ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне алдағы үш жылда 306 млрд. теңге бөлінеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізуге алдағы үш жылда 306 млрд. теңге бөлінеді. Бүгін Мәжілісте «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлімдеді.
«ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің құрылысын салу мен жүргізуге 2016 жылы 173,5 млрд теңге, 2017 жылға 98 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, 2016 жылы Астана қаласы бойынша көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға, денсаулық сақтау және білім беру салаларында құрылыс нысандарын салуға, ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыруға 81 млрд теңге қарастырылады», – деді Бақыт Сұлтанов.
Айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы шығыстар 2018 жылға да қарастырылып, оған бюджеттен шамамен 35 млрд теңге бөлу жоспарланған екен.
Бюджетті талқылау барысында депутат Розақұл Халмұрадов бұған наразылығын білдірді. «Көрме 2017 жылы бітеді. Көрменің құрылыс жұмыстары 2016 жылдың соңында аяқталады. Ал 2018 жылға не себептен 35 млрд теңге бөлгелі отырмыз? Көрме 2017 жылы аяқталса келесі жылға неге 35 млрд теңге саламыз? Құрылыстың аяқталмағанын аяқтап, жинастыруға 3,5 млрд теңге бөлсе оны түсінетін едік. Бұл қалай?» – деді депутат Халмұрадов.
Өз кезегінде Қаржы министрі ЭКСПО халықаралық көрмесінің бір жылда аяқтала салмайтын ауқымды жоба екенін алға тартты. «Келесі жылы негізгі құрылысты бітіруге 173 млрд теңге бөлініп отыр. Ал 2017-2018 жылдары ұйымдастыру жұмыстарына қаражат кетеді. Көрме құрылыс жұмысымен тоқтап қалмайды, оны ары қарай жандандыру керек», – деді министр Бақыт Сұлтанов.
http://gbpp.org/kz/2015/10/9445
