Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Елбасына жолдаған елдің сөзі

Қазақстан Республикасы Президенті  Н.Ә. Назарбаевқа

Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Екі жарым ғасыр отарлық езгіде үлкен қасірет пен апаттарды басынан өткізіп «мың өліп, мың тірілген» қазақ ұлты биыл, тәуелсіздік алуының жиырма жылдығын атап өтпек. Ата-бабаларымыз осы жолда-жеріміз, тіліміз, дініміз, дәстүріміз, ұлттығымызды сақтап, қорғау үшін өмірлерін сарп етті.

Тәуелсіздік жылдары Еліміз өзіңіздің басшылығыңызбен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына жетекшілік етіп, Ислам конференциясы ұйымының тізгінін ұстады. Бұл-ұлтымыздың бірлігі, елдегі саяси, әлеуметтік тұрақтылықтың нәтижесі. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен жылдарды саралап, тәуелсіздігіміздің қадірін айшықтап, халықтың өз-өзіне деген сенімін арттырып, ұлттың тұтастығын барынша күшейту қажет. Дегенмен тарихтың осындай шешуші тұстарын дұрыс, жемісті пайдалануға, ел наразылығын тудыратын кейбір істер кереғар әсер етуде.

Қазақстан Республикасының Мәжілісі қабылдаған «Дін және діни бірлестіктер туралы» заң ұлтымыздың, Қазақстан азаматтарының үлкен алаңдаушылығын тудырып отыр. Аталған заңның 7-бабының 3,4-тармақтарындағы мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелерде, әскерде, оқу орындарында, емханалар мен қарттар үйінде азаматтардың жеке діни құлшылықтарын өтеуге тиым салынуы Ата заңымызға да, халықаралық нормаларға да қайшы келеді. Конституциямыздың 22-бабының 1-тармағында: «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», 39-бабының 1,3-тармақтарында: «Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бір түрде шектеуге жол берілмейді. Конституцияның 10; 11; 13-15-баптарында; 16-бабының 1-тармағында; 17-бабында; 19-бабында; 22-бабында; 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелмеуге тиіс» деп, анық атап көрсетілген. Азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық Пактінің 18-бабында: «Әрбір адамның ой-пікір, ар-ождан және діни бостандығына құқығы бар» деп, дінге сену және құдайға құлшылық ету бостандығын қорғайды. Сонымен бірге аталмыш бап еліміз орындауды өз міндетіне алған өзге де халықаралық заңдық құжаттарға қайшы келеді. /Хельсинки 1956, Мадрид 1980, Вена 1989, Копенгаген 1990, Будапешт 1994, Астана 2010/

Қазақстан халқының жетпіс пайыздан артығын  құрайтын  мұсылмандардың басын  құрап отырған Қазақстан  мұсылмандары діни  басқармасы жетінші бапқа өз қарсылығын білдіріп үндеу жариялады. Сондай-ақ християн, иудей діндерінің өкілдері де өз қарсылықтарын білдірді. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының жетекшісі Ян Ленарчич бұл заңның сенім бостандығын шектеуге бағытталғанын айтып сынға алды. Елімізге танымал заң ғылымының мамандары профессорлар М.Нәрікбаев пен Р.Подпригора, Қазақстандағы Хельсинки комитетінің президенті Нинель Фокина және өзге ғалымдар, саясаткерлер заңның адамқұқығын шектеп, халықаралық нормаларды өрескел бұзатынын ғылыми тұрғыда жан-жақты дәлелдеп берді. «Әділет» саяси партиясы мен көптеген қоғамдық ұйымдар 7-бапқа түбегейлі наразылықтарын білдіріп, заң қабылданған жағдайда орын алатын апатты салдарды ескертті.

Дін – адам баласының ең ұлы да, қастерлі сенімі. Дін – ұлтты құраушы, сақтаушы негіздердің бірі. Діні жойылған халықтың жойылуы тарихи  заңдылық. Аталған бап  халқымыздың сеніміне,мүддесіне қарама-қайшы. Жеке  діни құлшылыққа  тиым салу арқылы заң авторлары  адам құқығының тапталып, еңбек ұжымдарында келеңсіз жағдай туындап, студенттерді, сарбаздарды қуғындау  орын  алып, осыдан ұлттың  бірлігіне  сызат түсіп, қоғамның қақ айрылуына алып келетінін білмеді деу қиын. Саяси сарапшылар сыртқы күштердің, заңның қателігін өз мақсаттарына құрал етіп пайдаланып, халықтың намысын қоздырып, билікке қарсы айдап салуы мүмкін екендігін ескертіп бағуда.

Осы жағдайларды ескере отырып, мемлекетіміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақталуы, ұлтымыздың болашағы үшін аталған заң жобасына вето қойып, қабылдамауыңызды өтінеміз.

Амангелді Айталы, қоғам қайраткері

Өмірзақ Айтбайұлы, академик

Қойшығара Салғараұлы, жазушы-ғалым

Мұхтар Шаханов, қоғам қайраткері

Тұрсын Жұртбай, ғалым

Әзімбай Ғали, саясаттанушы

Қайрат Байбосынов, Халық әртісі

Софы Сматаев, жазушы

Темірхан Медетбек, ақын

Бейбіт Қойшыбаев, жазушы

Амалбек Тшанов, қоғам қайраткері

Дос Көшім, саясаттанушы

Сәрсенбі Дәуіт, әдебиетші ғалым

Әшірбек Көпішев, жазушы-баспагер

Көпен Әмірбек,  жазушы-сатирик

Айгүл Ісмак, әдебиетші-ғалым

Шұғыла Сапарғалиқызы, өнер қайраткері

Талғат Рысқұлбеков, желтоқсаншы

Қали Сәрсенбай, журналис

Ғарифолла Әнес, баспагер

Болат Әбдіман, актер

Қыдырәлі Болман, өнер қайраткері

Мұхидин Иса, дінтанушы

Серік Тұрғынбек, ақын

Бекжан Тұрыс, актер

Ислам Байрамуков, спорт қайраткері

Рамазан Стамғазиев, әнші

Аманжол Әлтаев, айтыскер ақын

Досымжан Таңатаров, әнші

Қалқаман Сарин, жас ақын

Жандарбек Бұлғақов, айтыскер ақын

Музарт тобы… т.б.

   

http://www.namys.kz/?p=5919

0
1
850

Осы тақырып бойынша