Егін орағы ойдағыдай өтеді
Бұрнағы күні Орталық коммуникациялар қызметі өзінің көшпелі баспасөз мәслихатын Ақмол қалашығындағы «Ақмола-Феникс» кәсіпорынында өткізді. Онда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров егін орағының жайы жөнінде әңгімеледі.
Бір қуанарлығы, биылғы жылы астық сақтау қоймаларының саны артып, сыйымдылықтарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12,4 пайызға кеңейіп, 12,6 млн. тоннаны құрапты. Сондай-ақ, қазіргі күнде елімізде 6 млн. гектардан астам егін алқабы орылып болыпты. «Биыл барлық ауыл шаруашылық дақылдарының егіс алқабы 21,2 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде, дәнді дақылдар 14,9 млн, бидай 11,7 млн, ал майлы дақылдар егілген алқап 2 млн. гектарды құрап отыр. Мал азықтары дақылдары 3,7 млн, көкөніс, бақша дақылдары мен картоп 425 мың гектарға егілген-ді. Мұны былтырғы жылдың көрсеткіштерімен салыстыратын болсақ, жемдік жарма бұршақ дақылдары 316 мың, көкөніс, бақша дақылдары мен картоп 12,5 мың гектарға, мал азықтары дақылдары 400 мың гектарға, қант қызылшасы 7,4 мың гектарға көбейген», деді С.Омаров.
Қазір кейбір өңірлерде ауа райы құбылып тұрғаны рас. Осыған орай, ол жерлерде егін орағы біршама баяу жүріп жатқан көрінеді. Десе де, ел бойынша астық бастыру науқаны жоспарға сай жалғасын табуда. «Қазір барлық өңірлерде егін жинау науқаны жүріп жатыр. Оңтүстік өңірлерде егіс жинау науқаны аяқталып қалды. Ол аймақта қазір күріш пен жүгері жинау жұмыстары ғана қалды. Астық жинау науқаны ақырын жүріп жатқан өңірлер Ақтөбе жəне Батыс Қазақстан облыстары. Бұл ауа райының қолайсыздығына байланысты туындап отырған мəселе. Ал жалпы алғанда, 13 қыркүйектегі жағдай бойынша 6 млн. гектар жердегі астық жиналды. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңіндегі жағдаймен салыстырғанда, 250 мың гектарға артық», деді министрдің орынбасары. Шарада жиналатын астықты сақтайтын қоймалардың дайындығы да назардан тыс қалмады. Биыл ел диқандары 17,3 млн. тонна астық бастыруды көздеп отырғанын жеткізген вице-министр, қоймалардың сыйымдылығы жөнінде де айтып өтті. «Жалпы сыйымдылығы 342 мың тонна болатын астық сақтау қоймалары салынады. Ал ғарыштан жүргізілген мониторингке сүйенсек, 17,3 млн. тонна астық бастырылады деп жоспарлануда. Ал қазіргі таңда елімізде 204 нан қабылдайтын лицензияланған кәсіпорын бар, олар 13,7 млн. тонна астықты сақтауға қауқарлы.
Сондай-ақ, әрбір ауылшаруашылық тауар өндірушіде 12,6 млн. тонна астық сақтайтын қойма бар. Демек, бүгінде республикада 26 млн. тонна астық сақтайтын мүмкіндік бар. Осынау қоймалар биыл жинайтын астықты бұзбай сақтауға толық мүмкіндік береді», деді ол.
Вице-министр ел диқандары астық жинауы үшін оларға жеңілдетілген жанар-жағармай жеткілікті мөлшерде берілгенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде тауар өндірушілер ЖЖМ-мен толық қамтылған. «Биыл тауар өндірушілер жанар-жағармаймен толық қамтылды. Осы жылы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге литрі 81 теңгеден аспайтын жеңілдетілген баға бойынша 421 мың тонна жанармай бөлінді, бұл нарықтық бағадан 18 пайызға төмен. Ал былтырғы жылы ЖЖМ литріне 108 теңге бағасымен бөлінген болатын.
Осы жылдың 11 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге 276,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны жеткізілген. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникаларының 98-99 пайызы жиын-терімге толық дайын деп айта аламын. Ағымдағы жылы егін жинау науқанына 14 мыңнан астам жоғары өнімді астық жинау комбайндары шығып отыр. Бірінші қыркүйектегі ораққа дайындық шараларына қарасақ, астық жинайтын комбайндардың 99 пайызы, орақтардың және астық кептіргіштердің 99 пайызы, механикаландырылған қырмандардың 98 пайызы дайындалды, бұл өткен жылдың дайындық деңгейінен әлдеқайда жоғары. Сондықтан, егінді ысырап қылмай жинап алуға толық мүмкіндік бар. Тек ауа райы қолайлы болса болғаны», деді вице-министр. Пресс-турдың екінші бөлігінде астық экспорты жөніндегі сұрағымызды қойдық. «Өздеріңіз білесіздер, былтыр экспортталған астық көлемі 7,3 млн. тонна болған еді. Ағымдағы жылы да астықты экспорттау көлемі осы шамалас болар деп жобалап отырмыз. Астықтың экспортқа шығатын тараптары – Орталық Азия мемлекеттері мен Иран, Пәкістан елдері. Бұған қосарымыз, биылдан бастап Қытай мемлекетіне экспорттайтын астық көлемін ұлғайтамыз», деді С.Омаров.
