Экологияға да, экономикаға да тиімді
«Метан дәуірі» бүгінде көптеген елдердің энергетикалық дағдарыстан шығуға арналған стратегиясына айналып отыр. Ол энергия ретінде табиғи немесе ілеспе мұнай газын тұтынуға негізделген. Қазіргі таңда Нидерланды, Норвегия және Ресей жылу көзі үшін қатты отын түрлерін емес, көгілдір отынды пайдалануға көп көңіл бөлуде. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Себебі, елдегі кез келген шаруашылық үшін табиғи газды пайдалану басқа отындармен және энергия көздерімен салыстырғанда арзан әрі экологияға зиянсыз.
Табиғи газдың 92-98 пайызы метаннан тұрады. Метан – түссіз, иіссіз газ әрі денсаулыққа да айтарлықтай зиян келтірмейді. Ал біз күнделікті тұрмыста немесе өндірісте қолданатын табиғи газға адам сезіп, білуі үшін иісі бар арнаулы қоспа қосылады.
Кезінде ағаш отынды көмір, ал оны мұнай қалай алмастырса, қазір отын-энергетика саласынан олардың барлығын ығыстыруға қауқарлы «метан дәуірі» басталды. Ғылыми жетістіктерге қарасақ, атом энергиясы мен көмірді тұтынудың екінші толқыны болуы қажет еді. Бірақ экономикалық, экологиялық, тіпті, әлеуметтік тұрғыдан энергетикалық ресурстардың ішіндегі ең қолайлысы табиғи газ болып отыр. Мамандардың пікірінше, энергетикадағы метан рөлінің артуы саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Өзге де мемлекеттердің шаруашылық жүргізу барысында табиғи газды көбірек пайдалануы мұнай, газ өнімдерін экспорттаушы ел ретінде экономикамызға да тиімді. Бірақ әзірге еліміздің отын-энергетикалық ресурстарының 18,3 пайызы ғана табиғи газға тиесілі. Бұл – Статистика комитеті ұсынған мәліметтер. Сарапшылардың айтуынша, мұнай да, көмір де, тіпті, атом энергиясы да болашақта негізгі энергетикалық ресурс бола алмайды. Қалпына келетін энергия көздерімен қатар қолданыста болатын тек табиғи газ ғана.
Әлемдік мұнай-газ нарығының көрсеткіштері соңғы жылдары қатты отынды энергия тасымалдаушылармен салыстырғанда газ өнеркәсібі рөлінің артқандығын көрсетіп отыр. Энергетика миниcтрлігі 2050 жылға дейінгі болжам бойынша әлемдік энергетикада осы бір оң үрдіс сақталып қана қоймай, сонымен қатар оның арту ықтималдылығы жоғары екендігін айтады. Сол себепті, энергетика дамуындағы алдағы кезеңді сарапшылар «метан дәуірі» деп атап отыр.
Қазақстан үшін энергия тасымалдаушы табиғи және ілеспе газ аса тиімді. Олардың алынатын қорлары – 3,9 трлн текше метр, ал геологиялық ресурстар 6-7 трлн текше метрді құрайды. Газ ілеспе болғандықтан, оны өндіру көлемі мұнай өндіру көлемдерімен тікелей байланысты.
Қазақстанда газ өндіру көлемінің 70 пайыздан астамын АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропа одағы елдерінен шетел инвесторлары қамтамасыз етеді. Олар – ExxonMobil, Сhevron, Agip, BP/Statoil, Shell, Total, INPEX, Philips, ЛУКойл, Оман Ойл, Eni және басқа да ірі ұлттық және ұлтаралық компаниялар. Газ өндірісінің көлемін арттыруға септігін тигізіп отырған субъектілер – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», «Теңізшевройл», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» секілді ірі жер қойнауын игерушілер. Энергетика министрлігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы елімізде 46,4 млрд текше метр газ өндірілген. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға артық. Демек, Қазақстанның да газ өндірісінде оң динамиканы байқауға болады.
Жалпы, 2017 жылға 48,1 млрд текше метр көлемінде газ өндіру бойынша жылдық жоспарлы көрсеткішке қол жеткізудің оң динамикасы байқалады. Бұған жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың газ өндіруді арттыруға бағытталған геологиялық-техникалық іс-шаралар жүргізуі және ілеспе газды қайта өңдеу бойынша өндіріс қуатын енгізуі әсер етеді. Одан бөлек, «Біріккен химиялық компаниясы» толық қуаты 1,3 млн тонна полимерлік өнімді құрайтын 2 ірі газ-химиялық жобасын іске асыруда. «Аталған жобалар бойынша 2018-2024 жылдар аралығында құйылған инвестиция көлемі 8 млрд АҚШ долларынан астам соманы құрайтын болады» делінген министрлік таратқан хабарламада.
Бүгінде ғылымның жеткен жетістіктерінің арқасында биогаз, яғни табиғи газ алудың балама жолдары анықталды. Америкалық ғалымдардың айтуынша, соңғы жылдары атмосферадағы метан мөлшері арта түскен. BBС агенттігінің хабарлауынша, АҚШ геофизиктері қауымдастығының мамандары бұған ірі қара мал мен күріш шаруашылығы әсер еткен. Біріншісі ас қорыту барысында қоршаған ортаға метан газын бөледі. 2012 жылы ғалымдар көмірқышқыл газының концентрациясы жоғарыласа, күріштен бөлінетін метан көлемі де арта түсетінін анықтады.
«Іздегенге сұраған» демекші, ауыл шаруашылығын экономика драйверіне айналдыруды көздеген біздің мемлекет үшін бұл таптырмас мүмкіндік болар еді. Әсіресе, ірі қара мал санын арттыруды қолға алғандықтан, бұл инновациялық технологияларды пайдалану арқылы энергетикалық проблемаларды шешуге болады. Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы Агрис Прейманис бізге берген сұхбатында «Қазақстан энергияны әлі де толықтай тиімді пайдаланатын елдерге жатпайды.
Бұл нені білдіреді? Энерготиімділікті арттыруға бағытталған инвестицияларды дамыту экологиялық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ бәсекелестікті арттыруда да маңызды» деген болатын. Демек, біз табиғи газды пайдалану арқылы энегротиімділік жағынан ғана емес, сонымен бірге, өндірістің бәсекеге қабілеттілігі тұрғысынан да оң нәтижелерге қол жеткізе аламыз.
