Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Гарри Поттер және философиялық тас кітабының аудармасының екінші бөлімі

Сәлем достар! Гарри Поттер және философиялық тас кітабының аудармасының екінші бөлімін ұсынамын! Біріншісін мынау ссылка арқылы таба аласыздар: http://yvision.kz/post/692593

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ҒАЙЫП БОЛҒАН ШЫНЫ

Дарслилер отбасы табалдырығынан жиендерін тауып алғаннан бері он жылдай уақыт өтті, алайда Привет Драйв еш өзгермеген еді. Күн сәулесі дәл сол мұнтаздай бақшалар мен Дарслилердің сырт есіктерінде қағылған қола төрттікке және Дарсли мырза жаңалықтардан үкілер жайлы репортаж естіген дәл сол түннен бері өзгермеген қонақ бөлмеге жарығын төгіп тұрды.  Тек пеш сөресінде тұрған фотосуреттерге ғана қарап қанша уақыт өткенін шамалау мүмкін еді. Он жыл бұрын бұл жерде әр түрлі түсті матадан бас киім киген қызғылт үрленген допқа ұқсас бір нәрсе бейнеленген болатын, алайда қазір Дадли Дарсли сәби емес еді, енді фотосуреттерде бірінші велосипедін ұстап тұрған, жәрмеңке каруселінде отырған, әкесімен компьютер ойындарын ойнап отырған, сонымен қатар өзін құшақтап сүйіп отырған шешесінің қасындағы сап-сары семіз бала бейнеленген еді. Үйде одан басқа тағы бір баланың барын білдіретін еш нәрсе жоқ болатын.

Дегенмен Гарри Поттер осы үйде тұратын. Дәл осы уақытта ол ұйықтап жатқан, бірақ бұл ұзаққа созылған жоқ. Оның тәтесі Петуния тұрып алған екен. Күн тәтесінің айғайлаған ащы дауысынан басталды.

- Тұр! Бол тез, тұр дедім ғой!

Оның айғайынан Гарри төсегінде секең ете қалды. Тәтесі есікті тоқылдатып:

- Тұр! – деп бақырды.

Гарри алыстап бара жатқан аяқтар мен плитаға қойылған табаның дыбысын естіді. Ол арқасына аунап өзінің көрген түсін есіне түсіруге тырысты. Жақсы түс еді. Ұшатын мотоцикл жайлы болатын. Ол бұл түсті бұрын көрген сияқты бір түрлі сезімде болды.

Оның тәтесі тағы да есікке қарай келді.

-   Тұрдың ба өзің? – деді ол зекіп.

-   Солай сияқты, - деді Гарри.

- Жылдамырақ қозғал, беконға қарау керек. Байқа күйіп кетпесін, Дадлидің туған күнінде бәрі ойдағыдай болу керек.

Гарри қатты күрсінді.

-         Не дедің? – деді тәтесі есік артынан жалма-жан.

-         Жәй әншейін...

«Дадлидің туған күні – қалай ғана ұмытты?» Гарри асықпай төсегінен түсіп шұлығын іздеуге кірісті. Ол төсегінің астынан табылған шұлығының біреуінің ішінен өрмекшіні түсіріп тастап аяғына киіп алды. Гарри өрмекшілерге үйреніп алған-тын, себебі саты астында орналасқан ол ұйықтайтын шоланда олар көп-ақ еді.

Гарри киініп алып дәліз арқылы ас бөлмеге өтіп кетті. Үстелдің үстін Дадлидің туған күніне арналған есепсіз сыйлықтар жауып тастапты. Дадли екінші телевизор мен бәйге велосипедін санамағанда, өзі тілеген жаңа компьютерге ие болғанға көрінеді. Дадлиге жарыс велосипедінің не қажеті бар екені Гарри үшін жұмбақ еді, себебі семіз Дадли әлсіздерді сабаудан басқа денешынықтырудың ешбір түрін ұнатпайтын. Дадлидің ең жақсы көретін бокс тұлыбы Гарри болатын, алайда оны ұстап алу қиынға соғатын. Гарри сырт көзге олай көрінбесе де, өте шапшаң болатын.

