Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Этносаралық алауыздықты қоздырғаны үшін құқықтық жауапкершілік: нені білу маңызды

Этносаралық мәселелердің және құқық бұзушылықтың алдын алу өте өзекті мәселе. Себебі этностар арасындағы келісім мен тұрақтылық, ауызбіршілік пен ынтымақ сол елдің бірлігін бекемдеп, одан әрі дамуына септігін тигізеді. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясымемлекетіміздегі ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруда маңызды міндеттерді атқарып келеді. Құқық бұзушылықтарға жол бермеу ең алдымен тәрбиеден басталады. Жас ұрпақтың санасына егемендігімізді қастерлеуді, еліміздің әрбір азаматына тең қарап, этностар мәдениетін, әдет-ғұрпын сыйлауды, үлкенге құрмет көрсетіп, кішілерге ізеттілік танытуды ұғындыруымыз керек. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталған болатын. Сондықтан Мемлекет басшысы қоғамда этносына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез-келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, этносына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты. Президент Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін де атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттерін жүктеген болатын. 

Экономикасы қарқынды дамыған елдердің қатарында болу үшін, ең алдымен елдің бірлігіне бекемдік керек. Бірлік те тәртіппен келеді. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген аталарымыз. Сондықтан, құқық бұзушылықтарға, қылмыстарға жол бермеу бағытында қоғам болып атсалысқан дұрыс. Этносаралық түсініспеушілік немесе араздыққа немқұрайлы, жәй ғана бір мәселе деп қарауға болмайды. 

Елде татулықты қамтамасыз етудің алғышарты – білім мен тәрбиеде. Білім беру жүйесінде жақсы нақты құндылықтар нығаюы керек. Бұл ретте татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелгені жөн. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек. Облыс пен қаламызда, шалғайдағы ауылдарымызда азаматтарымыздың мемлекетшілдік көзқарасын нығайту, жас ұрпақты отаншыл рухта тәрбиелеу ісін жүйелеу, жастар арасында патриотизмді қалыптастыруда жаңашыл, заманауи тәсілдерді көптеп қолдану бағытындағы бастамаларды қолдауымыз қажет. 

Этносаралық алауыздықты қоздыру – қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікке қауіп төндіретін ауыр құқықбұзушылық. Бұл әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасында қылмыс ретінде қарастырылып, оны жасаған адамдарға қатаң жауапкершілік жүктеледі. Мәселен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабында этносаралық, діни немесе басқа да алауыздықты қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ол үшін 2 мыңнан 7 мың АЕК мөлшерінде айыппұл не 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделген. 

Сонымен қатар, аталған Заңның 180-бабында сепаратистік әрекеттер үшін жауапкершілік көзделген. Бұл бап бойынша 1 мыңнан 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Елдегі татулық пен бірлікті сақтау үшін әр азамат үлес қосуы қажет. 

Алматы корей ұлттық орталығы 

төрағасының орынбасары

заң ғылымдарының магистрі

Дигай Дамир Анатольевич

0
0
354

Осы тақырып бойынша

Этносаралық алауыздықты қоздырғаны үшін құқықтық жауапкершілік: нені білу маңызды - Yvision.kz