор МакГонагалл аяғына ұшып тұрып, төртінші нөмірлі үйді көрсете айғай салды. – Дамблдор – бұл мүлде мүмкін емес! Мен олардың соңынан күні бойы бақыладым. Бізге бұлардан жат жұпты таба алмассыз. Олардың өз балалары бар – мен оның жол бойы шешесін теуіп кәмпит сұрап жылап бара жатқанын көрдім. Сонда сіздіңше Гарри Поттер осы үйде тұру керек пе!
- Бұл ол үшін ең жақсы жер, - деді Дамблдор айтқанынан қайтпастан. – Оның тәтесі мен ағасы өскенде оған бәрін түсіндіріп айтып береді. Мен оларға хат жаздым.
- Хат? – деп профессор МакГонагалл қабырғаға қайтадан отыра әлсіз үн қатты. – Дамблдор, сіз шыныменен-ақ бұл жағдайды хат жазып түсіндіруге болады деп ойлайсыз ба? Бұл адамдар ешқашан баланы түсінбейтін болады. Бұл бала танымал болады, аңызға айналады, және егер алда осы күн Гарри Поттер күні деп аталып кетсе, мен таң қалмаймын. Гарри туралы кітаптар жазылады, тіпті бұл дүниеде әр бала оның атын білетін болады!
- Өте дұрыс, - деп Дамблдор жарты шеңбер пішінді көзілдірігінің үстінен байыптылықпен қарай келісті. – Сонымен қатар бұның бәрі кез келген баланың басын айналдырып жіберуге жетерлік нәрсе. Сөйлеп, не жүріп үйренбей жатып танымал болу не деген сұмдық! Өзің тіпті есіңде жоқ оқиға арқасында танымал болу! Сіз оның ер жеткенге дейін, яғни осының бәрін қабылдауға дайын болғанға дейін алыста, яки осы жерде өскені әлде қайда артық екенін көрмейсіз бе?
Профессор МакГонагалл аузын ашып бірдеңе айтайын деп еді, бірақ артынан ойланып қалып, бір жұтынып былай деді:
- Әрине, иә, иә...сіздікі дұрыс. Алайда Дамблдор, бұл жерде бала үшін қалай болар екен?
Кенеттен ол бала сол жерде болуы мүмкін деп Дамблдордың плащін көзмен сүзіп өтті.
- Оны Хагрид әкеледі.
- Сіз... осындай маңызды шаруаны Хагридке тапсыруды ...дұрыс деп ойлайсыз ба?
- Мен Хагридке өз өмірімді де тапсыруға дайынмын, - деп жауап қатты Дамблдор.
- Мен оны жаман дегем жоқ, - деді Профессор МакГонагалл. – алайда оны бейғам емес деп айта алмаймын. Ол өзіңіз білетін нәрсеге жақын...- мынау не тағы?
Айналадағы тыныштықты бір гүрілдеген жуан дыбыс бұзды. Дыбыс күшейген сайын олар жарық сәулесін іздеп көшенің соңына қарай қарайлай берді; олар аспанға қарағанда дыбыс қатты гүрілге айналып, көктен орасан зор мотоцикл түсіп олардың дәл алдарына қонды.
Алып мотоцикл, оның үстінде отырған адаммен салыстырғанда, дым емес боп көрінді. Ол жәй адамға қарағанда екі есе ұзын, әрі кем дегенде бес есе толық еді. Ол тым үлкен әрі жабайы–ұзын шашы мен сақалы ұйысқан, алақаны қоқыс салатын жәшіктің қақпағына сай, ал аяқтары дельфиннің баласы іспеттес былғары етікке оранған еді. Еңгезердей алып қолдарына бір орам көрпе ұстап алыпты.
- Хагрид, - деді Дамблдор қуанып. – Ақыры келдің-ау! Мотоциклді қайдан алдың?
- Біреуден қарызға сұрап алдым, Профессор Дамблдор, сэр. – деді алып мотоциклден түсіп жатып. – Маған мұны Сириус Блэк деген жас жігіт берді. Сэр, мен оны әкелдім.
- Ешқандай қиыншылыққа тап болған жоқсың ба?
- Жоқ, сэр. Үй түгел қирап қапты, мен оны магглдар келместен бұрын дәл уақытында тауып алдым. Ол біз Бристолдің үстінен ұшып бара жатқан уақытта ұйықтап қалды.
Дамблдор мен профессор МакГонагалл бір орам көрпенің үстіне үңіле қарады. Ішінде құртақандай боп сәби ұйықтап жатты. Көмірдей қара шаштарының астында найзағайға ұқсас ғажап пішінді тыртық көрінді.