Қараңғы шоланда өмір сүргендіктен бе, әйтеуір Гарри өз жасына сай емес кішкентай әрі арық еді. Ол одан төрт есе семіз Дадлидің ескі киімін кигендіктен одан да кішкентай боп көрінетін. Гарри жүдеу бетті, буылтық тізелі, шашы қара, ал көзі ашық жасыл түсті бала болатын. Ол Дадли әрдайым оны мұрнынан бір қойып жіберуге дайын тұрғандықтан бірнеше рет сынған, скотчпен оралған дөңгелек көзілдірік киетін. Гарридің өзінің кейіпіндегі ұнайтын жалғыз нәрсе оның маңдайындағы найзағай пішіндес аса жіңішке тыртығы болатын. Бұл тыртық Гарридің маңдайында өзін білгелі бері бар еді, сондықтан оның Петуния тәтесіне қойған алғашқы сұрағы оның қалай пайда болғаны жайлы еді.

- Автоапатта, сенің әке-шешең қайтыс болған күні, - деді ол. – Басқа сұрақ қойма.

Ешқандай сұрақ қоймау Дарслилердің байсалды өміріндегі бірінші ереже болатын.

Гарри беконды аударып жатқанда, ас үйге Вернон ағатай кірді.

- Шашыңды тара, - деді ол амандасудың орнына.

Аптасына бір реттей Вернон ағатай көзін газеттен айырып, Гарридің шашын қысқарту керектігі жайлы шу көтеріп айтып отыратын. Гарри өзінің кластастарының бәрін қосып санаса да, шашын олардан көп алғызған еді, алайда бұдан ештеңе өзгермейтін – оның шашы жан-жаққа шашырап өсе беретін, өсе беретін.

Гарри ас үйге шешесімен бірге Дадли кіргенде, жұмыртқа қуырып жатқан болатын. Дадли Вернон ағадан айнымайтын: семіз қызыл шырайлы, тоң мойын, суланып тұратын кішкентай көзді, дәу басында ұқыптап тарап қойған қалың сары шашы бар-тын. Петуния тәте Дадлидің періштеден аумайтынын жиі қайталайтын, ал Гарри болса, оны жасанды шаш киген доңызға көбірек ұқсататын.

Гарри бекон мен жұмыртқаны үстел үстінде қоюға жер болмағандықтан тәрелкелерге салды. Ал Дадли болса, бұл уақытта сыйлықтарын санап отырған еді. Кенеттен оның түрі бұзылып кетті.

- Отыз алты, - деді ол әке-шешесіне қарап. - Өткен жылға қарағанда екіге кем.

- Аяулым, сен Мардж тәтенің сыйлығын байқамай қалған шығарсың, әне әкең екеуміздің алған үлкен сыйлықтың астында жатыр.

- Ал жарайды, отыз жеті болсын, бәрі бір кем, - деді Дадли. Оның беті қызарып кетті. Гарри Дадлидің қатты долдана бастағанын сезіп, Дадли үстелді аударуы мүмкін болғандықтан, беконын тез жылдамдықпен жұта бастады.

Петуния тәте де келе жатқан қатерді сезіп, тез сөйлей жөнелді:

- Бүгін қыдыруға барғанда біз саған тағы екі сыйлық алып береміз. Қалай қарайсың, балапаным? Тағы екі сыйлық. Мақұл ма?

Дадли бір секундке ойланып қалды. Оның басы анық қатты жұмыс жасап жатқан сияқты еді. Ақыры ол жай ғана былай деді:

- Онда менде отыз...отыз..

- Отыз тоғыз болады, тәттім менің, - деді Петуния тәте кірісіп.

