Гүлшара Әбдіқалықова: Некеде тұрған адамдардың жасы ұзағырақ болатыны — аксиома
ҚР Президентінің кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықовамен сұхбат.
– Гүлшара Наушақызы, көктем туа келетін мейрамдардың ең алғашқысы – 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне елімізде мемлекеттік дәргей берілгендіктен, халық бұл күні демалып, бір жадырап қалады. Оңтүстікті қайдам, қасат қары әлі кетпеген, аязды ызғары мен өкпек желі соғып тұрған солтүстіктегі жұртқа көктемнің алғашқы көңіл күйін сыйлай келетін де осы мейрам екені рас. Сіз осы мерекені көктемнің басталуы деп қабылдайсыз ба, әлде бұл сіз үшін саяси мереке ме?
– 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні барша адамдар үшін сүйікті мейрам деп ойлаймын. Себебі әйел ең алдымен – Ана, ал әлемде анадан ардақты, анадан аяулы, анадан қымбат ешкім жоқ. Мейірім де, жүректің жылуы да, жақсылықтың барлығы да әйелден, анадан басталады. Сондықтан да бұл тамаша мерекені әрі көгілдір көктемнің басталуы, әрі аналар мерекесі деп қабылдаймын.
– Осыдан екі жыл бұрын өткен келелі жиынның бірінде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлес салмағын арттыру туралы мәселе көтерілгені мәлім. Елбасының өзі әйел затының табиғаты әу бастан жамандыққа жат екенін айта отырып, мемлекет мүддесіне, ел игілігіне қатысты шешім қабылдау мәселелерінде әйелдердің рөлі артуы тиістігін меңзегенін, тіпті тиісті тапсырма да бергенін білеміз. Бұл орайдағы нәтиже қалай болып жатыр екен?
– Нәтиже жаман емес. Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясында қойылған билік органдарында шешім қабылдау деңгейінде мүмкіндігінше әйелдердің көп болуын қамтамасыз ету мәселесін жеделдету үшін 2011 жылы Қазақстан әйелдерінің съезінде Елбасы саяси мемлекеттік қызметтегі әйелдер өкілдігін 30 пайыздан кем емес деңгейге жоғарылату туралы арнайы тапсырма берген болатын.
Елбасының осы тапсырмасын орындау мақсатында арнайы іс-қимыл жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілді.
Елдің қоғамдық-саяси өміріне әйелдердің белсене қатысуына қол жеткізу мақсатында мемлекеттік қызмет кадрларының мониторингі әзірленді. Саяси лауазымдарға өсіруге болатын, мемлекеттік қызметтің әр саласында істеп жүрген үміткер әйелдердің ведомстволық тізімі әзірленді. Әйелдерді партиялық тізімге енгізу туралы ұсынымдар жасалып, барлық партияларға жіберілді. Нәтижесінде өткен сайлауда Парламент Мәжілісі депутаттарының ішінде әйелдер саны алғаш рет 26-ға жетті. Ал мәслихаттардағы әйелдердің үлесі Қостанай облысында – 31 пайыз, Ақтөбе облысында – 28, Павлодар облыстарында 23 пайызға жоғары болды.
Сонымен қатар таяуда ғана Алматы қаласы мен Қызылорда облысы әкімдерінің орынбасарлығы қызметтеріне, Алматы облысы Талғар ауданының әкімі лауазымына әйелдер тағайындалғанын да атап өткім келеді. Әрине, мұның бәрін Елбасының тапсырмасын орындау жолындағы үлкен жетістік деп санаймын.
– Еліміздегі гендерлік теңдік саясатының жүзеге асырылуына шетелдік мамандар қандай баға береді?
– 2012 жылы әйелдер мен ерлерге тең жағдай жасау тұрғысынан Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшылары мониторинг жасаған 135 елдің ішінде 31-орынды иеленді. Егер мұның алдындағы жылы 49-орында болғанымызды ескерсек, бұл көрсеткішті осы бағыттағы үлкен табыс деп айтуға әбден болады. Мұндай табысқа Елбасы басшылығымен отбасылық-демографиялық, гендерлік саясатты қолдау бойынша жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстардың арқасында қол жеткізілді.