Журналистерді қоймалардың астықты қабылдау мүмкіндігі де алаңдатты. «Расын айтқанда, астық қоймаларының бірқатары техникалық тұрғыда толық дайындалып үлгермеді. Сондықтан, ылғалмен дымқыл тартып келген дәнді кептіру мәселесі туындауы ықтимал. Осы мәселенің алдын алу үшін бидайын орып, бастырғалы отырған әр шаруашылық ылғал тартқан астықты кептіретін аппараттар мен тиісті құрылғыларды қазірден алып, дайындалғаны жөн. Ол үшін бізде «ҚазАгро» бойынша жеңілдетілген несие беріледі. Ауылшаруашылық өнімін жинаушылар осы жеңілдікті толық пайдалануына мүмкіндігі бар», деді министрдің орынбасары.
Биылғы астық шығымы өткен жылғымен деңгейлес болатын көрінеді. Бұл туралы тілші сұрағына жауап берген вице-министр, дәл қазіргі уақытта бір гектар алқаптан 10,9 центнерден дән алынып жатқанын айтып, өткен жылы бұл көрсеткіш 10,7 болғанын жеткізді. Сондай-ақ, қыркүйек айының бірінші жартысында ауа райы өте қолайлы болып тұрғанына тоқталып, жағдай өзгермесе еліміздің мол астыққа кенелетінін білдірді. Бұған қоса, Қостанай облысындағы жағдай туралы сұраққа, «13 қыркүйектегі есеп бойынша аталған өңірде 1 млн. 37 мың гектар жердің астығы орылып, қамбаға тасылып болды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама көп», деп жауап берді ол.
БАҚ өкілдері Қазақстан астықты ел екенін еске салып, соңғы уақытта 2-3 теңгеге елеусіз ғана қымбаттап келе жатқан нанның бағасын тұрақтандыру шарасы туралы да сауал қойды. «Бәріңізге мәлім, ел Үкіметі жыл басынан бері нан бағасын бақылауында ұстап, оның шамадан тыс қымбаттап кетпеуін қадағалап отыр. Нанға қатысты Үкімет ұстанымы бұдан былайда осылай жалғасатын болады. Биыл астық өнімінің көлемі көңіл көншітерліктей болғандықтан, нан бағасы өспейді деп ойлаймын. Егер ондай жағдай орын алатын болса, халыққа алдын ала хабарлаймыз», деді С.Омаров. Көшпелі баспасөз мәслихаты мұнымен ғана аяқталған жоқ. Орталық коммуникациялар қызметі журналистерді егін орағы жүріп жатқан егіс алқаптарына алып барып, диқандар жұмысымен таныстырды. Қазіргі уақытта «Ақмола-Феникс» АҚ бидай алқаптарында егін орағы қызу жүріп жатыр екен. Бұйыртса, он күннің шамасында алқаптағы астықты түгел қырманға жеткізіп алуды көздеп отыр.
Бұл жөнінде шаруашылықтың бас агрономы Денис Плужник әңгімелеп берді. «Осы кезде өздеріңіз көріп тұрғандай 32 комбайн мен 15 тасымал көлігі, тағы да қажетті техникалар жұмылдырылған. Жиналған астық іркіліссіз қамбаларға жіберіледі. Биылғы жылы акционерлік қоғам бір сағатта 10 тоннаға дейін дән кептіре алатын, бір мезгілде 6 мың тонна астықты сақтауға қауқары жететін элеваторды тұрғызып, іске қосты. Негізі жыл басында 28 мың гектар жерге дән септі. Бүгінде соның жартысынан астамы орылып болды. Өнім түсімі жөнінде айтар болсам, әр гектардан орташа есеппен 7,5 центнерден айналып жатыр. Өкінішке қарай, көктем мезгілінде жаңбыр жиі жауып, егу науқаны шамалы кешіккені есте. Мұнымен бірге, жаз айларында жауын жаумай, құрғақшылық орын алды. Осылардың салдарынан егін өнімділігі аздау болғаны рас», деді бас агроном.
Бидай алқабында жұмыс істеп жүрген техникалар жөнінде «ҚазАгроҚаржы» холдингінің өкілі Ринат Кенешов айтып берді. «Өткен 16 жыл көлемінде біздің холдинг 329,8 млрд. теңгеге 33,3 мың түрлі техникаларды алып, шаруаларға жеңілдетілген несиемен беріп келді. «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығының машина-техника парктерін жаңғырту үшін түрлі игі істер жүзеге асырылған. Шындығын айтқанда, қазіргі таңда егіс алқаптарында жүрген техникалардың үштен бір бөлігі «ҚазАгроҚаржы» холдингі арқылы алынған. Ал қазіргі егін орағындағы жағдайға келер болсақ, науқанға арнап 18 млрд. теңге бөлінді. Десек те, 1 877 техника алуға өтініштер келіп түскен. Олардың бағасын есептейтін болсақ, 25 млрд. теңгеден асып тұр. Әйтсе де, 13,3 млрд. теңгеге бағаланатын 1 347 техниканы біздің холдинг арқылы лизингтік әдіспен алу үшін келісімшарттар жасалып, жүзеге асырылды. Қазір ол техникалардың бәрі орақ науқанына қызу қатысып жатыр», деді холдинг өкілі.
Бұдан кейін, Орталық коммуникациялар қызметі журналистерге Ақмол құс фермасын азықпен қамтамасыз ететін комбинатты көрсетті. Бұл жем зауыты үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бір жыл бұрын іске қосылыпты. Бүгінде жиырма адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын сағатына 15 тонна құс азығын дайындап шығарады.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».
Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/09/16/76182
