Есте қалған, қалмағанның (әзірше) соңғысы

Осы тақырыптағы бұрын жарияланған жазбаларға жаңа қосымша.
Осы жолы суреттерге өзім ойлап тапқан «ерекше түсіндірмелерді» жазуға уақыт болған жоқ.
Бұл осындай мазмұндағы соңғы жазбам болатын сияқты. Неге дейсіз ғой?
Біріншіден, «сәйкессіздіктерге» толы материалдар таусылған ды, екіншіден – осыларға ұқсас хабарламаларды одан әрі іздеп, жариялаудың арты өзіме қарсы сот ісінің қозғалуымен аяқталатынынан қорқамын (қалжың болса да, бұл туралы жазбаның соңында сөз болады).










Осы «сәйкессіздіктердің» барлығын қазіргі болмысты белгілі дәрежеде бұрмалайтын карикатура деп айқындаса болатын шығар. Біреудің көңілінен шықпаған карикатураның біраз әбігерге түсіретін қабілеті бар екендігін жақында өзіміз естіп-көрдік.
Осы ретте аты әлемге танымал даниялық суретші-карикатурашы Херлуф Бидструптың өзінің шығармашылық жолында еңсерген қиындықтары туралы жазған естеліктерінен мына бір үзіндіні келтіргім келіп отыр: «…Бастапқыда мен шағын виньеткалар мен жаңа театр қойылымдарына арналған суреттерді салумен болдым. Кейін маған саяси тақырыптарда карикатураларды жасап, жариялауға рұқсат берді.Сатиралық суреттерімнің басты кейіпкерлері, негізінен, Франко, Муссолини, Геринг және Геббельс сияқты әйгілі саясаткерлер болатын. Гитлерді салуға маған рұқсат бермеді. Көп ұзамай Герингті де бейнелеуге тыйым салды. Германиядағы жағдайға арналған сатиралық суреттерімде мемлекет қайраткерлерінің орнына сол мемлекеттің өзін «фрау Германия» деп әйелге теңеп салатын болдым. Бірақ тым көріксіз күйде бейнеленген «Германия ханымның» да газет беттеріндегі тағдыры қысқа болды. Дәл сол кезде менің «демократияға тән сөз бостандығы» қағидасын басшылыққа алған егеменді мемлекетте өз ойымды еркін білдіру мүмкіндіктерінің өте шектеулі екендігіне көзім жетті. …Данияда саяси тақырыптағы сурет өз ойыңды тапқыр да өткір етіп білдірудің бірден-бір құралына айналды. Суретшіге қарағанда, журналисттің мұндай мүмкіндігі жоқ – журналист өз ойын сөзбен білдіргені үшін заңмен қудалаудың құрбанына айналу мүмкін. Ол, мәселен, үкімет басшысын түйеге теңеп, әшкерелей алмайды. Соған қарағанда, суретшінің премьер-министрді түйе түрінде бейнелеуіне әлдебіреудің сын айтып, қарсылық білдіруі екіталай».
Мурат Дильмановтың Қ-ға арналған карикатурасы төңірегінде туындаған дауға қатысты айтарым: шығармашылық еркіндігін былай қойғанда, құқықтық/азаматтық қоғамға тəн əрекеттерді емес, бір ренішті цензура мен "ренжігендердің" əлімжеттігін көріп тұрғандаймын. Суретші сонда не істеу керек? Кезінде Бауыржан шоудың бір көрінісіндегі мезет еске түседі: "Кешіріңіз, сіздің мұрныңыздан ұшқанға менің басым тиіп кетті..."
