Қазақ боламыз ба, қазақстандық боламыз ба деген сол жылдары ұлттың басына бұлт үйіріліп тұрған шақта, жиналыстан жиналысқа жүгіріп жүрген қапылыс кезде М.Шахановқа бір кісі келіп «пәленше деген кісі хал үстінде жатыр екен, барып көңілін сұрап қайтайық» дегенде, «мұнда ұлт өлейін деп жатыр, қайсысының көңілін сұрағаным дұрыс болады деп ойлайсың?», - деп тіл қатты. Алдындағы кісі жауап бере алмай терең ойланып қалды. Барлық мүмкіндікті пайдаланып, ұлттың жойылайын деп жатқанын ұғынбай жатқан қандастарына осылайша ой салып жүретін. Әрине, жеке адамдардың да қайғысына ортақтаса біледі, егер ол адам ұлты үшін жанын берген, ұлтының қамын жеген адам болса. Ешқандай туыстығы, жақындығы жоқ Болатхан Тайжан ағамыз өмірден өткенде Мұхтар ағам қатты қайғырып кетіп еді.