ЕҚЫҰ бақылаушылары Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери нысандарына инспекция жасайды
Бүгін Астанаға ЕҚЫҰ және АӨЫСШК мүше әлемнің 30-ға жуық мемлекетінен әскери сарапшылар мен өкілдер келді. 16-19 қыркүйек аралығында шетелдік бақылаушылар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы әскери-саяси өлшемі шеңберіндегі және «Сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары туралы 2011 жылғы Вена құжатының» ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери нысандарына инспекция жасайды.

Қазақстан Республикасының бастамасымен бұл іс-шараға қатысуға Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттердің өкілдері алғаш рет шақырылып отыр.
– Қазақстан Вена құжаты шеңберіндегі халықаралық міндеттемелерін уақтылы әрі толық орындауға барынша маңыз береді, – деп атап өтті генерал-майор Б. Майкеев өз баяндамасында. – Біз ЕҚЫҰ механизмдерінің дамып, жаңарып және қауіпсіздікті нығайтуда маңызды рөл ойнауын жалғастыруына мүдделіміз, - деді шетелдік меймандарар алдында сөз сөйлеген Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бағдат Майкеев.
ЕҚЫҰ қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Форумның бағасы бойынша Қазақстан Орталық Азия аймағындағы мемлекеттер арасында әскери-саяси өлшем шараларын қабылдау саласында көшбасшы болып отыр. ҚР Қорғаныс министрлігі еліміз аумағында 80-нен астам инспекция жасады.
ҚР Қарулы Күштерінің әскери нысандарына бару кезінде қатысушылар әскери бөлімдердің күнделікті қызметін көруге, инфрақұрылымы және оқу-материалдық базасымен толық танысуға мүмкіндік алады.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
