Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында республика сот жүйесінің дамуы туралы көрме жұмысы жалғасуда

Ағымдағы жылғы 21 қыркүйектен бастап Астана қаласындағы тәуелсіздік сарайында «Қазақстандағы сот билігі: тарихы мен қазіргі кезеңі» атты көрме өз жұмысын бастады. Бүгінде көрмені елорданың 1100-ден астам тұрғыны мен қонақтары тамашалап үлгерді. Олардың арасында жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, жоғары сынып оқушылары, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері бар.
Көрмені Жоғарғы Сот ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Қазақстан Республикасы судьяларының алдағы VІІ съезіне орай ұйымдастырды. Оның мақсаты – тарихи мұраны көпшілікке таныту және жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеу. Көрменің материалдары ежелгі дәуірдегі, кеңестік кезең мен тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан аумағындағы сот төрелігі жүйесі мен құқықтық мемлекеттің құндылықтарын баяндайды.
Экспозиция «Ежелгі дәуір, орта ғасыр және революцияға дейінгі кезеңдегі Қазақстандағы дәстүрлі құқық пен сот билігі», «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі сот-құқық жүйесі» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарындағы сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуы» деп аталатын негізгі үш бөлімнен тұрады.
Ұсынылған экспонаттар, құжаттар, фотосуреттер мен бейнематериалдар Ұлттық мұрағат, Орталық мемлекеттік мұрағат, Президент мұрағаты және Тұңғыш Президент кітапханасынан, сондай-ақ Жоғарғы Соттың музейінен жинақталған.
Көрмеге келушілер біздің дәуіріміздің VІ-VІІІ ғасырларындағы Түркі қағанатының жазба ескерткіші, Білге қағанның алтын тәжі, Қағанат көсемі Күлтегіннің мүсіні бейнеленген фотоэкспонаттарға зор қызығушылық танытты.
Көрмеге қазақ биі шапанының үлгісі және оның төс белгісі, хандардың, сұлтандар мен билердің жеке мөрлері қойылған. Олар төрт ғасыр бойы Ұлы дала мемлекетінің ішкі саяси құжаттары мен халықаралық келісім-шарттарды бекітуге бағытталған ең басты атрибуты болып табылды. Көрмеге Қазақ хандығының қалыптасу кезеңін белгілейтін материалдар да қойылған.  «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» дала демократиясының негізін қалағандығын, аталған жарғылардың сол дәуірдегі құқықтық қатынастарды реттеумен қатар, қоғамдық келісімді сақтауға ықпал еткенін атап өткен жөн.
Мұнда 1993 жылғы Конституцияның, «Қазақстан Респубилкасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның түпнұсқасы, Президенттің республика судьяларының IVсъезіндегі жұмыс жазбалары жазылған қойын дәптері, сондай-ақ Мемлекет басшысының қолы қойылған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңы қойылған.
Көрме келушілердің назарына қазақстандық судьялардың мантиялары, Жоғарғы Сот пен республикадағы Судьялар одағының ведомстволық наградалары да ұсынылған. 
Көрменің бірқатар материалдары тәуелсіздік жылдарындағы сот билігінің дамуын сипаттауға арналған. Атап айтқанда, судьялар съездерінің жұмыстары, Ұлт Жоспарын іске асыру мен электронды сот төрелігін енгізу нәтижелері, Жоғарғы Соттың халықаралық қызметі және т.б. материалдар. Көрмеге барлығы 210 фотосурет пен 50 экспонат қойылған.
Көрме жұмысымен а.ж. 7 қазанға дейін, яғни Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезі өтетін күнге дейін танысуға болады.

http://sud.gov.kz/kaz/news/elordadagy-tuelsizdik-sarayynda-respublika-sot-zhuyesinin-damuy-turaly-korme-zhumysy-zhalgasuda

0
0
586

Осы тақырып бойынша

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында республика сот жүйесінің дамуы туралы көрме жұмысы жалғасуда - Yvision.kz