«Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды!»
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу шеңберінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Е. Жайықбаев Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы А. Мүсірәлімовамен бірлесіп, қалыптасқан игі дәстүр бойынша Ұлы Отан соғысының ардагері В. Малаховпен кездесті.
Кездесу барысында Е. Жайықбаев Ұлы Жеңістің барлық адамзат үшін маңыздылығын атап өтті, соғыс ардагерін алдағы мерейтойымен құттықтап, оған мықты денсаулық, ұзақ өмір тілеп, естелік сыйлық сыйлады.
Валентин Иванович Көкшетау қаласында тұрады, Айыртау ауданының Володарское ауылында 1923 жылдың 30 шілдесінде туған.
Петропавл педагогикалық институтын география мамандығы бойынша аяқтаған.
1942 жылдың 18 мамырында Көкшетау әскери комиссариатымен шақырылып, Тамбов қаласына Ашеннбренер және Уншлихт атындағы жаяу әскер училищесіне жіберіледі. Училищені аяқтауға үлгермей, Сталинградтан оңтүстікке қарай орналасқан майданға байланыс бөлімшесінің командирі ретінде тағайындалады. Оның міндеті – штабтың батальонмен байланысын үзбеу. Бірінші шайқастың өзінде штабтың 20 сарбазы қаза табады. Үзілген байланыс желісін жалғап жатқан кезде алғашқы рет жарақаттанады. Сол жолы жарылған мина жарықшағы оның екі аяғын бірдей жаралаған болатын. Батайск қаласына госпитальға жатқызылады.
1943 жылдың 2 маусымында екінші мәрте жарақаттанып, Тбилиси қаласының госпиталінде емделеді. Госпитальдан кейін Батыс Украинаға, бірінші айрықша атқыштар дивизиясына жіберіледі.
1944 жылы Польшаға дейін жетті. Әскери қызметі үшін Кавказдағы Киров атындағы шекара училищесіне қабылданады. Әскерден 1945 жылы қайтады.
Валентин Ивановичтің наградалары көп: Екі «Отан» ордені, «Жеңіс үшін», «Тыңды игергені үшін» медальдары, Жуков медалі, мерейтойлық медальдар.

