Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Елбасы: Жаһандық дағдарыспен күресті эмиссия мен валюталар айналымын реттеуден бастау қажет

«Жаһандық дағдарыспен күресті эмиссия мен әлемнің резервтік валюталары айналымын реттеуден бастау қажет». Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясында осындай мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде әлемге сапалық тұрғыдан жаңа қаржы құралдары керек. Жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін ұлт үстілік әлемдік валюта әзірлеу бағытындағы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің күш-жігерін біріктіру қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Украина дағдарысына, сондай-ақ Минск келісімін толық орындауға қатысты ұстанымын ашық айтты. Біздің еліміз қақтығысты бейбіт жолмен реттеуді қолдайды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы санкциялар қолдануға қатысты өз пікірін білдіріп, бұл әрекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына қайшы деп бағалады. Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды да ұсынды.

Елбасы Астанадан Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашу бастамасын көтерді. Осы айтылған ұсыныстардан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының мүше мемлекеттерін Астанада 2017 жылы өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырды.

«Қазақстан Украина дағдарысын бейбіт жолмен реттеуді және Минск келісімін қақтығысушы тараптардың толық орындауын дәйекті түрде жақтап келеді. Қазір барлық күш-жігерді халықаралық қатынастарда үнқатысуды, өзара түсіністікті және сенімді қалпына келтіруге жұмылдыру керек. Сол үшін 2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыруды ұсынамын».

«Санкцияларды Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін әрекет ретінде бағалап, олардың өз бетімен қолданылуын болдырмау қажет. Миллиондаған адамдардың игілігіне әсер ететін халықаралық санкциялар қолдану құқығы Қауіпсіздік Кеңесінің ерекше құзырында болуға тиіс деп сенемін. Бұл қағидаттарды сақтамау қазіргі әлемдік тәртіптің негіздерін ыдыратады, «қырғи-қабақ соғыстың» сарқыншағына айналады».

«Терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға жайылып барады. Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды ұсынамын. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының терроризммен күрес жөніндегі мәселенің бәрін қамтитын құжатын әзірлеп, қабылдау қажет».

«Біріккен Ұлттар Ұйымының «Баршаға арналған тұрақты энергетика» бастамасын қолдау үшін Астанада 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен бүкіләлемдік көрме өтеді. Барлық мемлекеттерді көрмені дайындауға және өткізуге қатысуға шақырамыз. Болашақты ескеріп, «ЭКСПО-2017» көрмесі инфрақұрылымы негізінде Астанадан Біріккен ұлттар ұйымы қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашуды ұсынамын».

http://gbpp.org/kz/2015/09/8376

 
1
0
328

Осы тақырып бойынша

Елбасы: Жаһандық дағдарыспен күресті эмиссия мен валюталар айналымын реттеуден бастау қажет - Yvision.kz