- Ооо! – деп Дадли орнына отырды да, жақын жердегі үлкен оралған сыйлыққа шап берді. – Онда жарайды.

Вернон ағатай мәз боп:

- Кішкентай бұзығым сол, өзіне тиесілінен айрылып қалмас, дәл өзім сияқты. Жарайсың, Дадли! – деп баласын басынан сипады.

Осы уақытта телефон шырылдап, Петуния тәте оған жауап беруге кетті, ал Гарри мен Вернон аға Дадлидің жарыс велосипедін, бейнекамераны, алыстан басқарылатын ұшақты, он алты жаңа компьютер ойыны мен видеомагнитафонды ашып қарап жатқанын бақылап отырды. Петуния тәте ызалы әрі абыржыған түрде оралғанда, ол алтын сағаттың сырт қабын жұлмалап жатқан еді.

- Вернон, жаман хабар келді, - деді ол. – Фигг ханым аяғын сындырып алыпты. Ол оны алып кете алмайды, - деп Петуния тәте Гарри жаққа иегімен көрсетті.

Дадли үрейлене аузын ашып қалды, ал Гарридің жүрегі керісінше алып ұшты. Жыл сайын Дадлидің туған күнінде, Дадли, ата-анасымен бір жерге қыдыруға, яғни аттракциондар паркіне, киноға, не кафеге баратын. Жыл сайын Гарри көрші көшеде тұратын алжыған кәрі әжейдің үйінде қалатын. Гарриге бұл қатты ұнамайтын. Оның үйі қырыққабат сасып кеткен еді, ал Фигг ханым болса, Гарриді өзінде тұрған барлық мысықтарының суретін қарауды күштейтін.

- Енді не істейміз? – деді Петуния тәте осының бәрін Гарри істегендей оған ызалана қарап. Гарри өзінің аяғы сынған Фигг ханымды аяуы тиіс екенін түсінетін, алайда Тибби, Тафти, Қырау және Тырнағыш сынды мысықтарды енді бір жыл бойы көрмейтінін ойлағанда бұл қиынға соқты.

- Марджға телефон шалуға болады, - деді Вернон аға.

- Ақымақ болма, Вернон, ол бұл баланы жек көрмей ме?

Дарслилер Гарри жайлы ол бөлмеде жоқ сыңайлы, анық айтқанда, ол шырыш құрт секілді жиіркенішті, әрі санауға тұрарлық нәрсе еместей, жиі сөйлейтін.

- Ал сенің құрбың...аты кім еді...Ивонн ше?

- Ол Майоркада демалып жатыр, - Петуния тәте кесіп алғандай.

- Мені осы жерде қалдырып кетулеріңе болады, - деді Гарри үмітпен (онда ол теледидардан көргісі келген нәрсенің бәрін көріп, сонымен қатар мүмкін Дадлидің компьютерінде де ойнауына болушы еді).

Петуния тәтенің байқаусызда лимон жеп қойғандай түрі бұзылып кетті.

- Қайтып келгенде  үйдің қираған қалдықтарын табу үшін бе? – деді ол шаңқ етіп.

- Менің үйді жаратын ойым жоқ, - деді Гарри, дегенмен оны ешкім тыңдап жатқан жоқ еді.

- Біз оны хайуанаттар паркіне бірге алып жүреміз дерлік, - деді Петуния тәте жай ойланып, - ...сосын машинаның ішінде қалдырып кетуге болады...

- Бұл жаңа машина, ол онда жалғыз отырса...

Дадли қатты айғайлап жылай бастады. Ол шын мәнінде жылаған жоқ, ол көптен бері шын жылаған жоқ еді, дегенмен егер түрін бұзып қыңқылдай бастаса, шешесі сұрағанының бәрін жасайтынын анық білетін.

