Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Экономикалық одақ қызметі таныстырылды

Ұлыбританияның астанасы Лондонда Еуразиялық экономикалық одақтың даму болашағына арналған екікүндік брифинг өтті. Аталған шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Сүлейменов, Біріккен Корольдік мемлекеттік органдарының өкілдері, британдық жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының және жоғары оқу орындарының сарапшылары қатысты. Брифинг Корольдіктің Қорғаныс және қауіпсіздік институтында өтті.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ержан Қазыханов іс-шараны ашып, брифингке қатысушыларды Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістердің даму барысымен таныстырып өтті. Е.Қазыханов Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясын 1994 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғаны, ал ЕАЭО туралы шартқа 2014 жылы Астанада қол қойылғаны атап көрсетілді.

Өз сөзінде Т.Сүлейменов Еуразиялық экономикалық одақ жұмысының қағидаттары мен келешегі, ЕАЭО-ның құрылымы мен механизмдері, сондай-ақ, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес, Еуразиялық экономикалық комиссия сияқты институттық органдардың қызметі туралы баяндады.

Министр қатысушылардың назарын ЕАЭО туралы шартта экономикалық ынтымақтастық жөніндегі басты мәселелер бойынша шешімдердің консенсус негізінде қабылданатындығы мен ұйымның әр мүшесіне арналған вето құқығы қарастырылғандығына аударды.

Шара аясында әркімге де ашық Еуразиялық экономикалық одақтың инвестициялық әлеуетінің жоғары екендігі, 180 миллион халқы бар халықаралық ірі тұтыну нарығы екендігіне баса назар аударылды.

Келесі күні Т.Сүлейменов Лондон Ситидің британдық және халықаралық компанияларына арналған ЕАЭО жөнінде ұқсас таныстырылым өткізді. Сонымен қатар, Т.Сүлейменов өзінің Лондонға сапары аясында Еуропа Қайта құру және даму банкінің саясат және серіктестік жөніндегі вице-прези­денті Филипп Ле Уерумен кездесті.

Еуразиялық экономикалық одақ – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес құрылған халықаралық экономикалық ұйым. ЕАЭО аясында тауарлардың, капиталдың және жұмыс күшінің қозғалу еркіндігі, сондай-ақ, экономика салаларындағы үйлесімді, келісілген және бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі. ЕАЭО-ның мүшелері Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы (қазір соңғысының ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартты ратификациялау үдерісі жүріп жатыр) және Ресей Федерациясы болып табылады.

Egemen.kz

 
0
0
886

Осы тақырып бойынша

Экономикалық одақ қызметі таныстырылды - Yvision.kz