Мазмұнға өту
Обложка сообщества Екпiн

Гүл мекені «Гүлстан»

«Гүл өсіру біздің ата салтымызда бұрыннан бар дүние емес. Біздің тұрмысымызға бұл сала кейін келді. Ата-бабаларымыз көшпенді тіршілік кешіп, көгалдандыруға мән бермегендіктен, қазірде аталмыш сала кенже қалып отыр», — деп назын білдірген біздің кейіпкер, «Гүлстан» журналының журналисі Нәзира Бұрхан бүгін осы жайында толық айтып бермек.

Гүл өсіру Нидерландия, Германияда, Жапония сынды т.б елдерде жақсы дамыған. Аталған елдер қазірде гүлдің арқасында қыруар қаржыға кенеліп отыр деуге болады. Алайда, осы гүл саласы бойынша бізде ұлттық кадр жоқ. Біздікілердің көбі банкир, экономист, заңгер болғысы келеді. Ол жақсы ғой, дегенмен, нағыз қаржылы салада ұлтымыздың азаматтары мен азаматшалары жоқ екендігі бізді қынжылтады...


Редакциямызға оқырмандардан түрлі тақырыптағы хаттар келіп түседі. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Әр ауланың гүлденгені – мемлекеттің гүлденгені» деген ұранмен үндеу жариялаған болатынбыз. Көптеген оқырман осы үндеуді қолдап, жасап жатқан игі істерін хабарлап хат жолдап жатады. Сонымен қатар, қандай жерге қандай өсімдік егу керектігін, өсімдіктердің күтімін, гүл сыйлау этикасын т.б. сұрайды. Тұрақты оқырмадарымыз көп.

Әрбір жеткіншекке жастайынан табиғатты сүюге, әдемілікке деген құштарлықты оятуға көмектесіп, елімізді жасыл-желекке айналдырып, гүлденуіне үлес қосу әрбір адамның басты міндеті. Осы орайда, «Гүлстан» гүл бағы жасалды. Алқаптағы өсімдіктер жыл он екі ай кезекпен гүлдеп, бақтың көркін келтіреді. Бізде қысы-жазы жап-жасыл болып тұратын қылқанжапырақты өсімдіктер егілген. Бақта тәжірибелік сабақтар, пленэр шеберлік сыныптары мен экскурсия өтіп тұрады. Баққа республиканың түкпір-түкпірінен қонақтар келіп тамашалап, ақпарат алып қайтады. Біздегі эскурсияға балабақшаның бүлдіршіндерінен бастап білім саласының қызметкерлеріне дейін келеді. Біз келушілерге экскурсия жүргіземіз.

Бақта 15 түрлі дизайнмен жасалған композиция бар. Ұлттық нақышпен жасалған «Жайлау» және «Әжемнің құрағы» композициялары бар. Жайлау композициясы төрт түлік малын бағып жайма шуақ өмір сүрген қазақтың көшпенді тіршілігін көрсетеді.  Кезінде әжелеріміз құрақ көрпені матадан құраса, жас гүлпаздар оны өсімдіктен жасады. Құрақ бозкілем өсімдігінен  жасалған. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына орай бозкілемнен туды жасалды. Алқабымызда түрлі бақ мүсіндері бар. Мәселен: түбіртек өсімдігінен жасалған қолтырауын, тасбақа және өрмекші мүсіндері. Ерекшелігі - бір түбіртек он тал болып көбейеді де, аналағы өмірін тоқтатып, балалары ары қарай өмірін жалғастырады. Сондықтан, түбіртектен мүсін жасау үшін есептеп отырғызу керек.

Гүл өсiруге арналған бiрлi-жарым ғылыми кiтаптар  болмаса, халықтың сұранысына жауап беретін еңбектер таппайсыз. Халықтың гүл туралы бiлiмiн арттырып, көкiрек көзiн ояту мақсатында 2005 жылдың наурыз айынан бастап «Гүлстан» журналы шығарыла бастады.

Менің жұмысқа келгеніме 1 жылдай  ғана уақыт болды. Осы уақыт аралығында көгалдандыру, ландшафты дизайн саласы бойынша азды-көпті тәжірибе жинадым. Себебі, мен бұл саланың маманы емеспін. Негізгі мамандығым лингвист. Қазірде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетінің 4 курс студентімін. Сабақпен бірге қосымша жұмыс істеп жүрген жайым бар. Алғашқы кезде өндірістік тәжірибе үшін келгенмін, содан жұмысқа қабылдандым. Гүл өсіруге, оны күтіп-баптауға олар жайында жан-жақты ақпарат білуге қатты құмартамын. Сол үшін де осы салада жазатын журналист болып жүрмін. Бізде жоғары оқу орнын бітіргесін көп мамандарға жұмыс табылмайды. Қалам көтеріп, жұлдыздардан сұхбат алып, жеңіл тақырыпта мақала жазып журналист болғысы келетіндер көп. Сондықтан да, дәл осы  өсімдіктер жайында жазатын қазақтілді журналист мүлде жоқ деуге болады.

Журнал шығарумен қатар, республиканың түкпір-түкпіріндегі білім ошақтарымен, бала-бақшалармен жасыл желекті қалай өсіру, оны күтіп, баптау, гүл мәдениетін дамыту, табиғатты қорғау мақсатында бірігіп жұмыс істейміз. Жыл сайын балалармен бірігіп, құстардың ұясын жасап, ағаштарға орнатамыз. «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенін шығардық. Бас редакторымыз, әрі «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенінің авторы Гөзел апайдың арқасында мемлекетіміз біршама гүлденіп келеді. Ол кісі елімізде көгалдандыру мәдениетін дамыту мақсатында басылым ашып, халықты ақпараттандырумен қатар, көптеген іс-шара өткізу арқылы жерімізді гүлдендіріп отыр.

Гөзел апай журналмен қатар, «Өсімдіктер әлемі» атты оқу-әдістемелік құралын шығарған болатын. Кешен мемлекеттік стандартқа сәйкес пәндерге қосымша пайдалану үшін арналып жазылған. Кешен барлығы 58 кітапшадан тұрады. Бала оқу мен жазуды әліппеден бастайтыны белгілі. Осы орайда, 42 әріпті қамтитын «Әліппе гүлдер әлемі» жарық көрді. Әліппенің жұмыс дәптері қоса шықты. Сонымен қатар, санды, әрі өсімдікті үйретуге арналған санамақ жарық көрді. Өсімдіктің суретін салу арқылы үйретуге арналған боямақтар шықты. Сондай-ақ, дидактикалық материалдар мен шағын кітапшалар, жұмбақтар пен плакаттар  бар.

Дидактикалық материал танымдық ойындар арқылы бала үйренген өсімдіктерін қаншалықты танып білгендерін, ойын түрлерін  ұйымдастыру жолдарымен өз білімін бағалайды. Дидактикалық материалдағы ойынның басты мақсаты - алған мағлұматтарын бекіту және жүйелеу болып табылады.

Әрбір сәби анасынан ертегі тыңдамай ұйықтамаған шығар. Осы орайда Гөзел апай өсімдіктерге қатысты түрлі ертегі құрастырып шығарды. Жалпы, біздегі кітапшалар бал тілді бүлдіршіннен бастап, ұстаздар мен ата-аналарға, ата-аналарға арналған.

Материалды дайындаған:

Айнұр Ракишева, Айжан Кәрібаева

6
8
6936

Осы тақырып бойынша