- Дадли, ботақаным, жылама, мамаң оның мынау тамаша күніңді бұзуына жол бермейді! – деп  Петуния тәте оны екі қолымен орап алып айғай салды.

- Мен ...оның...барғанын қала-маймын... – деді Дадли өтірік өксік арасында ұлып. – ол әрдайым бәрін бүлдіріп жүреді! – сөйдеді де шешесінің қолының астынан Гарриге бетін тыжырайта қарады.

Осы уақытта қоңыраудың үні естілді. «Құдайым-ау, олар келіп қалды!» - деп Петуния тәте шыңқ етті, ал сәл уақыттан соң үйге Дадлидің ең жақын досы Пирс Полкисс пен оның шешесі кіріп келді. Пирс бет әлпеті кіріске ұқсас арық бала болатын. Дадли сабайтындардың қолын арқасына әдетте сол Пирс қайырып тұратын. Дадли дереу өтірік жылауын қоя қойды.

Жарты сағаттан соң Гарри өз бақытына өзі сенбей, Пирс және Дадлимен машинаның артында өмірінде бірінші рет хайуанаттар паркіне бара жатты. Ағасы мен тәтесі оны қайда жіберудің амалын таба алмады, алайда кетпестен бұрын Вернон ағатай Гарриді шетке апарып:

- Алдын ала айтып қояйын, - деді ол былшиған үлкен бетін Гарриге жақындатып, - Алдын ала айтам, балақай, қылықтарыңды доғар, әйтпесе шоланда тап Рождествоға дейін отырасың.

- Мен еш нәрсе істейін дегем жоқ, - деп жауап берді Гарри. – шын айтам.

Дегенменен Вернон ағатай оған сенген жоқ. Ешкім де сенбейтін. Себебі, Гарридің маңайында неше түрлі жұмбақ жағдайлар орын алатын, ал Дарслилерге бұған оның қатысы жоқ екенін айтып жеткізу мүмкін емес болатын.

Бір күні Петуния тәте Гарридің шаштараздан алба-жұлба күйінде қайтып келетініне шыдамы таусылып, ас үйдегі қайшыны алып қырқып тастағаны сонша, «бұл жағымсыз тыртықты жасыру үшін» қалдырған кекілін санамағанда оны таз деп санауға болушы еді.

Дадли есуас құрлы ыржақтап, ал Гарри болса, ол түгіл ескі киімі мен сынған көзілдірігін мазақ қылатын сыныптастары бар мектепке ертең мына түрімен қалай баратынын уайымдап түні бойы ұйықтамаған еді. Алайда келесі күні ол өзінің шашын Петуния тәте қырқып тастамағаннан бұрын қай күйде болса, дәл сол күйде екенін көріп аң-таң болды. Ол шоланда сол үшін, шашының қалай тез өсіп кеткенін өзі де түсінбегенін түсіндірсе де, бір апта отырды.

Тағы бір жолы Петуния тәте оған Дадлидің ескі жемпірін (сарғыш жолағы бар қоңыр түсті) күштеп кигізгісі келген, алайда басына тартқан сайын, жемпір Гарриге емес, Барби қуыршағына дәл келгенше дейін кішірейе берді. Петуния тәте жемпір жуғаннан кейін отырып қалған шығар деп түйді, сондықтан Гарридің қуанышына орай оны ешкім жазалаған жоқ.

Бір жолы ол мектеп асханасының шатырынан табылып келеңсіз жағдайға тап болды. Дадлидің тобы оны әдеттегідей қуып жүрген, кенеттен Гарри аң таң болған күйі пеш мұржасының үстінен табылды. Дарслилер сол кезде мектеп директорынан Гарридің мектеп шатырының үстінде қыдырып жүргенін хабарлаған ашулы хат алды. Алайда ол бар болғаны мектеп асханасының жанындағы қоқыс жәшіктерінің үстінен секіріп өткісі келді (құлыптанған шолан есігінің ар жағынан Вернон ағатайға айтқаны да осы болатын). Гарри оны секірген уақытта жел көтеріп әкетті деп түйді.

