Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Футбол өнерін Бразилиядан меңгеріп келген жасөспірімдерімізге ел атынан үлкен сенім артылады — Қ. Биекенов

Футбол өнерін Бразилиядан меңгеріп келген жасөспірімдерімізге ел атынан үлкен сенім артылады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында футболдан мемлекеттік жаттықтырушы Қайрат Биекенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Бразилияның Риберио-Претто қаласындағы «Futebol Clube Botafogo» футбол клубының «Ботафого Социал Институтын» сәтті аяқтап, елімізге оралған 26 балғын футболшының алдағы тағдыры өз қолдарында.

«Қазақстанға оралған жас футболшылар өздерінің шеберліктерін әрі қарай шыңдаулары үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві Дирекциясы» оларды жұмысқа алады. Алғашқы кезеңде жалақылыры 500 АҚШ долларын құрайды. Әрі қарай олар тер төгіп, еңбек етулері тиіс. Егер қандай да бір футбол клубтары шақыратын болса, біз ойыншыларды жіберуге дайынбыз. Қалғандары бізде болады. Кейін арнайы іріктеуден өткен соң, футболшылар Бапкерлер кеңесінің шешімімен «Байтерек» футбол клубы сапында өнер көрсетеді. Мықты ойыншылар футболдан ұлттық жастар командасына қабылданады. Міне, сондықтан футболшылардың тағдыры өз қолдарында. Мемлекеттің қолдауымен олар үш жыл Бразилияда оқып келді. Енді тек жұмыс істеу керек. Оларға бүкіл ел атынан сенім артылады» — деді Қ. Биекенов.

Айта кетелік, алғашқы лек бойынша 28 ойыншы үшін жылына ел қазынасынан 84 миллион теңге бөлінген болатын. Ал 26 ойыншыдан тұратын екінші лек бойынша жылына Бразилиялық тарапқа 104 миллион теңге төленіп келген. Яғни, әрбір ойыншыға кеткен айлық шығын шамамен 2000 АҚШ долларын құрайды. Қазір үшінші лекке іріктеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Дарынды балалар тізімге алыну үстінде. Алдағы жылдың басында дайындық жұмыстарының екінші кезеңі басталады. Онда балалардың Бразилияның қай оқу орнына баратындығы біржола шешіледі. Біздің комитеттің өкілдері бұған дейін Бразилияға барып, бірқатар футбол академияларын аралап, олардың оқу бағдарламасымен, жаттығу үдерісімен жете танысып қайтқан болатын. Әзірге Белу-Оризонти қаласының атақты «Крузейро» спорт клубына басымдық беріліп отыр. Клуб президентімен де кездесу болды. Алдын ала келісім бойынша жылдық төлем 106 миллион теңгені құрап отыр. Сондықтан ендігі дарынды балаларымыз осы «Крузейро» клубының футбол академиясына барулары мүмкін. Бұл мәселе алдағы жылдың басында шешілді» — деді өз сөзінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру бойынша комитеті төрағасының орынбасары Мәлік Сапашев.

Айта кетелік, Бразилияға барып келген футболшылармен Дирекция арасында да келісім-шарт жасалады. Оны бұзған ойыншы Бразилиядағы оқуына мемлекет тарпынан төленген шығынды өтеуі тиіс.

 
Басты сөздер: Спорт
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат
 
0
0
261

Осы тақырып бойынша

Футбол өнерін Бразилиядан меңгеріп келген жасөспірімдерімізге ел атынан үлкен сенім артылады — Қ. Биекенов - Yvision.kz