
Әлемдік экономикалық қиындықтарға қарамастан Қазақстан үкіметі «ЕХРО-2017» көрмесін өткізуге ауқымды күш жұмсап келеді.
Оның үстіне құрылыс жұмыстары қарқын алған. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес осындай мәлімдеме жасады. Еліміздегі үшкүндік сапары кезінде ол «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының басшысы Ахметжан Есімовпен кездесіп, маңызды міндеттермен танысты. Бүгінде бұл көрмеге 48 мемлекет және 10 халықаралық ұйым қатысатындығын ресми түрде растаған. «Келер жылдың шілде айына дейін көрсеткіш 100-ге жетеді», – дейді мамандар. Ал биыл шараға қатысу туралы ресми құжатқа тағы 18 мемлекет қосылады деп күтілуде.
Висенте Лоссерталес, Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы:
- «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының жаңа басшысымен біраз мәселелерді талқыладық. Онда алдағы шарада қозғалатын өзекті тақырыптар сөз болды. Біз қазір жоспарлау сатысында емес, іске асыру кезеңіндеміз. Күні кеше құрылыс алаңында болдым. Жұмыс кестеден кешікпей, қайта озып келе жатқанын байқадым.
Айта кетейік, «ЕХРО-2017» көрмесінің тақырыбына болашақ энергиясы арқау болмақ. Себебі қазіргі әлем экономикасына, мұнай және өзге де табиғи шикізаттардың құлдыраған құны кері әсер етуде. Сондықтан екі жылдан кейін елордамызда өтетін шарада тиімді энергия көздерін қолдану тетіктері ұсынылмақ.
Рәпіл Жошыбаев, ҚР СІМ бірінші орынбасары, «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары:
- Осыған дейін біз 100-ден аса мемлекет, 10 халықаралық ұйым қатысады деп жоспарладық. Бұл жұмыс тоқтамайды. Бүгінгі күнде бізде БҰҰ құрылымдарымен «жасыл энертика» саласындағы профильді ұйымдармен келіссөз жүргіземіз. Мысалы, жақын арада ИРЕНА халықаралық жаңартылмалы энергия агенттігінің көрме қатысуы бойынша растауын күтіп отырмыз.
