Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Есіл бойындағы аштық

Астана. 28 ақпан. Baq.kz-Қазақстанның Орталық және Солтүстік аймақтарынан Ресейге мал мен астық жеткізу үшін Қызылжар-Көкшетау теміржолы шұғыл түрде салына бастады. Ол жөніндегі қаулы 1920 жылғы 5 тамызда қабылданып, 1922 жылғы 28 маусымда поезд қатынасы ашылды.


Кейінгі күндерге дейін бұл оқиға «қазақ халқының экономикасы мен мәдениетін көркейту үшін кеңес үкіметінің қамқорлығы» деп түсіндіріліп келеді. Бірақ, төңкерістен-төңкеріс, берекесі кетіп, бүлінген, халқы аш-жалаңаш мемлекет қайдағы бір «киргиздарды» көркейту үшін сондай шығын мен құрбандыққа барды дегенге ешкім сенбейді? Азамат соғысынан берекесі кетіп, күйреген Ресейдің халық шаруашылығын аяғынан тұрғызу қиын болды. Орталықтағы өндірістік аймақтарда азық-түлік тапшылығы асқына түсті. Сол үшін Қазақстаннан астық пен мал күшпен жиналды. Сақталған құжаттарға қарағанда 1920 жылы Қызылжар станциясы арқылы Ресейдің өнеркәсіп аймақтарына 2 408 738 пұт астық, 3 119 пұт картоп, 28 144 бас ірі қара мен 48 679 қой, 168 мың пұт ет, 224 мыңнан аса жұмыртқа жөнелтілген[1]. 
1920 жылғы 3 тамызда Қызылжар уездік ревкомы болыстарда азық-түліктің салғырт жиналып жатқаны туралы мәселе қарап, «жұмысты ширату туралы» қаулы алды. Яғни, қазақтың қолындағы қолындағы азық-түлігінің артығын күшпен тартып алуға нұсқау берілді. Бұл онсыз да аштыққа ұшыраған халықтың жағдайын одан бетер қиындап жіберді.
Осылайша, халықты қатты күйзелткен үкімет қысымды одан әрі күшейте берді. Кеңестердің зорлықшыл саясатына қарсы жер-жерде халық наразылықтары бой көтерді. Шаруалардың ұраны: «Еркін сауда», «Коммунистерсіз кеңес үкіметі!» Бірақ, қызыл жендеттердің мұндай наразылықтарды аяусыз басты.
Қазақ халқынан азық-түлік тартып алу үшін Ресейдің орталық қалаларында арнайы әскери күштер жасақталды. Оларға қоса жергілікті жерлерден отрядтар құрылды.1921 жылдың 30-желтоқсанында Мәскеуде мынадай бұйрық жарияланды: «Части Особого назначения Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасының Айрықша Мақсаттағы Бөлімдері (АМБ-бұдан әрі ЧОН-авт.) Комчонсибке бағынады»[2]. Яғни осы құжат бойынша ЧОН-дар іс жүзінде Сібірге (Ресейге) ал, сөз жүзінде Қазақстанға (Кирреспублика) бағынатын болған. 
Сөйтіп Қызылжарда Ақмола губерниялық ЧОН-ы құрылды. Ақмола, Атбасар, Көкшетау уездерінде де осындай бөлімдер құрылды. Ал, Қызылжардағы ЧОН губернияға тікелей бағынатын еді.
1920 жылғы 21 қарашада азық-түлік жинау барысы жөнінде Қызылжарға Бүкілодақтық атқару комитетінің төрағасы Михаил Калинин келіп жиналыс өткізеді. Жиналыс соңында «Ақмола облысынан 3 миллион пұт астықты, 43 мың бас малды үш айдың ішінде Мәскеу мен Ленинградқа жөнелтуге қаулы алынды»[3].
Оның соңы 1921-1923 жылдары 500 мың қазақтың аштық қасіретіне ұшырауына әкеліп соқты. 
Дәулетқали Асауов

Пайдаланған құжаттар:
[1] СҚО МА 1482-қор, 1-тізім, 75-құжат, 63-бет.
[2] СҚО МА 889-2-1, 46 б
[3] С.Мұқанов. Өмір мектебі. 2-кітап, 345 бет

 
0
0
461

Осы тақырып бойынша

Есіл бойындағы аштық - Yvision.kz