Есте қалған, қалмаған (2017)
Осы жылдың табыстары мен қуанарлық жетістіктері туралы ертең түнгі сағат он екіге он минут қалған кезде республикалық телеарналардың эфирінен біле аласыздар.
Мен болсам, былтырғыдай, жаңа жыл қарсаңында өткен жылдың маңызды деген оқиғаларынан алған әсерлер және оларға байланысты қалыптасқан пікірлермен бөліскім келіп отыр.
Былтырғы жылға қатысты жарық көрген жазбаларымда (2016 жыл: есте қалған, қалмаған; Есте қалған, қалмағанның жалғасы; Есте қалған, қалмағанның соңғысы) көбінесе суреттер мен жаңалықтардан алынған сәйкессіздіктер жинағы көрсетілген.
Ал 2017 жылға қатысты төмендегідей бірнеше өзекті қанатты сөздер мен басқа авторлардың шығармаларынан алынған үзінділер (дәйексөздер) жиналып қалыпты:
Жалпы қалыптасқан жағдайды бір дәйексөзбен жеткізер болсақ
Азаматтың мақтанатындай жеке жетістіктері болмаса, авторитарлық мемлекет оған жұбаныш ретінде өз отанын мақтан тұтуды ұсынады. (М. Зыгарь. Война и миф)
Дезинформация (жалған мәлімет) – ресми лауазымды тұлғалар өтірік айтқанда қолданылатын термин.
Стриптиз, патриоттар мен рухани-өнегелік құндылықтардың қамқоршылары туралы
Рухани құндылықтарды қорғау, өзгелерге үлгі-өнеге болу, өз отанын сүю, өз елін қорғау қажет деген ұран тастаған қоғам белсенділерінің әдетте теріс ниет көздейтіні анық. Осындай белсенділердің әлдебіреу «дінімізді, ар-намысымызды аяққа таптады, қорлады» деген ащы наразылығына СЕНБЕЙМІН. СЕНБЕЙМІН! Сенетінім – олар өздерін ақшаға сатып алғандардың сөзін сөйлейді... (К.Райкин)
Өз жанын беруге дайын патриоттар жоқтың қасы, есесіне өзгелердің жанын шығаруға дайын тұрған патриоттар қаптап кетті. (Г.Малкин)
Денсаулық сақтау саласы мен міндетті медициналық сақтандыру жайында
Амбулаторлық карта – ештеңеге кепілдік бермейтін техникалық төлқұжат. (Д.Пашков)
Елімізде кеңінен қолданылатын дайын сөз орамдары туралы (оларға құлақ үйренгені соншалық)
Таңертең жұмысқа шығып, автобус аялдамасына жеткен кезде кеңсемнің кілтін үйде қалдырып кеткенім есіме түсті, алайда «...-дің салиқалы да сарабдал саясатының арқасында» мен үйге барып, кілтті алу керек деген дұрыс шешім қабылдадым! Осы ретте менің аталмыш шешім қабылдауым үшін «мемлекеттің барлық жағдай жасағанын» айта кету қажет!!!
Әуежай мен басқа да нысандардың атын өзгерту туралы
Елдегі барлық маңызды нысандарға өз атыңызды беруден тартынбаңыз, қалай дегенімен сіз осы елдің басшысысыз ғой.
Қандай да бір көшенің атын өзгертудің жарасы жеңіл. Картаға түскен әрбір қалада сіздің атыңыздағы көше болуы тиіс. Мектептер, ауруханалар мен университтерге оларға қаржы бөлетін тұлғаның аты берілу керектігіне ешкім күмән келтірмес.
Атын өзгертуге тұрарлық тағы бір нысан — әуежайлар. Елге келіп-кететін шетелдіктердің көзіне ең алдымен сіздің атыңыз түсу қажет.
Өзгелерден ерекшеленгісі келетін, талабы биік көшбасшылар білдей бір қалаға да өз атын беріп қояды: Доминикан Республикасының бұрынғы президенті Рафаэль Трухильо кезінде ел астанасы Санто-Домингоның атын Сьюдад-Трухильо деп өзгерткен екен. Бұл аз болғандай, елдегі Дуарте шыңы деген ең биік тау шыңының аты Трухильо шыңы деп өзгертілген.
(Микал Хем. Быть диктатором. Практическое руководство. "Как создать культ личности" деген тараудан үзінді)
Білікті мамандарың шетелге қоныс аударуы
Алтыншы ғасырдың орта шенінде Византия империясының білікті азаматтары көптеп шетелге көшіп кетіп жатты. Көшкендер шығысқа, орта ғасырлар тәртібі үстемдік құрған аймаққа бет алатын. Жаңа жерге қоныс тепген бұрынғы византиялықтар сол жаңа мекеннің біртіндеп өркендеуіне үлес қосты, ал Византия болса бұрынғы беделін жоғалтып, орта ғасырлардағыдай күй кеше бастады.
Заң шығарған византиялық шенеунік Трибониан ел азаматтарының шетелге көшуін тоқтату мақсатында бас алмай жаңа заңдар жазумен болды. Ол жазған заңдарын жоғары бағалайтын: тыйым салуға болатын нәрсенің барлығына тыйым салынған, ал рұқсат беруге болмайтын барлық әрекеттерге рұқсат етілмеген-ді. Бұдан артық не керек десеңізші? Алайда бұл білікті азаматтардың елден жаппай кетуін тоқтата алмады.
Жұмыстан шыға сала, ол өзінің сүйікті, бірақ заңды некелесі болмаған әйелі Феодораның (заң шығаратындардың да заңсыз некеде тұрғанды жақтыратыны бар екен) үйіне барып, көңілдесіне мұң-сырын айтатын.
Феодора болса, сүйіктісін мұқият тыңдап отырып: – Ойға сыймайтын қайдағы бір заңдарды шығарып алып, көзі ашық әрі білімді азаматтардың қашып жатқанына енді неменеге таң қаласың? – деп жауап қайтаратын.
Елдегі жағдай күрт нашарлай бастады. Жаңа жерлерді қосып, аумағын кеңейткен Византияда білікті мамандардың тапшылығы анық байқалатын болды.
Византиядан кеткендер әділ патша Хұсраудың еліне қоныс аударатын, өйткені мұнда сол кезеңде олардың өсіп-өркендеуіне қолайлы жағдай жасалған.
Қалыптасқан мүшкіл жағдайға Трибониан да ақыры шыдас бере алмады. Сөйтіп, бірде түн жамылып, өзінің сүйікті әйелінің үйіне келіп: – Жинал, Феодора. Бізге де елден зыту керек, – депті. (Ф.Кривин. Всемирная история в анекдотах)
Мына бір соңғы сөз көңіліме қатты ұнады – латын әлипбиіне көшу жайында
Әліпбиде ДАУЫССЫЗ дыбыстар басым екеніне көзіміз жетті.
Сол дауыс шығармайтындар арасында КЕРЕҢДЕР де көп екен.
(С.Троцкий, И.Иванюк)
Жаңа жылдарыңызбен!
P.S. Осы жазбада сөз болған тақырыптарда жарық көрген басқа да жазбаларыммен таныссаңыз болады:
Семіздік пен рухани жаңғыру
Астана әуежайын қайта атау
Конституциялық реформа және «Жұлдызды соғыстар»
Латын әлипбиіне көшу
