Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Экологиялық қасіреттен қайтсек құтыламыз?

Екібастұз өндірістердің ошағы болып табылғандықтан экологиялық жағдайы күн өткен сайын нашарлап барады. “Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды” демекші, МАЭС-1, МАЭС-2 станцияларына, “Жылуорталығына”, кеніштерге түтін тұтқыш қондырғы орнатамыз деп жүргенде, лас ауамен өсіп-жетілген алдыңғы буын да орта жасқа жетті.

Өндіріс басшыларына түтін тұтқыш орнатқаннан гөрі ауаны ластағаны үшін айыппұл төлеу анағұрлым жеңіл тиетінін бүгінде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін біледі.
Еліміз өркендеп, қоғамға заманауи технологиялар енгізілсе де, Екібастұздың экологиялық жағдайы сол баяғы күйінде. “Жылу орталығының” мұржасынан будақтаған түтін аздай, қала сыртындағы кен үйінділерінің өртенуі де ауаны ластап болды. Ілгеріде бықсып жанып жатқан кен үйінділеріндегі өртті өшірумен арнайы орындар айналысса, бүгінде бұндай іспен айналысу ешкімге де қажет болмай қалды. Кен үйінділері өртенген кезде ауаға адам денсаулығына өте зиянды көмірқышқыл оксиді және азот пен күкірттің диоксиды бөлінеді екен. Күл қоқыстарындағы өртенген жерлерде газдың мөлшері 3-тен 5 есеге дейін артады.
Екібастұзда көмір өнеркәсібі кәсіпорындарының негізгі талапты сақтамағандығы салдарынан халық экологиялық қасіретке тап болды. Бүгінде өндірістік қалдықтардың көлемі 2 млрд. тоннаға жетті. “Батыр Көмір” ЖШС-нің қоршаған ортаға келтірген залалы ұшан-теңіз. Біздіңше, “Батыр Көмір”-дің бұл мақсатқа бөліп отырған қаржысы тым аз. Олар бұл эколгоиялық тазалық сақтау шараларына қазіргіден он есе көп қаржы бөлуге тиіс.

Сонда таза энергия  алыстағы және ТМД елдеріндегі тұтынушыларға жіберілуі керек те, лас қалдықтар неліктен Екібастұзда қалдырылуы тиіс. Жасыратыны жоқ, бұл осы мәселемен тікелей айналысатын Экология департаментінің жұмысының әлсіз екендігін көрсетеді. Екібастұз халқы экологиялық қасіретті бастан кешіп отырса да, осыған немқұрайдылық танытуда.

31-шағын ауданға барсаңыз, үстіңізге күл төгіледі. Желсіз күндері қаланы қою шаң басып тұрады. Мұндай кездері демалу мүмкін емес. Соның салдарынан тұрғындардың, әсіресе кішкентай балалардың арасында тыныс алу жолдарының сырқаты жиі кездеседі.

Әзірге Екібастұздың экологиялық жағдайына басын ауыртып отырған ешкімді көрмедік. Егер қоршаған ортаны ластауға салғырттық таныта берсек, түрлі арулардың таралуына тосқауыл қоя алмайтынымыз анық.

Дария ЕРҒАЗИНА

0
0
3516

Осы тақырып бойынша