Физика олимпиадасы — 7-ші сынып (Математика базасы)
7-ші сыныпты бастаған оқушы ең алдымен математиканы үйрену керек. Математиканы қатты тереңдетіп оқытудың керегі жоқ, физика сұрақтарын шығаруға жеткілікті мөлшерде оқытылуы тиіс.
Ең бірінші болып санның түбір мен дәрежені өтуіміз керек. Сандардың квадрат түбірі, куб түбірі, түбірі бар болған теңдеулер, нөлден аз сандардың түбірі сияқты тақырыптарды жақсылап меңгеру керек.
Екінші болып теңдеулермен жалғастырған жақсы. Бір белгісізі бар теңдеулерді балалар оңай шығара алады, сондықтан квадраттық теңдеулерді бастау керек. Квадраттық теңдеулердің графигін сызып, шешімнің геометриялық мәнін көрсету керек. Содан кейін екі белгісіз (х және у) теңдеулерін шығарту керек. Бұның барлығы бір апта, ең көп екі апта болуы керек.
Үшінші болып функцияларды өту керек. y=a, y=ax, y=ax+b, y=ax2+bx+c, y=1/x сияқты функцияларды, олардың графиктерін түсіндіру керек. Бұл тағы да бір апта болады.
Қосымша ретінде арифметикалық және геометриялық прогрессияларды өтуге болады. Бұл да бір апталық тақырып.
Енді физиктер үшін өте маңызды математика бөлімі - тригонометрия басталды. Жетінші сыныптың оқушысы тригонометрияны түсіне алады. Тригонометрия векторларды (күш, жылдамдық және т.б.) компоненттерге (горизонталь мен вертикаль, тангенциалдық және нормаль) бөлу үшін қолданылады. Түсіндірудің ең басында осыны оқушыға өте тиянақты әрі мұқият жеткізу керек. Өйткені адам баласы мағынасы, мақсаты, мәні бар информацияны ұғады.
Тригонометрияның ішінде градус пен радиан, синус, косинус, тангенс сияқты ұғымдарды түсіндіргеннен кейін, олардың векторларды компоненттерге бөлу қолданысын көрсету керек. Инженерлік калькулятордағы синус, косинус, тангенс функцияларын үйрету керек. Ең соңында тригонометриялық функциялардың графиктерін өту керек.
Логарифм, туынды, интеграл деген тақырыптарды сегізінші сыныпта өтуге болады.
Геометрияның ішінен пішіндердің ауданы, көлемі, векторлар, орталар (i, j, k) сияқты тақырыптарды тереңдетпей, тек қана жалпы түсінік үшін өту керек.
Сегізінші, тоғызыншы сыныптарда логарифм, туынды, интеграл, Тэйлор қатарлары, күрделі сандар (комплексные числа) және тағы басқа тақырыптарды өту керек.
Жалпы, оқушыға бағыт беру маңызды. Мысал ретінде мойнында жібі бар болған күшікті алайық. Онымен жүрудің екі тәсілі бар: біріншісі, сіз алда, ол артта, сіз тартасыз, ол әрең-әрең артыңыздан жүреді. Осы жағдайда оның жылдамдығы ешқашан сіздің жылдамдығыңыздан аспайды. Екінші тәсіл: жіпті алып тастап, оған алдындағы мақсатты көрсету, "Жүгір!" деп әмір беріп оны алға жіберу. Бірінші тәсілде мақсатқа жету - қиын, ұзын, қызықсыз. Екінші тәсілде мақсатқа жету - оңай, тез, қызықты.
Біз (мұғалімдер) - баланы ұстап тұрған жіп емес, шабыт беріп, бағыт көрсететін, шығармашылық еркіндік, егемендік жағдайын жасаушы болсақ - балаға да жақсы, бізге де жақсы, елге де жақсы болады. Басқа тілмен айтқанда, дәнді таза сумен, шуақты күн жарығымен, құнарлы жермен кездестіру керек. Ал кездестіргеннен кейін, уайымдаудың қажеті жоқ.
Соңғы екі параграфты адам түсінерлік тілге аударсақ, менің (мұғалімнің) жеткіліксіз білімім, тәжірибесіздігім оқушының дамуына әсер етпеуі керек. Сол үшін, керек болса, кітап тауып, басқа мұғалімдердің (профессорлардың) сабақтарына қатыстырып, оқушыларды олимпиадалық жазғы мектептерге жіберіп тұрғанымыз жақсы болады. Оқушы менің (мұғалімнің) түсіне алмаған нәрселерімді түсіне алады, мені (мұғалімді) оза алады, озуы керек, озуға міндетті.
