Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Еуразия» арнасында «Ән дария» атты жаңа жоба ашылды

«Еуразия» бірінші арнасында «Ән дария» атты жаңа жоба өз жұмысын бастайды. Жоба авторларының айтуынша, бір сахнаға осыншама жұлдыздарды жинайтын жоба кемде-кем. Олардың арасында жас әншілер де, қазақстандық эстраданың майталмандары да бар. Бірінші шығарылымда-ақ Роза Рымбаева, Лаки Кесоглу, Нұрмақасан, Ринго, Орда топтары, әнші Луина, Айқын мен басқа да әншілер өнер көрсетеді. «Ән дария» шоуында жаңа жұлдыздардың да бағы жанбақ. Олар жоба жүргізушілері – Эльдар Серікбаев пен Қазына Әбдіғаппарова. Жұлдызды жобаның жүргізушісі Қазына Әбдіғаппарова біздің басылым тілшілерімен өз әсерлерімен бөлісті.

Жоба туралы айтып берсеңіз. Жүргізуші ретінде ұсынысты кім жасады? Бірден келістіңіз бе?

Бағдарлама жүргізушілеріне арнайы кастинг ұйымдастырылды. Ол бір ай көлемінде жүргізілді. Мен іріктеу арқылы келдім. Одан кейін маған үш аптаның ішінде жауабын айтты. Келісімімді бердім. Үлкен жоба, біздің Қазақстанның эстрадасындағы ең хит, халықтың құлағында қалған әндерді насихаттайтын бағдарлама болып табылады. Сондықтан, неге келісімімді бермеске? Одан бөлек, қасымдағы жүргізуші ретіндегі әріптесім – Эльдар Серікбай. Ол өзінің көрермені бар жүргізуші. Сондықтан онымен жұмыс істеген маған да үлкен тәжірибе деп ойлаймын. Біздің эстрададағы 80-ші, 90-шы жылдардағы шырқалған әндер болды. Оның ішінде, Роза Рымбаева, Лаки Кесоглу сияқты тұлғаларымыз өздерінің орындауындағы танымал әндерін айты. Алдағы уақытта бағдарламада жастар арасында кеңінен танылған әндер де болады. Халыққа ұнайды деген үміттеміз.

Енді өзіңіз жайлы айтып кетсеңіз. Мамандығыңыз журналист пе, қайда білім алдыңыз, қайда жұмыс жасадыңыз?

Мен Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітіргенмін. Бірақ, филология: екі шет тілі мамандығында білім алдым. Кастингке мені Эльдар шақырды. Келіп, бағыңды сынап көр деді. Негізі мен редактормын. Телевизия саласында үш жылдан бері жұмыс жасаймын. Бірақ, кадр сыртында. Мұндай көлемдегі бағдарламаны бұрын-соңды жүргізіп көрген емеспін. Сондықтан, бұл – менің бірінші, үлкен қадамым.

Құттықтаймын! Ал сахнадағы жүргізуші әріптесіңіз Эльдармен жұмыс жасау қалай?

Эльдармен жұмыс жасау өте жақсы. Ол оған дейін де телеарнада жұмыс жасаған. Осындай музыкалық бағдарламаларды жүргізген. Маған оңай болып жатыр. Көмектесуде. Бір-бірімізді тез түсініп жатырмыз. Негізі бағдарламада тек ән емес, бірнеше тақырыптарға байланысты әзілдер де болады. Сондықтан Эльдардың бұрын КВН-де ойнағанын ескерсек, ол маған үлкен көмек болып жатыр. Әзілді бағыттау, әзілді қалай ойнау керек, оны халыққа қалай жеткізу керек – оның бәрін көмектесіп жатыр.

Қазына, қалай ойлайсыз? Мұндай жобалар, концерттер біріншіден, қазақстандық телевизия үшін, екіншіден өз жұлдыздарын, өз орындаушыларын тыңдағысы келетін қазақтілді халық үшін қаншалықты маңызды?

Қазір біздің телевизияда пиарға, өсек-аяңға арналған бағдарламалар көп. Сондықтан, оларды ысырып қойып, кешке жұмыстарыңды бітіргеннен кейін, ән тыңдағанға не жетсін. Бұл – кешкілік бағдарлама. Өте жақсы жоба деп ойлаймын. Оның үстіне, елде болып жатқан келеңсіз жағдайларды ысырып, саясаты бар, дағдарысы бар. Соларды ойламай, демалуға арналады. Кешкілік астың үстінде ән тыңдап дегендей. Сондықтан өте керек бағдарлама. Біздің ауыл-аймақтар ретро әндерді, қазақ әндерін, халық әндерін, қазақ эстрадасының майталмандарын жақсы көреді. Сол себепті осының барлығы қажет дүниелер. Оның арасында жастар бұрын орындалған ескі әндерді жаңаша өңдеп, өз мәнерлерімен орындап жатса, нұр үстіне нұр болады.

Ал шоу бизнес үшін маңызы қаншалықты?

Жаңа айтып өткендей, ас әзірлейтін, немесе өз өміріндегі жаңалықтармен бөлісетін бағдарламалар бар. Меніңше, әншілер өздерінің өнерлерін көрсетіп, ән айтуға келу керек сияқты. Сондықтан бұл әншілерге өте тиімді.

Сұхбатыңызға рақмет, жұмысыңызға табыс тілейміз!

 
0
0
814

Осы тақырып бойынша