Елордада «Астана қыраны» турнирінің жеңімпаздары анықталды
Елордада «Астана қыраны» турнирінің жеңімпаздары анықталды. Сайыс жеңімпаздары алдағы уақытта «Қазақстан барысы» V республикалық турнирінде елорданың намысын қорғайтын болады.
Іріктеу кезеңінде ең мықты палуан атағы үшін 20-дан астам спортшы күш сынасты. Бүгінгі таңда аталған ұлттық спорт түрі жастар арасында үлкен қызығушылық туғызуда.
«Қазақ күресі бағзы заманнан ұлттық спортымыз болып табылады. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының сыйлығы тағайындалған «Қазақстан барысы» турнирі қазақ күресінің дамуына үлкен септігін тигізді. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында ұлттық спорт түрлерін жаңғырту ауадай қажет», — деді ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов.
Жарыс қорытындысы бойынша, 1 орын — Сейдалиев Ғаниге, 2 орын — Айбат Сейтенге, ал жүлделі 3 орын — Айтуар Абдуловқа бұйырды.
Еске сала кетейік, «Қазақстан барысы» V республикалық турнирі Астана күні қарсаңында, мамырдың 5 күні «Сарыарқа» велотрегінде өтеді.
Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді.
АСТАНА. ҚазАқпарат

