Г.Әбдіқалықованың Токиоға жасаған жұмыс сапарының қорытындысы
Қазақстан мен Жапония мемлекетаралық ынтымақтастықты жалғастырып, білім беру, денсаулық сақтау, жоғары технологиялар саласында, сонымен қатар ғаламдық жобаларды іске асыруда өзара тәжірибе алмасуға көшеді. Гүлшара Әбдіқалықова Токиоға жасаған жұмыс сапары кезінде түрлі министрлік басшыларымен осы мәселелерді талқыға салды.
Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Токиоға премьер-министр Синдзо Абэнің жеке шақыруы бойынша келді. Бұған Дүниежүзілік конференцияның өтуі түрткі болған. Алқалы жиынды жапон үкіметі нәзікжандылардың мәртебесін көтеру мақсатында жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған. Жоғары қарқында дамыған Жапонияда гендерлік теңдік тақырыбының мемлекет қолдауына ие болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Бүгінде Токио қыз-келіншектерге деген көзқарасты қайта қарауға ниетті әрі қазақстандық жолды негізге алып, әйелдерге экономикалық жағынан көбірек еркіндік беруге бейілді болып отыр. Ал біздің еліміз өз кезегінде адами капиталды дамыту мәселесінде озық тәжірибені игеруді көздеуде. Бұл – өмір сапасын арттырып, дамыған 30 елдің қатарына кіруге мүмкіндік беретін басты бағыттардың бірі. Гүлшара Әбдіқалықова жапон үкіметінің әлеуметтік-экономикалық блогының министрлерімен бірнеше кездесу өткізді.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Жапон елі дамыған елдердің қатарына жатады, біз де сол 30 елдің қатарына кіреміз десек, бұл жерде әлеуметтік сақтандыру, әсіресе медициналық сақтандыру мәселелері жақсы қойылған, сонымен бірге мына техникалық білім беру бойынша бұл жерде де 10 оқу орны, жоғары оқу орнында жаңа реформа жасалып жатыр. Сол тәжірибені алу өте маңызды деп ойлаймын.
Астана мен Токио экономика бойынша да ынтымақтастықты дамытуға дайын. Жапон бизнесмендерінің Қазақстанның инвестициялық даму бағдарламаларына қатысу мәселесі Сыртқы істер министрі Фумио Кишидамен кездесу кезінде кеңінен талқыланды. Сонымен қатар EXPO көрмесі де назардан тыс қалған жоқ.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Бұл жерде осы форумға қатысушыларға көптеген құжаттар, осы EXPO бойынша ақпарат берілді. Онымен қатар мына Индустрия министрлігімен, Сыртқы істер министрлігімен EXPO жөнінде, оған қатысу жөнінде және бұл кісілердің жапон тарапынан EXPO-ға көзқарасы белгілі болғанын білдік. Сондықтан ойлаймын, жалпы осы 2 күннің ішінде жақсы келіссөздер жүргізілді.
EXPO туралы ақпарат басқа елдерден келген өкілдердің де қолына табысталды. Гүлшара Әбдіқалықова конференция қатысушыларын Астанаға шақырды және Токиодағы келесі басқосуды «жасыл бизнесті» дамыту мәселесіне арнауды ұсынды.
http://gbpp.org/kz/2015/09/7389