Жоғары білімі, біліктілігі жағынан әйелдер ерлерден еш кем түспейді. Оның үстіне, сезімталдық, сұңғылалық, жаңа инновацияларға бейімділік те әйел затына көбірек тән. Әйел ең бірінші ана болғандықтан, отбасының берекесін, балаларының аман-саулығын, игілігін ойлауы оның түйсігіне жазылған. Сондықтан ел ішіндегі барлық әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуіне де ең алдымен қыз-келіншектер, аналар мүдделірек болатыны да түсінікті.
Елбасының өткен жылдың соңында ғана жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Біз бұдан әрі де елімізде әйелдердің рөлі артуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз» деп айтқанын баршамыз естідік. Енді сол тапсырманы іске асыру – бізге міндет.
– Сіз басқарып отырған комиссияда «отбасы», «демография» сөздері қатар айтылады. Бұл бағытта бұған дейін қандай жұмыстар атқарылды және сіздің алдыңызда қандай міндеттер күтіп тұр?
– Ұлттық комиссия Президентіміздің Жарлығымен әуелі Отбасы, әйелдер проблемалары және демографиялық саясат жөніндегі кеңес болып құрылған, кейіннен ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия болып қайта ұйымдастырылды. Құрылған кезде алдымызға әйелдер мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын жақсарту, елдің қоғамдық-саяси өміріне әйелдердің белсене араласуы және оларды шешім қабылдау деңгейіне жоғарылату, әйелдерді экономикалық ілгерілету және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою бағытында жұмыс істеу міндеті қойылды. Міне, біз елімізде осы саясаттың іске асырылуын, барлық өңірлерде осы бағыттарда жұмыс жүргізілуін үйлестіреміз.
Биылғы жылдан бастап Елбасының арнайы Жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып белгіленгені де мемлекет тарапынан отбасына жасалып отырған үлкен қамқорлықты көрсетеді. Осындай қамқорлықтың арқасында Аллаға шүкір, елімізде отбасын нығайту, ата-ана тәрбиесінің рөлін арттыру ісі айтарлықтай алға басты.
– Осы орайда отбасының анамен қатар тұрған ұстыны – әкелер мәселесіне де тоқтала кетсеңіз. Отбасы, демография, гендерлік саясат дегенде біз әйелдер мәселесіне қатысты көбірек сөз қозғап, әкелерді қалыс қалдырып жүргендейміз...
– Ұлттық комиссияның атауында «отбасы» сөзі болғандықтан, оның назарынан әкелер мәселесі де тыс қалған емес. Бұл бағытта да көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Әкелердің мәртебесін арттыру мақсатында 2010 жылы бастау алған әкелер слеті жылма-жыл жалғасын тауып, бүкіл елді қамтыған ауқымды іс-шараға айналды. Өңірлерде «Ең үздік әке», «Өнегелі әке» байқаулары өткізілсе, Астанада былтыр «Әкелер аллеясы» ашылды.
Жалпы, Ұлттық комиссия өз жұмысында отбасылық құндылықтарымыздың сақталуына басты мән беріп, ауқымды іс-шаралар өткізеді. Мысалы, өткен жылы өңірлерде ата-ананы ардақтау, үлкенді құрметтеу, отбасылық үйлесімді сақтау, жастарға патриоттық тәрбие беріп, рухани дамыту бағытында көптеген іс-шаралар өткізілді. Қорытындысы ретінде Астанада «Мақтаным, тірегім – отбасым» деген тақырыпта өнегелі ұл-қыз өсіріп отырған ата-аналардың республикалық кездесуін ұйымдастырдық. Бұлар – балалары жақсы азамат болып ер жетіп, түрлі салаларда танылып жүрген көпбалалы отбасылар; бала асырап алған ата-аналар; көп баланы жалғыз өзі тәрбиелеп өсірген өнегелі, қайсар, жалғызбасты әке немесе жалғызбасты ана. Олармен кездесу жастарға ой салғаны анық.