- Бұл..? – деп профессор МакГонагалл сыбыр етті.
- Иә, - деді Дамблдор. – Бұл тыртық оның бетінде мәңгі қалады.
- Мүмкін бұнымен бір нәрсе қылуға болатын шығар, Дамблдор?
- Мүмкін болса да, мен бәрібір еш нәрсе қылмаушы едім. Тыртықтардың пайдасы бар. Менің өзімде де тіземде дәл Лондон метросының картасына ұқсас тыртық бар. Жарайды, Хагрид, оны маған бер – оны апарып қою керек.
Дамблдор Гарриді қолына алып Дарслилер үйіне қарай бет алды.
- Мен...мен онымен қоштасайыншы, сэр? – деп өтінді Хагрид.
Ол өзінің еңгезердей алба-жұлба басын Гарридің үстіне төндіріп, оны шөлп еткізді. Сосын ол кенеттен ит сияқты дерлік ұлып жіберді.
- Тыныш! – деп профессор МакГонагалл ысылдады. – Магглдарды оятасың!
- Кешіріңіздер, - деді Хагрид, үлкен кір бет орамалымен бетін жауып. – Мен өз-өзімді ұстай алмай қалдым. Лили мен Джеймс қайтыс болды, ал бейшара Гарри магглдармен тұруға мәжбүр...
- Иә, иә, бұл аса қайғылы жағдай, алайда сен өз-өзіңе ие бол, Хагрид, әйтпесе бізді көріп қоюлары мүмкін, - деп профессор МакГонагалл сыбыр етіп, Дамблдор тапал бақша дуалынан өтіп есікке қарай бет алып бара жатқанда, Хагридті өзіне қарай жұлқылады. Ол ақырын ғана Гарриді табалдырыққа қойып, плащінен суырып алған хатты көрпелердің ішіне қойып, қалған екеуіне қайтып келді. Бір минут бойы үшеуі кіп-кішкентай орамға қарап тұрды; Хагридтың иықтары селкілдеп, профессор МакГонагаллдың көздері жыпылықтап тұрды, ал жайда жарқырап тұратын Дамблдордың көздері сөніп қалған секілді көрінді.
- Ал жарайды, - деді ақыры Дамблдор. – Бар болғаны осы. Бұл жерде тұра берудің керегі жоқ. Енді біздің де қалғандарға қосылып тойлауға кірісуімізге болады.
- Иә, - деді Хагрид әрең сөйлеп. – Мен барып Сириуске мотоциклді қайтып берейін. Қайырлы түн, профессор МакГонагалл, Профессор Дамблдор, сэр.
Хагрид курткасының жеңімен көзін сүртіп мотоцикліне жайғасты да, бір теуіп двигателін іске қосты. Мотоцикл гүрілмен аспанға көтеріліп, қараңғы түнде ғайып болды.
- Сізді жақында көруге үміттенем, профессор МакГонагалл, - деді Дамблдор басын изеп. Профессор МакГонагалл тек күрсініп жауап қатты.
Дамблдор бұрылып көше бойымен төмен қарай кетті. Ол бұрышта тоқтап күміс Сөндіргішін шығарды. Сөндіргішті бір шерткенде, он екі шам қайтадан лап беріп жанып, сұр мысықтың көшенің басқа соңындағы бұрыштың артына жып бергенін көрсетіп, Привет Драйвты сарғыш түске бояды. Сонымен қатар төртінші нөмірлі үйдің баспалдағында жатқан орам көрпе де көзге көріне қалды.
- Саған сәттілік тілеймін Гарри, - деп Дамблдор плащін желп еткізіп ғайып болды.
Соққан самал жел түптердің бұтақтарын қыбырлатып жатты. Привет Драйв қараңғы аспан астында таңғажайып оқиғалардың орын алуы мүмкін еместей тыныш әрі мұнтаздай болып жатты. Гарри Поттер көрпелердің астында оянбастан жәй ғана бір аунады. Кіп-кішкентай қолы жанындағы хатқа жармасып алыпты. Гарри Поттер не танымал екенін, не өзінің бірнеше сағаттан кейін сүт әкелетін адамға бөтелке қоюға есік ашқан Дарсли ханымның айғайынан оянатынын, не келесі бірнеше жыл бойы өзінің бөлесі Дадлиден таяқ жеп өсетінін білмей ұйықтап жатты...Ол осы уақытта бүкіл ел бойынша адамдардың құпия түрде кездесіп, бокалдарын көтеріп ақырын сыбдырмен «Аман қалған бала үшін - Гарри Поттер үшін!» деп жатқанын білуі мүмкін емес еді.
