Достоевский мен Данте еске түсті
Сонау бір жылдардағы өз басымнан өткен бір уақиға бүгін есіме түскені!
Гурьевте (қазіргі Атырау екенін қазіргі жастар біле бермесе де керек) ғылыми қызметте жүрген кезім. Сырқаттанып қалып, бір айдай кітап қарамадым. Сауыға бастағаннан... информация іздей бастадым. Аласұра іздедім. Бәлен ашаршылықта қаңғырған аш бөрідей аласұра, кітапхана іздеп жандалбасалап кеткенім есіме түсті. Ақпараттың аштығы қандай болатынын сонда көрдім-ау шамасы... Жаның құлазып, құла дүзде жалғыз қалғандай күй кешесің. Құсаланасың.
Қалалық кітапханаға (Гоголь атындағы ма еді... дәл есімде жоқ) барып... Достоевскийдің "Братья Карамазовы" романы мен Дантенің "Божественная комедиясына" басыбүтін сүңгіп, батып кеткенім кеше есіме түсіп... көңілім босады! Сол сәттердегі өз күйіме жаным ашыды. Анау-мынау емес, алыптардың мұхит дүниесіне барып бас-көз демей шомып кеткенім, оларды... түртінектеп коспектілеп, астын сызып оқығаным дәл қазір өзіме де таңқаларлық құбылыс болып тұр. Ол бір жан ауруының белгісі ме деп те қалам...
Сол алапат оқудан есімде қазір қалғаны:
"Братья Карамазовы" - нағыз философиялық трактат, тек әдеби тілде жазылған. Адамның табиғаты мен ақыл-ойының ғаламдық арпалысы өте терең трагедия ретінде беріледі. Жалпы, Достоевский шығармаларын көп оқыдым деп айта аламын. Жаныма жақын. Бірақ жұмбағы әлі өте көп.
Ал "Божественная комедиядан" - Дантенің Беатричеге деген махаббаты. "Платоническая любовь" дейтін бе еді ондайды?.. Және... айрықша әдеби стилі мен тілі. Еміс-еміс есімде. Тағы бір қарау керек пе...
Өкіндім - біраздан бері әдеби шығарма оқымай қойдым. Саналы түрде оқымадым. Жастық шақтағы алапат оқу "өтіп кетті". Заман да ақ пен қарадай өзгерді. Енді қалыптасты ма деген дүниетаным астаң-кестең аунап түсті. Өзімді жоғалттым. Өзімді өзім іздеп табуым керек болды.
Заман мынадай, аумалы-төкпелі болып тұрғанда, әлі де шұғыл оқуға зауық жоқ. Өз ойыммен өзім арпалысып келем...
