Эффектілер: ұшқан аң, жүгірген балық...
Түсіру және монтаж технологиясында арнайы эффект барын біздер бейсана деңгейде білеміз. Әйтпесе осы күндері де - келе жатқан отарбадан қорқып қашқан Капутсин көшесіндегі алғашқы көрермендер сияқты зәреміз кетіп, тым-тырақай жанұшыра жүгіріп жүрер едік. Ендеше, үйреншікті эффектілердің қалайша жасалатынын бір пысықтап алсақ.
Хромакей (chroma key)
Жөңкілген бұлттар арасынан ауа-райын айтып тұратын сұлуларды күнде дерлік көреміз. Немесе бағзы замандардағы майдан даласынан "тікелей репортаж" көрсетіп жатады. Бұл қалайша мүмкін болады?
Ендеше бұған "хромакей" атты технология жауапты. Студияның қабырғалары біртүсті матамен қапталады (көбіне жасыл немесе көк). Жүргізуші немесе кино кейіпкері осы студияда түсіріледі. Кейін арнайы бағдарламалар арқылы біртүсті матамен қапталған қабырғалар - қажетті видеокадрлармен ауыстырылады. Төмендегі видео сөзімізді дәлірек жеткізетін болар:
Компьютерлік графика (CGI)
Толассыз метеориттердің арасымен ұшып келе жатқан ғарыш кемесі. Дәу мен машайықтың әлем-тапырық төбелесі. Ендігі сценаристер жазу кезінде қиялын шектемесе де болады. Себебі шынайы өмірде мүмкін емес құбылыстар виртуал әлемде табиғи әрі шынайы түрде жүзеге асады.
Бұл әрине, бізге шамамен 90 жылдардың орта шенінен белгілі. Бірақ компьютерлік графиканың дамуының келесі кезеңі сізге әбден қызық болуы мүмкін. Жақын жиырма жылдықта программалаудың OOP әдісі шырқау шегіне жетіп, ендігәрі виртуал актерлер пайда болады деген болжам бар. Толығымен тек компьютерде салынған актерлер мен актрисалар киноны бастан-аяқ алып шығатын болады. Оның типажы, мәнері, дауысы, әдеті, эмоциясы - барлығы-барлығы программаланатын болады. Сұмдық перспектива!
Аниматроника (CINEMAtic)
Мұны енді "әлі компьютер емес, бірақ енді қуыршақтан да алыс" десек болады. Қарабайырласақ - кейіпкердің қуыршағына түрлі механизм мен темір-терсектер салынған. Жүреді, үреді, ұшады, бақырады, әйтеуір - кибернетиканың қазіргі деңгейі беретін мүмкіндікті шегіне дейін пайдаланады. Аниматрониканың тұрмыстағы мысалы - қозғалатын күшіктердің, мияулайтын мысықтардың қуыршақтары, т.с.с. Айқын мысалын іздесеңіз, Астанадағы "Юра дәуірінің паркін" тамашалап қайтыңыз:
Қызығы сол: компьютер тұрғанда бұлардың енді не керегі бар деуіңіз мүмкін. Сүйтсек, бұл - 3D-студиялардың қызметі әлі де қымбат болғандықтан ғана өмір сүріп келе жатқан сала екен.
Bullet time
Дегенмен, технологиялық емес, таза түсіру шеберлігімен жетілдіріліп, көрермен көзайымына айналған эффектілер бар. Солардың бірі - "ұшқан оқтың бірер сәттері" (bullet time). Бұл арқылы әдетте өте тез өтетін процесстер әдейі баяулатылады да, объектілер барлық ракурстан түсіріледі. Бұл түсіру техникасына атау берген мына кадрлар екен:
Иә, Киану Ривздың бұл трюкын кім білмейді! Не дейміз, мұндайда біз "адамнан айла қалған ба!" дейміз.
