Электр энергиясын қалай үнемдейміз?
“Айқын” газеті
Елбасы «жасыл экономика» және болашақ энергиясын құру және инновациялық технологияны дамыту қажеттігін баса айтқан болатын.
2013 жылғы 30 мамырдағы жарлығымен еліміздің 2050 жылға қарай суды үнемдеу технологияларын дамыту, энергетиканың дәстүрлі түрлерін жетілдіру, жылу-электр стансаларынан шығатын қалдықтарды азайту, өндіріс пен тұрмыста жаңа технологияларды пайдалану арқылы жаппай электр қуатын үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау бойынша «Жасыл экономика» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Соған орай «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында партияның «Қазақстан. 2017 масқаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасындағы «жасыл экономика» бағытын жүзеге асыру мәселелерін талқылау және табиғи су қорларын, электр энергия қуаттарын тиімді қолдануға ұсыныстар әзірлеу мақсатында қалалық әкімдіктің өкілдері мен сараптамалық таптардың арасында «болашақты таңдай отырып, ресурстарды үнемдеу…» тақырыбымен дөңгелек үстел өтті.
Жалпы, жер шары халқының саны 2014 жылы қаңтар айында 7,2 миллиард адамға жеткен екен. Әр минут сайын 150 мыңға жуық адаммен толығып, 2013 жылдың ағымында әлемдегі тұрғындар саны 80 миллионға ұлғайған. ХХ ғасырда әлемдегі тұрғындардың саны 3,8 есе, яғни 1,7 миллиард адамнан 6,3 млрд адамға өскенде энеригияны пайдалану қарқыны да 15 есеге өсіпті. Орташа есеппен алғанда энергияны тұтыну адам басына шаққанда шамамен 4 есеге көбейген. Сондай-ақ әлемде 1,8 млрд адам су тапшылығының зардабын шегуде, ал 2,5 млрд адам электр қуатын пайдалана алмай отыр. Энергетикалық теңсіздік көптеген әлеуметтік проблемалардың туындауына себепкер болып отыр. Осындай мәліметті келтірген «Экоэнергомаш»ЖШС-нің бас директоры А. Болотов: «бүгінде электроэнергияны үнемдемесек, болашақта энергия тапшылығын сезінуіміз мүмкін екендігін айтқан болатын елбасы. Ендеше, үкімет энергия үнемдейтін және экологиялық таза технологияларды енгізуге күш жұмсауы тиіс» дейді ол.
Мысалы, энергия алынатын жел, күн сәулесі сарқылмас ресурстар болса, көмір, мұнай, газ, уран сияқты қазба байлықтары таусылатын ресурстар, ал өзенэнергиясы мен биожанармай шектеулі ресурс. Бірақ Қазақстан бүгінгі таңда барлық энергетикалық ресурстармен қамтылған екен. Алайда жылу энергетиканың әсерінен биосфераның, яғни тіршілік мекеніндегі ғаламдық өзгерістер экожүйенің бұзылуына әкеп соғуда, сол үшін қандай да бір амал-шаралар жасамасақ ертең соның зардабын шегуіміз ғажап емес екендігін жеткізеді А. Болотов. Сондай-ақ болашағымызды ойлайтын болсақ, қазба ресурстарын үнемдеп қана қоймай, шектеу қажет деген пікірде.
Электр энергияны тұтынушылар арасында өнеркәсіп 68, 7 пайыз, үй шаруашылығы 9,3 пайыз, қызмет көрсету секторы 8 пайызды, транспорт 5,6 пайызды және ауыл шаруашылығы 1,2 пайызды құрайды екен.
Дөңгелек үстелге жиналғандар ресурсты үнемдеу бүгінде маңызды мәселе болып отырғанын және соны инновациялық дамыту бойынша өкімет органдарының, ғылым мен бизнес топтардың үйлескен жұмысы қажет екенін және жаңа инфрақұрылымдарды қалыптастыруға үлкен мән беріп, жобаларды мақұлдаған кезде жаңадан құрылып жатқан немесе қайта құрылып жатқан объектілердің ресурстық және энергия үнемдегіш технологияның пайдаланылуы бойынша Қазақстан Республикасының заңдарының сақталуын қадағалау керектігін, қоғамда экомәдениетті қалыптастыру үшін, қоршаған ортаны қорғауға қатысты тәрбие жұмыстарын жүргізіп тұру маңызды екенін алға тартады.
Мырзахметова Нұрсұлу
