Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Электронды-цифрлық қолтаңба кілтінің мерзімі 3 жылға созылды

Елімізде электронды-цифрлық қолтаңба кілттерінің уақыты 3 жылға дейін ұзартылды. Осыған орай, пайдаланушылар ЭЦҚ кілттерін eToken PRO 72K, JaCarta, Kaztoken, Akey, жеке куәлік секілді қорғалған тасымалдаушыларда шығаруға мүмкіндік алды.

Бұған қоса, электронды-цифрлық қолтаңба кілтін файлдық жүйеде сақтағандардың мерзімі 1 жыл болып қала береді. Өйткені, файлдық жүйе сертификатталмаған және кілтті жабық мерзімде ұзақ сақтауға мүмкіндігі жоқ.

ЭЦҚ кілтінің уақытын созудағы ең басты мақсат – азаматтарға жайлылық сыйлау. Бұрын электронды-цифрлық қолтаңбаны қолданушылар жыл сайын жеке кабинеті арқылы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалына келу арқылы қайта жасататын. Ал, қазіргі таңда бұл үшін 3 жылда бір рет ғана келсе жеткілікті.

Еске сала кетейік, электронды-цифрлық қолтаңбаның мерзімі аяқталуға 30, 15, 7 күн қалғанда қолданушының электронды поштасына (егер пайдаланушы электронды мекенжайын көрсетсе ғана) ЭЦҚ-ны қайтадан алу керектігі туралы хабарлама келіп түседі.

Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) – электронды құжатты растайтын, цифрлық белгілерден құралған жиынтық. Ол жазбаша формада емес, керісінше электронды форматта жүзеге асады. 2003 жылдың 7-ші қаңтарындағы «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» ҚР № 370-II Заңына сәйкес ЭЦҚ адамның өз қолтаңбасымен күші бірдей қолтаңба ретінде расталған болатын. Ел тұрғындарының ЭЦҚ көмегімен egov.kz порталы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік электрондық қызметтерді пайдалана алады. Сондай-ақ, электронды цифрлық қолтаңбаны ҚР-ның Ұлттық куәландырушы орталығымен біріккен ақпараттық жүйелерде де қолдануға болады. ЭЦҚ-ның артықшылығы – электрондық қолтаңбасы бар құжаттар қажетті жеріне дереу жолданады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 3,5 млн адамға электрондық қолтаңба берілді. 2018 жылдың бірінші тоқсанында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацияның кеңселері арқылы 17,8 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 52,3 пайызы электрондық форматта жүзеге асқан болатын. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге интеграциялайды. Ол 2016 жылдың 7-ші сәуірінде құрылған болатын.

0
0
983

Осы тақырып бойынша

Электронды-цифрлық қолтаңба кілтінің мерзімі 3 жылға созылды - Yvision.kz