Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Еуропа Лигасы: «Шахтер» хорватиялық «Хайдук» командасын жеңдi

Қарағандылық «Шахтер» футбол клубының ойыншылары Еуропа Лигасының үшiншi раундында өз алаңында «Хайдук» командасын 4:2 есебімен тiзе бүктiрдi.

Бiрiншi таймда алғашқы шабуылда-ақ қарағандылықтар есеп ашты. Вичюстiң ауттан берiлген пасынан кейiн Михрет Топчагич допты қақпаға дәл дарыта білді. Сегiз минуттан соң қарсыластар Сандро Готальдiң арқасында есептi теңестiре алды. Алайда бiр минут өтер-өтпестен Финонченко сол баяғы Вичюстiң ауттан лақтырған добын қарсыластардың қақпасына тоғытып кеттi.

Екiншi таймда қарағандылықтар басымдықты хорватиялықтардың қолына берiп қойғанмен, қарсыластар қақпасы маңында белгiленген бұрыштама соққысы кезiнде Алдин Джидич баспен гол салып, «Шахтердi» 3:1 есебiмен алға шығарды. Осы есеп алаң иелерi үшiн сәттi болары анық едi, дегенмен таймның орта тұсында қарағандылықтарға пенальти берiлдi. «Хайдук» футболшысы оны қателiксiз орындап, өз командасының екiншi голын салды.

Осыдан кейiн «Шахтер» клубының бас бапкерi алаңға шабуылшы Тоқтар Жанқылышбайды шығарды және жаңылған жоқ. Соңғы минуттарда ол  матчтың ең әдемi голының авторы атанды. Ортадан пас алған Тоқтар Жанқылышбай алыс бұрышқа теуiп, қақпашыға еш мүмкiндiк бермедi.

 
АСТАНА. ҚазАқпарат - Автор: Жасұлан Жолдыбаев
 
0
0
221

Осы тақырып бойынша