Дегенмен бүгін бәрі ойдағыдай өтіп жатты. Тіпті Дадли мен Пирстің жанында өткізген күн мектепте, шоланда, не қырыққабат сасыған Фигг ханымның қонақ бөлмесінде өткізген күннен артық еді.

Вернон ағатай жол бойы әдеттегідей долданып келе жатты. Ол әр түрлі себептерге бола наразылығын білдіруді ұнататын: жұмыстағы жұмыскерлерге, Гарриге, қала ұйымына, Гарриге, банкке, Гарриге – бұл оның жақсы көретін тақырыптарының аз ғана бөлігі еді. Бүгін бұл мотоциклдер еді.

- ...Есуас сияқты әр жерден ырылдап, өңкей есі ауысқан боқмұрындар, - деді ол оны бір мотоцикл озып өткенде.

- Мен түсімде ұшатын мотоцикл көрдім, - деді Гарри түсін есіне түсіріп.

Вернон аға алдындағы машинаға соғыла жаздап, мұрты бар үлкен қызылшаға ұқсас басын бұрып «МОТОЦИКЛДЕР ҰШПАЙДЫ!» деп айғай салды.

Дадли мен Пирс мырс етіп күліп жіберді.

- Ұша алмайтынын білем, - деді Гарри. – Бұл жай ғана түс емес пе.

Одан да үндемеген абзал еді. Дарслилер Гарридің қаперлі ойлары пайда болуы мүмкіндігінен қорқатындай, сұрақтан да жек көретіні -  түс болсын, мулътфильм болсын, әйтеуір өмірде болуы мүмкін емес нәрселер жайлы әңгімелер еді.

Бұл сенбінің шуақты күні болатын, хайуанаттар паркі балалар мен олардың ата-аналарына лық толы еді. Кірердің алдында Дарслилер Дадли мен Пирске екі үлкен шоколад қосылған балмұздақ, ал Гарриге, оны шетке апарып үлгергенше, балмұздақ сататын көңілді тәтей не жегісі келгенін сұрағасын, лимон қосылған арзан эскимо сатып алып берді. Балмұздақ жаман емес екен деген оймен Гарри оны жалап, сары болса Дадлиден аумайтын басын қасып отырған гориллаға қарап тұрды.

Гарридің бұл көп уақыттан бері өткен керемет күні еді. Ол түске қарай аңдарды қараудан жалығып Гарриді мазалауға көшекен Дадли мен Пирстен сақ болып алыста жүргуге тырысты. Олар хайуанаттар паркіндегі кафеде тамақтанып отырғанда, Дадли оның супер гамбургерінің жетерліктей үлкен болмағандықтан шу шығарғасын, Вернон ағатай оған басқасын сатып әперді, ал Гарриге оның қалған гамбургерінің қалдығын жеуге рұқсат етілді.

Гарри бүгінгі күннің осылай жалғасуы үшін тым жақсы боп кеткенін еміс-еміс сезгендей болды.

Ланчтан кейін олар террариумге бет алды. Ол жер қараңғы әрі салқын, ал қабырғаларының бойына жарығы бар шыны орнатылған екен. Шыны артында бұталар мен тастардың арасында алуан түрлі кесірткелер мен жыландар жорғалап жүрген болатын. Дадли мен Пирс дәу улы кобралар мен адам тұншықтыратын алып питондарды көргілері келді. Дадли террариумдегі ең үлкен жыланды тез тауып алды. Ол Вернон ағаның машинасын екі рет орап оның күл-қоқысын ғана қалдыруы әбден мүмкін еді, алайда дәл қазір оның көңіл-күйі болмай тұрған секілденді. Басқаша айтқанда ол ұйықтап жатқан еді.