– Қазақ ешқашан жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған халық. Себебі ислам дініне берік едік. Ал шынайы ислам адам тағдырына селқос қарауды құптамайтыны белгілі. Содан да болар, қазақ келіндерінің санасында қазіргідей киім-кешек, көрпе-төсегін жинап, төркініне кетіп қала салу деген ой мүлдем болмаған. Босаға аттаған күннен бастап өмірінің соңына дейін сол шаңырақтың түтінін түтетіп, отын өшірмейтін. Ал қазір мүлдем басқаша. Статистикалық деректер ажырасушылар саны жыл сайын артып отырғанын мәлімдейді. Неке институты мықты дамыған қазақтай халықта ажырасу неге жиілеп кетті деп ойлайсыз?
– Статистикалық деректер бойынша ажырасу фактілері елімізде жиілеп кеткені рас. Бұған, бір жағынан, заманның өзгеруі, жаһандану үдерістері ықпал етіп отыр деуге де болады. Бүкіл әлемдегі секілді, отбасы институты қазіргі таңда дағдарысты кезеңді бастан кешуде. Толық емес отбасылар мен некесіз туған балалардың саны азаятын емес, өйткені азаматтардың, әсіресе жастардың елеулі бөлігі шетел тәжірибесі бойынша тіркелмеген некемен өмір сүреді. Бұл үрдістер зорлық-зомбылықтың, қылмыстың, аурудың өсуі сияқты көптеген әлеуметтік проблемаларға әкеліп соғады.
Ұлттық комиссия жастарға ой салсын деген мақсатпен тұрақты түрде өнегелі отбасыларын үлгі етіп, насихаттап келеді. Отбасы мен неке институтын насихаттау мақсатында Ұлттық комиссияның ұйымдастырған «Отбасым» журналы мен «Шалқар» қазақ радиосынан апта сайын берілетін «Біз екеуміз» бағдарламасы бүгінгі күні оқырмандар мен тыңдаушылардың сүйіктісіне айналды.
Жүргізілген зерттеулер шын мәнісінде, ер-азамат үшін де, әйел мен бала үшін де ең қолайлы жағдай отбасында ғана болатынын анықтады. Некеде тұрған адамдардың жасы ұзағырақ болатыны, жарасымды отбасында өскен балалар жетістікке тез жететіні – қазір бүкіл әлемге белгілі болып отырған аксиома. Қоғамда осыны насихаттау, қажет болса жарнамалау жеткіліксіз екендігі де отбасы құндылықтарының құлдырауына әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан жоғарыда айтып өткен келеңсіз жайттардың, ұлт болашағына кері әсерін тигізетін құбылыстардың алдын алуға тиіспіз. Және бұл істе жалғыз Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ғана емес, бүкіл қоғам болып жұмылғанымыз жөн. Әр отбасы бала тәрбиесіне бесіктен көңіл бөліп, ата-бабаларымыздың өзектілігін әлі күнге дейін жоймаған дәстүрлі өнеге-тәлімдерін бойына сіңіруіміз қажет.
– Газетімізге берген қолтаңбаңызда отбасы құндылықтарын насихаттауды және арнайы отбасы күнін атап өтуді құптайтыныңызды айтып едіңіз. Осы мереке төңірегінде қандай да бір ұсыныс-тілегіңіз бар ма?
– Ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарға негізделген қазақстандық отбасы мәртебесін нығайтып және қолдап шешуге болатынын түсінетін уақыт келді. Ал отбасы арқылы оның әлеуетін пайдалана отырып, бала туу, отбасы мүшелерінің денсаулығын нығайту және ұлттың болашағы – жаңа буынды тәрбиелеу мәселелерін шешуге болады.
– Сұхбатыңызға рақмет! Сізді және сіз арқылы еліміздің барша қыз-келіншектері мен ардақты аналарымызды көктемнің алғашқы лебін жеткізіп, жан шуағын сыйлайтын мерекемен құттықтаймыз. Істеріңіз алға баса берсін!
Алашқа айтар тілек...
Ана мен бала – ажырамайтын егіз ұғым. «Ата – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген керемет сөздер бар. Осы терең ұғымдарға сай әрбір қазақстандық отбасы бақытты, бай, қуатты болып, әрдайым биіктен көрінсе екен деймін!
Автор: Әсел ЕРГЕШҚЫЗЫ
