Экономиканы әртараптандырудың жолдары қандай?
Дамыған елдердің қай-қайсысы болмасын ұлттық экономикасын дамытуды бірінші орынға қояды. Отандық кәсіпкерлерін қаржылай қолдау арқылы аталған елдерде өндірістік дамуға қол жеткізіп, экспорт көлемін арттырып отыр. Әзірше, шикізаттық бағыттан шыға алмай отырған еліміз экономиканы әртараптандыруда қай елдерден үлгі алуы керек. Осы жөнінде ой толғап көрсек...
Дүнежүзілік шаруашылық жүйесінде ұлттық экономиканың дамуы қоғамдық өндіріс құрылымдарына тәуелді екенін соңғы уақыттарда айқын аңғарғандаймыз. ХХ ғасырда әлемде негізгі жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 18 есеге өсті. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 6 есеге артты. Бірақ есесіне оның экономикадағы үлесі 3 есеге қысқарды. Дәл осы тенденция индустриясы дамыған мемлекеттерге де тән еді. Өткен жүзжылдықта дамыған елдерде ЖІӨ 15 есе, ауыл шаруашылығының өнімі 4,3 есе көбейіп, агроөнеркәсіп өнімі 3,6 есеге азайды. Бұл деректерге қарай отырып, дамыған елдердегі ауыл шаруашылығының үлесі жалпы әлемдік өндірістен 2 есеге аз екені байқалады. Десе де, дамыған елдің аты – дамыған. Олардағы ең басты жетістік – өнеркәсіптік өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамуы. Сондай-ақ, қызмет көрсету салалары мен қаржы секторында да тұрақтылық сақталуда.
Экономика жүйесіндегі даму, ең алдымен, оның құрылымдық өзгерістеріне, өндірістік өнеркәсіп өнімінің көлеміне тікелей байланысты. Бұл процесс бесінші технологиялық төңкеріспен, ақпараттық технологиялардың өсуімен, телекоммуникацияның, электроника мен электрлік құрал-жабдықтар өндірісінің өсімімен, бұқаралық ақпарат құралдарының артуымен, дәрі-дәрмек өнеркәсібі ауқымының кеңеюімен басталып отыр. Жаңа технологиялар экономикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік беруде және де ол қызмет көрсету саласында айтарлықтай шеңберде дамуда. Озық технология АҚШ-та 1997 жылы 64 пайызға көтерілді. Супердержавада 1990-1997 жылдар аралығында ЖІӨ көлемі 18,5 пайызға артса, қайта өңдеу өнеркәсібінің өсімі 25,7 пайызды құраған. Өндірістің бір түрі екіншісіне дем беретіні бар емес пе? АҚШ-та осы кезеңде индустриялық машина саласындағы құрал-жабдықтардың өндірісі 1,9 есеге өсіп, өнеркәсіп құрылымы жаңа технологиялық күш-қуатқа ие болса, электронды және электрлік құрылғылар саласы 3 есеге артып, әлемдік дамудың озық үлгісін көрсетті. Автомобиль және автоқосалқы бөлшектер өндірісі де жаңа технологияға көшіп, оның үлесі 37 пайызға артқан. Әлемнің көптеген елдерінде экономикалық дағдарыс белең алып, қарапайым сіріңкенің өзі сырттан сатып алынып жатса, ал енді бір елдер қалдықтарды қайта өңдеп, өндірістік пайдаға кенеліп жатыр. Бұл – соңғы он жылда болып отырған тенденция.
Дүние жүзінде аэроғарыш саласында, компьютерлік, кеңселік құрал-жабдықтар өндірісінде, фармацевтика мен медицина өнеркәсібінде біршама капитал жинақталған. Осы салалар өнімінің өсімі 1995-2000 жылдар аралығында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде орташа есеппен 18 пайызға дейін жетті. Ішінара өзгерістерге келсек, бұл көрсеткіш Финляндияда ең төменгі дәрежеде, яғни 11 пайыз болса, жасампаз Жапонияда ең жоғарғы, 34,5 пайыздық деңгейде болды. Осы салалардағы ірі компаниялардың қызметі де ерекше. Олардың жалпы капиталдарының жиынтығы әлемдік компаниялар табысынан 2-3 есе көп. Бесінші технологияның өндіріске енуі дамыған елдердің жыл сайынғы озық технологиялық өсімін орташа есеппен 2 есеге дейін көтерді. Ал өзге өндіруші өнеркәсіп салаларының орташа жылдық өсімі осы кезеңнің соңында 10 пайызға жетті. Бұл аталмыш елдердің әлемдік нарықтағы бәсекелестік қабілетін арттырып, экономикалық қуатын кемелдендіре түсті. Сондықтан да еліміз отандық кәсіпорындарды қолдап, олардың дамуына, шетелдік нарыққа шығуына көмекті аямау керек. Сонда ғана біз толассыз келіп жатқан импорт тасқынына тосқауыл қоя аламыз.
Айдос САДУАҚАСОВ,
журналист, саясаттанушы
