Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Енді «Ситуативный казахский» кітабын интернеттен оқи аламыз

Қанат Тасыбековтың «Ситуативный казахский» кітабының электронды нұсқасы шықты. Бұл туралы бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Мәслихат барысында Қанат Тасыбеков кітаптың электронды нұсқасы Kaspi Bank-тің қолдауымен жарық көргенін айтты.

Банк өкілдерінің айтуынша аталған кітап қазақтың болмасы мен рухани, тұрмыстық тіршілігі туралы айта отырып, тілді үйренуді жаңа қырынан көрсеткен. Сондықтан алғашқы томы шыққан күннен бастап қазақша үйренгісі келгендер арасында сұранысқа ие. Бірақ кітап нұсқасының барлығына жетуі мүмкін емес. Сатып алуға мүмкіндігі жоқтар да бар. Әрі қазір көпшілік онлайн оқығанды жөн көреді. Осы себептерді ескеріп банк басшылығы көпшілікке кітаптың электронды нұсқасын оқуға мүмкіндік бергенді жөн көрген.

«Kaspi Bank» АҚ атқарушы директоры Маржан Елшібаеваның айтуынша қызығушылық білдіргендер қазірдің өзінде   www.kaspibank.kz сайтынан кітаптың PDF нұсқасын тегін жүктей алады. Сондай-ақ, 20 наурыздан бастап Kaspi Bank-тің әлеуметтік желілердегі парақшалары мен Apple iBookStore, Google Play Books, және Amazon-да қолжетімді болмақ.

Осыған дейін кітаптың 2  томы жарық көрген еді. Бірінші бөлімі 4 рет басылып шығып, 15 мың данасы сатылған. Кітаптың екінші бөлімі жақында екінші рет шықпақшы. Бүгінгі мәслихат барысында автор үшінші кітапты да жазатынын айтты.

«Тіл үйренуге ешқашан кеш емес, мысалы өзім елуден асқан шағымда қазақ тілін үйрендім. Бізге жетіспейтіні тіл үйренуге мүмкіндік беретін құралдар» деді автор.

1
0
564

Осы тақырып бойынша

Енді «Ситуативный казахский» кітабын интернеттен оқи аламыз - Yvision.kz