Ерлан Ибрагимов: Виза мерзімінің 6 айға ұзаруына біз де тілектеспіз
Үрімжі. 19 қыркүйек. Baq.kz.Жақынғы жылдардан бері Қытайдан түрлі сапармен келетін қандастарымызды виза мәселесі толғандырып жүргенін еліміздегі басқа да ақпарат құралдары жазды. Атажұртқа келушілердің аяқ алысы жиілеген сайын сауалдардың да саны арта түсті. Осыған орай ҚР СІМ Үрімші қаласындағы төлқұжат-визалық қызметінің басшысы бірінші хатшысы Ерлан Ибрагимовпен сұхбаттасқан едік.
– Ерлан Жеңісұлы, Атамекндеріне бір жолата көшіп және туысшылап, оқумен т.б. сапармен келушілер бар. Оларға берілетін визаның түрлері де ұқсамайтын болар?
– Иә, Қазақстанға баратын қандастарымыз үшін бір қатар виза түрлері қарастырылған. Олар, тұрақты тұру визасы, жеке сапар визасы, оқу үйрену визасы, іс-сапар визасы және саяхат визасы. Біздің тарапымыздан берілетін виза үш айлық және үш мәртелік болғандықтан Қазақстанға үш айдың ішінде үш рет барып келуге болады.
– Қазақ еліне баратын Қытайдағы қазақтар мен басқа ұлт өкілдері визаны ұқсас жағдайда ала алама?
– Қазақстан визасын алу үшін 3*4 фотосурет жапсырылып толтырылған белгіленген нұсқадағы сауалнама, жеке куәліктің көшірмесі, паспорттың көшірмесі, үй кітапшасының тиісті парақтарының көшірмесі және ҚР СІМ Үрімші қаласындағы төлқұжат-визалық қызметі жетекшісінің атына жазылған өтініш керек. Ал оқу мақсатымен барушыларға осы құжаттарға қоса қазақстандық жоғары оқу орнының шақыруын талап етеміз. Қытайда тұратын басқа ұлт өкілдеріне жоғарыдағы көрсетілген құжаттардан сырт жұмыс орнынан тиісті анықтама, ҚР СІМ Консулдық қызмет Департаментімен немесе жұмыс істеу мақсатымен баруды жоспарлаған жағдайда қатысты мекемелермен келісілген шақыртуды қоса өткізуі керке.
– Қазіргі кезде виза берудің тәртібі қалай? Күніне қанша кісіге виза беру қарастырылған?
– Жұмыс күніміз қалыпты жұмыс уақыы бойынша дүйсенбіден жұмаға дейінгі күндерге орналастырылып, әр күні Пекин уақыты бойынша 09.00–13.00 аралығында азаматтардың құжаттарын қабылдаймыз, 15.00-ден 19.00-ге дейін визасы дайын болған паспорттарды таратамыз және осы уақытта этникалық азақтарға кезек нөмірі беріледі. Сондай-ақ, көрсетілген уақыт аралығында ҚХР ШҰАР-да уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан ҚР азаматтарының ұлттық паспорттарын есепке алу, ноториалдау, құқық қолдану тәжірибесі және түрлі мәселелер бойынша өтініштері қабылданады.
Қазақстанға барамыз деушілердің қатары жаз кезінде ерекше артады. Осылайша, бір күнде 300 азаматпен қабылдаймыз. Бұл көрсеткіштің 90-95 пайызын этникалық қазақтар құрайды. Жақын туыстарының қайтыс болуы, оқуға бару және басқа шұғыл жағдаймен Қазақстанға барушыларды кезексіз қабылдауды да қарастырып отырмыз. Қазіргі кезде виза алу үшін келген этникалық қазақтардың кезек саны алты айға дейін созылған.
– Визаның уақытын болмағанда алты айға ұзартса деген қандастарымыздың ұсынысы көп екен? Сонда виза мерзімін белгілеу қалай шешіліп отырады?
– Визаның мерзімін 6 айға ұзартқан жағдайда берілетін визаның саны да азаяды. Қазір бұл сауал ҚР СІМ мен басқа құзырлы органдар басшылығының қарастыруында. Бұл мәселенің қалай шешілетіні бізге де беймәлім.
Меніңше, Қазақстанға сапарлап барушы қандастарымыздың көптігі біріншіден, ҚХР бұл санаттағы азаматтарынан консулдық алымның алынбауы мен визаның жеңілдетілген түрде берілуіне байлансты. Екіншіден, ҚР мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық және гуманитарлық өзара байланыстың кеңеюі. Үшіншіден, Қазақстанның Кедендік одаққа кіруіне байланысты және халық тұтынушы тауарларды Қазақстанға кіргізу бойынша бір қатар шектеулердің күшіне енуі болмақ. Осыған орай, Қазақстан Республикасымен шекаралас аудандардың этникалық қазақтардан тұратын көптеген тұрғындары шекаралық сауда-саттық шеңберінде Қазақстанға белгіленген салмақтан аспайтын тауар (50кг) жеткізу мүмкіндігін қолдануда. Бізде де тек қандастарымызға берілетін визаның мерзімін алты айға дейін ұзарту мәселесінің шешілуі тездетілсе деген тілек бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Майгүл СҰЛТАН
