Елімізде парниктiк газдарды сату жүйесi iске қосылмақ
BNews.kz 1 шiлдеден бастап Қазақстанда парниктiк газдарды сату жүйесi iске қосылмақ. Бұл туралы VII Астана экономикалық форумы барысында Қоршаған орта және су ресурстары министрi Нұрлан Қаппаров мәлiмдедi, деп хабарлайды Bnews.kz тiлшiсi.
«1 шiлдеден бастап Қазақстанда парниктiк газдарды сату жүйесi iске қосылмақ. Бұл ТМД елдерiнде алғаш рет қолға алынып отыр. Сонымен қатар биыл бiз қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару бойынша бiрнеше жобаларды құрылымдаймыз. Сондай-ақ қалпына келтiрiлетiн энергетика бойынша алғашқы жобалар да пайда болды. Алдағы уақытта бiз тарифтердi бекiтемiз. Бұл Қазақстандағы қалпына келетiн энергетиканы дамыту үшiн үлкен қадам болмақ. Бүгiнде бiршама жобалар әзiрленуде. Бұл жобалардың көлемi 3 млрд долларды құрайды. Олар алдағы 3-4 жылда инвестицияланатын болады», – дедi Н.Қаппаров.
Сонымен қатар журналистерге берген сұхбатында Нұрлан Жамбылұлы жасыл экономика мәселесiн де тiлге тиек еттi.
«Жасыл экономика кәдiмгi экономика, тек ол экологияға жақындау. Жасыл экономиканың философиясы мынада: аз шикiзатты қолдана отыра, көп өнiм шығару. Сол арқылы өнiмнiң өзiндiк құны да төмендейдi. Ол өз кезегiнде кәсiпорынның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырады. Оның үстiне аз ресурстарды пайдалана отырып, қоршаған ортаға аз залал келтіреді», – деп қосты министр.
Ербол САРМУРЗИН