Дадли мұрнын шыныға жапсырып жыланның жылтыр қоңыр сақиналарына тесіле қарап тұрды.

- Оны орнынынан қолзалтшы, - деді ол әкесіне бұйыра. Вернон аға саусақтарымен шыныны тырсылдатты, алайда жылан тіпті қыбыр еткен де жоқ.

- Тағы да, - деп Дадли тағы бұйырды. Вернон аға шынының үстімен одан бетер тоқылдата бастады, бірақ та жылан ұйқысынан оянбай жата берді.

- Дым қызық емес,- деп налып Дадли, әрі қарай кетті.

Гарри шыныға жақындап жыланға зейінмен қарады. Бұл жылан зеріккеннен өліп қалса Гарри таңқалмаушы еді, себебі тыным бермей күні бойы саусақтарымен шыныны тоқылдатқан ақымақ адамдардан  басқа еш серігі жоқ еді. Бұл жалғыз қонақ Петуния тәте есік қағып: «Тұр дедім-ғой!» дейтін шоланнан да жаман еді, өйткені ол жерден тым болмаса шығу мүмкін болатын.

Кенеттен жылан моншақ сынды кішкентай жылтыр көздерін ашты. Көзі Гарридің көзінің бойымен тең келгенге шейін жылан ақырын басын көтеріп оған көзін қысты.

Гарри бір орнында мелшиіп қатып қалды. Ол басқа біреу көріп тұрған жоқ па деп жан-жағына қарады, бірақ ешкімді көрген жоқ. Гарри жыланға қайта қарап оған да көзін қысты.

Жылан басымен Вернон аға мен Дадли жақты көрсетіп көзін көкке көрсетті. Оның қарасы анық «Әрдайым осылай» деп тұрды.

«Түсінем», - деді Гарри жылан оны естір ме екен деп шынының ар жағында тұрып. «Бұл қатты шаршататын шығар».

Жылан құптап басын изей кетті.

- Айтпақшы сен қай жақтан келдің? – деп сұрады Гарри.

Жылан құйрығымен шыныдағы шағын тақташаны меңзеді. Гарри сол жаққа қарай үңілді.

Боа-констриктор, Бразилия.

- Ол жер жақсы ма?

Боа-констриктор тағы да құйрығымен тақташаны көрсетті. Гарри «Бұл түр хайуанаттар паркінде өмірге келген» дегенді оқыды. «Е, онда түсінікті – сен Бразилияда болмаған екенсің ғой?»

Осы мезетте Гарридің артынан естілген құлақ жаратын айғай екеуін селк еткізді. «ДАДЛИ! ДАРСЛИ МЫРЗА! МЫНА ЖЫЛАН НЕ ІСТЕП ЖАТҚАНЫН ҚАРАҢДАР! МЫНДА КЕЛІҢДЕР! АДАМ СЕНГІСІЗ!»

Дадли арт жақтан мүмкіндігінше тез итерісіп келе жатты.

- Әй сен, кет жолдан! – деді ол шынтағымен Гарриді бүйірінен итеріп жіберіп. Қапылыста Гарри бетон еденге қатты құлап қалды. Қалған істің тез болғаны сонша, ешкім не болғанын түсінбей қалды: Пирс пен Дадли шыныға жақындап алып ұшты да, артынша одан үрейлене айғайлап қашып кетті.

Гарри отырып алып бір жұтынды; боа-констрикторды жауып тұрған шыны ғайып болыпты. Алып жылан сақиналарын бұрап тордан еденге қарай жорғалады. Айналадағы адамдар бақырып шығатын есікке қарай ұмтылды.

Гарри жылан өзінің жанынан сырғып бара жатқанда  ысылдаған жуан дауысты естіді:

- Браз-с-силия, с-ссол жерге барамын, рахмет с-ссаған, амиго.

Террариумды бақылайтын адам аң-таң болды.

- Шыны... шыны қайда кетті? – деп ол сансыз қайталай берді.

