Елімізде электр энергиясын тасымалдайтын кәсіпорындардың саны қысқарады
«Қазақстанда 2022-інші жылға қарай электр энергиясын тасымалдайтын ұйымдардың саны 30 пайызға қысқарады. Яғни кәсіпорындардың санын 110-ға дейін азайту көзделіп отыр. Бірақ бәсекеге қабілетті орта сақталады». Бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте Энергетика министрінің орынбасары осылай деді.
Бақытжан Жақсалиев иесіз электр желілері энергия беретін ұйымдарға берілетінін жеткізді. Бұл жұмыс соңғы 20 жылда шешімін таппай келген еді. Сондай-ақ әр өңірде қуат көзіне тарифтер де әртүрлі. Бұл мәселені шешу үшін «бірыңғай сатып алушы» моделі енгізіледі.
Бақытжан Жақсалиев, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
– Электр энергиясы кешенін ырықтандыру процесінде тауардың құны сатып алған жеріндегі бағамен бірдей. Бұл – электр энергиясын өндіру әр аймақта әрқалай деген сөз. Сонымен қатар тасымалдау шығыны да әр қилы. Ал қуат көздерінің бірыңғай сатып алушысын енгізу аймақтар арасындағы осы айырмашылықты төмендетуге септігін тигізеді.
