Гүлбаршын ТЕРГЕУБЕКОВА: Қасымды іздейтін халық бар екен...
|
08.11.12.
- Құдайға шүкір, «Қасымның әндері-ай» деп аталған жобамыз көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты. Халық көп жиналды, ине шаншар орын болған жоқ. Өнер жұлдыздары бір кісідей атсалысып, жұдырықтай жұмыла жұмыс істеді. Композиторларымыз қаламгердің өлеңдеріне жаңа ән жазып, бұрын жарық көргендеріне қайта әрлеу жасады. Бір сөзбен айтқанда, көрермендер ақынды жаңа қырынан танып, өте жоғары деңгейде қабылдады. Бұл қошемет бізді қатты қанаттандырып, енді осы бастаманы Қасым ағаның туған жерінде жалғастыруды ұйғардық. Әуелі Елордаға барсақ деп ойлағанбыз, бірақ Қарағандыдан аттап кете алмадық. Бұйыртса, осы айдың соңында шахтерлер қаласын думанға бөлемекпіз. Содан кейін Астана, Орал қаласына ат басын бұрмақпыз.
- Ол кісінің әндері қаншалықты екен? - Қасым ағамыздың ән-мұраларын ел ішінен сұратқанымда, Қарағандыдан жиырмаға жуық ән беріп жіберді. Соның ішінде «Дариға, сол қыз», «Өзім туралы», «Туған жер», «Жас дәурен», «Айтшы, жаным» сияқты он шақтысы халыққа кең тараған. Роза Бағланова орындаған «Ах, Самара жас қала» әнін Қасым ағамыздың аударғанын елдің бәрі біле бермейді. Сол концертте бұл әнді Қарақат Әбілдина орындап, Қасым ағамызды халыққа автор ретінде қайта таныстырды. Өкінішке қарай, қалған он шақты әні осы уақытқа дейін насихатталмай келген. Өлеңдеріне де композиторлар көп назар аудармағаны ащы да болса шындық. Осы олқылықтардың орнын толтырып, кешке дайындық барысында Сейфуллин Жолбарыс «Алатау» өлеңіне керемет ән жазып, тұсауын кесті. Сондай-ақ Жарылқасын Дәулетов ағамыз «Көктем» өлеңіне жастарға лайықтап ән шығарып, оны «Райан» тобы орындады. Өзімнің шәкіртім, әнші-актриса Гауһар Жүсіп Қайрат Байбосынов ағамыздан Қасымның тың әнін үйреніп, тарту етті. Яғни осы жобаның арқасында ақынның өлеңдеріне жаңа әндер туылып, көп орындалмай жүрген туындылары қайта тірілгендей болды. Бұған қоса, «Қасымның әндері-ай» кешінде ақынның поэзиясы қамтылып, Ұлықбек Есдәулет, Қасымхан Бегманов сынды інілері қаламгерге арналған өлеңдерін оқыды. Қарағандыда өтетін еске алу кеші барысында Серік Ақсұңқарұлы бастаған жас ақындар жыр арнаймыз деп дайындалып отыр. - Ал сізге ұйымдастыру мәселесін қолға алуға не түрткі болды? - Бала кезімнен Қасым ағаның «Өзім туралы» әнін жақсы көріп, мектеп қабырғасынан орындайтынмын. Алматыға келгенде де репертуарымнан түсірген емеспін. Басқа ақын-композиторлардың кеші өтіп жатқанда «Ойпырм-ай, Қасым ағамыздың кеші қашан қолға алынар екен» деп күтіп жүретінмін. Қасым ағамыз туралы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген деректі фильмді көргеннен кейін, менен тіпті маза кетті. Қатты әсер еткені соншалық, екі күн ойланып, ақыры «осы концертті міндетті түрде ұйымдастыруым керек» деп шештім. Сөйтіп, айналамдағы азаматтармен ақылдасып, іске кірістім. Шыны керек, бастапқы уақытта қиындау тиді. Неден бастарымды білмей, басым қатты. Қалалық әкімшіліктен бастап, министрлікке дейін хат жазып, ондағылар мүмкіндігі келгенше көмектесті. Аллаға шүкір, Қасымды іздейтін халық бар екен. Соған көзім жетті. Барлығы ойымыздағыдай өтіп, келгендер ризашылығын білдіріп кетті. Енді Астанада өткізсең дұрыс болады деген пікірлерін білдірді. Бұл менің өз ойымда да болатын. Өйткені бір істі бастағаннан кейін, орта жолға тастамау керек. Қасым ағамыздың поэзиясын, әндерін көбірек танытсақ, нұр үстіне нұр емес пе? Бұл бір реттік шара болып қалмауы тиіс. Бұйыртса, ол кісі тұрған Орал, Семей қалаларында да өткізсек деген ойдамыз. - Қасым туған өңір қол ұшын созып жатқан болар... - Барлығы көптің күшімен өтіп жатыр. Сондықтан тағы да ел-жұртқа ерекше алғыс айтқым келеді. Ал жергілікті әкімшілікке, Мәдениет басқармасына хат жазып, қанша хабарласқанымызбен, өкінішке қарай, бізге ешқандай қолдау көрсетпеді. Әзірге ешқандай хабар жоқ, үнсіз жатыр. «Орталық Қазақстан» газеті мен «Қазақстан-Қарағанды» арнасы ғана концертін көрсетіп, мақала жариялап, бізге оң қабақ танытты. Соған қарап, Қасымның әндері қарапайым халыққа ғана керек пе деп қалдық. - Ол кісілер былтыр мерейтойын өткізген соң, қайта-қайта жүгіруге шамасы келмей жатқан шығар... - Иә, барлығының айтатыны - сол. «Біз былтыр 100 жылдығын республика көлемінде өткіздік» дейді. Бірақ сол жүз жылдығында тура осындай толыққанды бағдарлама болған жоқ. Ол кісінің әндерін өнер жұлдыздары қосылып, бір концерт аясында ешқашан шырқамаған. Өлеңдері оқылмаған. Осы кештің арқасында жаңа әндер қосылып жатыр. Енді Қасым ағаның әндерін кең тарату үшін кезекті мерейтойын күтіп отырмайтын шығармыз. Жүз жылдықпен шектелмеу керек. Осы насихаттың жоғынан «Ах, Самара, жас қала» мен Әбілахат Есбаевтың «Ақ сәулем» әнінің сөзін Қасым ағамыз жазғанына ешкім көңіл аудара бермейді. Әйтпесе екеуі де керемет ән ғой. Сондықтан бұл өлеңдердің авторын толық біліп жүру үшін мұндай шаралар ауадай қажет. Оны қазір біз жасамасақ, мұрасына біз ие болмасақ, біз бас-көз болмасақ, ертең кім керек қылады? ![]() - Жаңадан өңделген әндерінен бір жинақ шығармадыңыздар ма? - Оған қаражат керек қой. Бірақ болашақта шығарсам деген жоспарым бар. Кеш өткеннен кейін «әндерін қайдан алсақ болады» деген сұраныс көбейді. Қасымның тыңдармандарының қолында мұндай альбом міндетті түрде болуы керек деп есептеймін. |