Хайуанаттар паркінің бастығы қайта-қайта кешірім сұрап өз қолымен Петуния тәтеге шәй дайындап берді. Пирс пен Дадлидің тек түсініксіз мыңқылдауға ғана әлдері жетті. Гарридің байқағанынша жылан оларға дым істеген жоқ, тек өтіп бара жатып өкшелерін ойнап бір шерткен болатын.  Алайда машинаның ішінде жол бойы Дадли бәріне жыланның аяғын жеп қоя жаздағанын, ал Пирс оның өзін тұншықтырып өлтіре жаздағанын жарыса айтып отырды. Бірақ одан бетері Пирстің кішкене басылып «Гарри жыланмен сөйлесті, солай емес пе, Гарри?» дегені болды.

Вернон ағатай Пирс үйден жетерліктей алыстағанша күтіп Гарриге кірісті. Оның ашу қысқаны соншалық, тіпті сөйлей алмай қалды. Ол әрең дегенде «Шолан...тамақсыз...бар» деген сөздерді айтып креслоға құлады, ал Петуния тәтеге брендиге жүгіруге тура келді.

Біраз уақыт өткесін Гарри өзінде сағат жоғына өкініп қараңғы шоланда жатты. Сағаттың неше екенін білмегесін Дарслилердің ояу, не ұйықтап жатқанына сенімді емес еді. Ал олар ұйықтамайынша ас үйге барып тамақ ішуге болмайды.

Ол Дарслилердің үйінде кішкентай сәби кезінде автоапатта ата-анасынан айырылғаннан бері он жыл, ең бақытсыз он жылын өткізген еді.  Оның сол машинада болған, не болмағаны есінде жоқ болатын. Кейде шоланда талай уақыт бойы отырып, бір нәрсені есіне түсіруге тырысқанда оған ғажап көрініс көрінетін: көзді ауыртатын жасыл жарық көрініп, маңдай қақсайтын. Ол апат болғанын білетін, алайда жасыл жарық қайдан пайда болғанын түсінбейтін. Ал ата-анасы мүлде есінде жоқ еді. Тәтесі мен ағасы олар жайлы айтпайтын, ал сұрақ қоюға қатаң түрде тиым салынған болатын. Үйде олардың суреті де жоқ еді.

Бұдан кіші кезінде Гарри әрдайым өзі білмейтін бір туысқаны келіп, оны осы жерден алып кететінін армандап жүретін, алайда бұл мүмкін емес еді, өйткені Дарслилер оның жалғыз туыстары болатын. Кейде оған (мүмкін солай болғанын қалағасын ба) көшеде өтіп бара жатқан кейбір адамдар оны білетін сияқты көрінетін. Бұл бір түрлі басқаша адамдар болатын. Петуния тәте мен Дадли үшеуі магазинде тұрғанда, күлгін түсті капюшон киген кіп-кішкентай адам кенет оған басын изеді. Петуния тәте ызаланып Гарриден ол адамды білесің бе деп сұрап, ештеңе сатып алмастан оларды магазиннен сүйреп алып шықты. Бір жолы оған автобус терезесінен жап-жасыл киім киген жабайы сынды әжей қуана қолын бұлғады. Оған қоса, бір ретте, ұзын қызыл пальто киген таз адам, оның қолын қысты да, бір сөз айтпай кетіп қалды. Ал ең таңқаларлығы, бұл адамдардың, Гарри оларға жақынырақ қарауға тырысқанда, ауада еріп кеткендей ғайып болатындығы еді.

Мектепте Гарридің достары болмайтын. Бәрі де Дадли тобының бұл ескі киім киіп, сынық көзілдірік тағатын жұрттан өзге Гарри Поттерді жек көретінін білетін және де ешкімнің Дадли тобына қарсы шығуға батылы жетпейтін.

0
0
1959

Осы тақырып бойынша