Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі азаматтарды қабылдады

Бүгін «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік-еңбек саласы бойынша азаматтарды қабылдау жүргізді.

Қабылдау барысында Вице-министр азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауап берді. Келіп түскен арыз-шағымдардың көпшілігі  денсаулық жағдайына байланысты мүгедектікті алуға, жұмыспен қамту мәселесі, зейнетақымен қамсыздандыру сұрақтарына қатысты болып отыр.

Қабылдауға Ресей Федерациясынан көшіп келген азамат, өзіне тағайындалған зейнетақы мөлшерімен келіспейтіндігін айтып, 100% базалық зейнетақы мөлшерін толық алғысығы келетіндігін білдірді.

Светлана Жақыпованың айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес, бұдан әрі базалық зейнетақы төлеу жүйесі өзгертілетін болады. Тиісінше, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы 2017 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өседі. «Қазіргі таңда Министрлік тарапынан 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілетін базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа тәсілін түсіндіру тұрғысында белсенді жұмыс жүргізілуде. Басты мақсат – әрбір қазақстандыққа зейнетақы мөлшері  азаматтардың еңбек өтіліне тікелей байланысты төленетіндігін жеткізу. Егер бүгінде базалық зейнетақы азаматтардың еңбек өтіліне қарамастан барлығына бірдей аударылатын болса, 2018 шілдің 1 шілдесінен бастап зейнетақы азаматтың еңбек өтіліне байланысты есептеледі», - деді Вице-министр.

Оның сөзінше, мұндай жүйе 30-40 жыл еңбек өтілі бола тұра ең төменгі зейнетақы алып отырған азаматтарға тиесілі қаражат алуын қамтамасыз етеді. Ал, 1998 жылға дейін 33 жыл еңбек өтілі бар жандарға, сондай-ақ, 1998 жылдан кейінгі тәжірибесін ескере отырып, зейнетақы құны 2 есеге өспек.

Сондай-ақ, кездесуде, мүгедек баласының аяғын протездеуге көмек қолын созуды сұрап келген азамат болды. Айта кету керек, 2008 жылы ер балаға «Тума кемістік. Аяқтың туа біткен кемтарлығы. Саусақтың бір-біріне жабысуы» диагнозы қойылған. Бүгінде қоларбамен қамтамасыз етіліп, шипажайға жолдама берілген оның алатын жәрдемақы мөлшері 34221 теңгені құрайды. Вице-министр аталған мәселенің оң шешімін табатынын жеткізді.

Қабылдау қорытындысы бойынша, Вице-министр, азаматтардың барлық өтініштерін жан-жақты зерделеп, шешу жолдары бойынша тиісті іс-қимылдар қолға алынатынын мәлімдеді.

 
0
0
335

Осы тақырып бойынша

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі азаматтарды қабылдады - Yvision.kz