Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

ФУТБОЛ: Бірінші лига командалары арасында ел чемпионаты мәреге жетті

Сенбі күні футболдан бірінші лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты мәреге жетіп, жеңімпаз, жүлдегерлер анықталды.

Бір тур бұрын премьер-лига жолдамасын жеңіп алған Көкшетаудың «Оқжетпесі» өз алаңында жүлделі орыннан үміткер команданың бірі — Ақтаудың «Каспийін» ірі есеппен (4:1) ұтып, ұпай санын 64-ке жеткізіп, біріншілікке нүкте қойды.

Ал елордада «Астана-1964» командасынан 3:1 есебімен басым түскен Шымкенттің «Қыраны» чемпионат қорытындысында 60 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Енді ол премьер-лигада 11-інші орын алған командамен жоғары топқа өту үшін күш сынасады.

Үш команда — «Астана-1964», «Каспий» және Оралдың «Ақжайығы» бірдей ұпай (55) жинағанымен, жеңісі аз, тең ойыны көп батысқазақстандықтар бесінші орында қалып қойды.

Оралдықтар соңғы турда Талдықорғанда жергілікті «Жетісу-Сұңқар» командасын 1:0 есебімен (гол соққан Алексей Мальцев) тізе бүктірді.
Егер «Ақжайық» бірінші айналымда өз алаңында Астананың «Бәйтерегі» мен кейін чемпионаттан біржола шығып қалған «Гефестен» жеңіліп қалмағанда, екінші орын үшін таласатын еді. Жалпы, оралдықтар алғашқы үш орынды иеленген командалармен жаман ойнаған жоқ, тек өз алаңында «Астана-1964»-ке есе жіберді.

Есесіне жаңағыдай осалдау клубтармен ойындарда ойда жоқ жерден ұпай жоғалтты. Енді «Ақжайық» премьер-лигаға қайта оралу үшін келесі жылға үміт артатын болады.

ОРАЛ. ҚазАқпарат
 
0
0
1520

Осы тақырып бойынша

ФУТБОЛ: Бірінші лига командалары арасында ел чемпионаты мәреге жетті - Yvision.kz