Елбасы: Назарбаев орталығы ғимараты — энергия үнемдеуді дамыту бағытында маңызды нысан
ҚазАқпарат – Назарбаев орталығы ғимараты энергия үнемдеуді дамыту бағытында маңызды нысан. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстанның ҮИИД мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша Үкіметтің есебін тыңдау кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
Айта кетейік, индустриялдық нысандарды іске қосуға арналған бұл шара Назарбаев орталығы ғимаратында өтіп жатыр.
«Осы нысанды мәдени орталық деп санау керек. Ғимараттың сәулеті – еліміздің дәулеті мен әлеуетін, арманы мен таңдауын әйгілеп тұрғанын көріп отырсыздар. Бас қаланың көркін одан әрі қарай аша беретін игілікті халыққа қызмет істейтін үлкен шаңырақ болсын деп тілейміз»,- деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Елбасы бұл нысан Астананың күніне тағы да бір тамаша сыйлық екенін атап өтті. Ғимараттың құрылысында пайдаланылған әйнектерден түсетін күннің жылуы энергияны үнемдеуге септігін тигізеді.
Президент бұл тұрғыда 30 мың шаршы метрлік 9 қабатты бұл ғимарат энергия үнемдеуді дамытуда «жасыл экономика» бағытындағы елімізде жүзеге асырылған маңызды нысан екенін айтты.
«Бұл ғимараттың пайдалануға берілуі «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне дайындық аясында біздің мақсаттар тұрғысында өте маңызды»,-деді Н. Назарбаев.
Автор: Руслан Ғаббасов
